Мьянмада болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2 мыңнан асты

28 наурызда Мьянмада болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2 мыңнан асты
Кейінгі мәліметтерге сәйкес, 2056 адам көз жұмып, 3900-ден астам адам жарақат алды, ал 270 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Зілзаладан кейін елде бір аптаға созылатын ұлттық аза тұту жарияланды.
Жер сілкінісінің магнитудасы 7,7 баллды құрады, ал алғашқы дүмпуден кейін 6,4 баллдық афтершок тіркелді. Жер асты дүмпулері көршілес Қытай, Таиланд, Вьетнам және Үндістанда да сезілді. Таиланд астанасы Бангкокта салынып жатқан зәулім ғимарат құлап, 17 адам қаза тапты, 32 адам жараланды, ал 83 адам хабар-ошарсыз кетті.
Ғалымдар Мьянмадағы жер сілкінісінің себебін Үнді субконтинентінің солтүстікке қарай жылжуы нәтижесінде пайда болған тектоникалық өзгерістермен байланыстырады. Бұл аймақ сейсмикалық белсенділігімен танымал, онда күшті жер сілкіністері жиі болады.
Қазіргі уақытта құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасуда. Үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін арнайы жасақтар мен еріктілер жұмылдырылған. Табиғи апат салдарынан көптеген ғимарат қирап, инфрақұрылымға айтарлықтай зақым келген. Билік пен халықаралық ұйымдар гуманитарлық көмек көрсету шараларын ұйымдастырып жатыр.
Бұл апат Мьянма тарихындағы ең ауыр зілзалалардың бірі. Халықаралық қауымдастық Мьянма халқына қолдау білдіріп, көмек көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.