Мықты екеніңді көрейін Түркістанға бас мұғалім бол!
«Мықты екеніңді көрейін, Оңтүстікке әкім бол», дегенді Бердібек Сапарбаев айтыпты деген сөз бар.
Дәл қазіргі уақытта осы сөз Түркістан облысының білім саласына құйып қойғандай келіп тұр. Мықты екеніңді көрейін, Түркістанға бас мұғалім бол!
Соңғы жылдары Түркістан облысының білім саласынан көп шу шықты. Жеті жастағы баланың зорлануын алыс-жақын шетелдік ақпарат құралдары да жазды, Мемлекет басшысы пікір білдірді. Арыз-шағым жазу жағынан облыстың білім саласы алдыңғы орындарды бермей келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қызметіне келген соң, осы салада тың өзгерістер жасағысы келген сияқты. Басқарманың атауы адами әлеуетті дамыту деп ауыстырылды. Басшыны сырттан алып келді. Алайда бұл тәжірибе өзін-өзі ақтады ма?
Өткен аптада Түркістан облыстық білім басқармасының (адами әлеуетті дамыту басқармасының) басшысы, көпшілік үлкен үміт күткен Рахымбек Жолаев қызметінен кетті. Экс-басшы әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің тілеулестерімен жылы қоштасып, әлдебір қоғамдық бірлестіктің төрағасы болғанын жария етті. Экс-басшы өсіп кетті деуге келіңкіремейді. Ал қызметтен кетуіне не себеп болды?
Рахымбек Жолаев облыстық білім басқармасының басшысы қызметіне 2019 жылы тағайындалған болатын. Келген кезде алдына нақты жоспар қойып, өзінің турашылдығын, іскерлігін байқатқандай еді. Алайда бас ұстаздың сөзі мен ісі бір-біріне қабыспады. Жолаев келгеннен кейін, дәлірегі 2021 жылдан бастап барлық аудандық білім бөлімдері аудан әкімдіктерінің қарамағынан тікелей облыстық білім басқармасының құзырына өтті. Осы өзгерістің қарсаңында Adalbilim жобалық офисінде өткен онлайн жиында «Білім бөлімдері басқармаға өткен соң, жұмысты неден бастайсыз?» деген сауалға Жолаев Жолаев: «Аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастаймын. Өйткені бізде бір аудандық білім бөлімі басшысының дипломының жалған екендігі әлеуметтік желіде жазылды. Басшы бірнеше айға қызметінен шеттетілді. Кейін дипломының жалған екендігі расталды. Сотта білім басшысы жеңіп шықты. Аудан әкімі осыдан кейін оны қызметіне қайта қойды. Қазір ол азаматша жұмысын істеп жатыр. Дипломының жалған екендігі рас», — деген болатын. Бұдан әрі ауыл мектептеріндегі директорлар мен ұстаздардың 80 пайызы сырттай оқығанын, олардың білімін тексеру қажеттігін мәлімдеді.
— Білім бөлімі басшыларының біразы білім саласында жұмыс істемеген. Бірнешеуі мұғалім болып, 45 минут сабақ беріп көрмеген. Белгілі себептермен білім бөлімінде әдіскер, маман болып, ары қарай басшылыққа тағайындалғандар. Ондайлар жұмыс істемеуі керек, — деді Жолаев. Осыдан кейін жұрт Жолаевтан ерлік күткен еді. Алайда Түркістанның бас мұғалімі елдің үмітін ақтамады.
Жолаев қызықтың көкесін білім бөлімдері басқармаға өткен соң көрсетті. Ол алғаш болып «өмірінде 45 минут сабақ беріп көрмеген», басқармаларда әртүрлі қызметтер атқарып жүрген Баянғали Жұмабаевты Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы етіп тағайындады. Ал, дипломы жалған деген Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Амановамен басқарма ұзақ соттасты. Бірақ Аманова қылмыстық жауапкершіліктен де құтылды, қызметін де сақтап қалды.
Жолаев әкімдікте өткен жиындарда мектепке қызметкерлерді арнайы портал арқылы қабылдаудың жүзеге асып жатқанын, бұл жүйені Президент әкімшілігінің мақтап, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратуды тапсырғанын айтумен болды. Алайда бұл жүйені де мінсіз деуге келмейтін еді. Бұған порталды түрлі қитұрқылықтармен айналып өтіп, парамен ұсталған мектеп директорларына шығарылған сот үкімдері айғақ бола алады. Тіпті, «ақша жинайды», «пән олимпиадаларының дипломдарын сатады» деген күдікке басқарманың жауапты қызметкерлері де ілікті. Айтылған сөз басқа, іс басқа.
Жолаевтың өзіне тікелей бағынышты аудандық білім бөлімі басшыларымен тіл табыса алмағаны байқалды. Ол былтыр Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховты жұмыстан заңсыз босатып жібереді. Басшы сот шешімімен қызметіне қайта оралды. Бірақ келген бойда журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен қамауға алынды. Түркістанның білім саласында мұндай масқара жағдай болады деген ешкімнің ойына келмегені айдан анық. Карантиннің кезінде оқушыларға қашықтан оқыту үшін сатып алынған ноутбуктердің шуы да елді дүрліктірді. Бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ. Енді Жолаевтың орны кімге бұйырар екен? Қайбір жылы облыстың бас мұғалімінің креслосы сегіз ай бойы бос тұрған еді. Бұл жолы қанша уақыт күттірері бір Аллаға аян. Мықты екеніңді көрейін, Түркістанның білім саласына басшы болып кел!
P.S. Жолаев қызметінен кеткеннен кейін, осы аптаның сейсенбісінде Сайрам ауданы Ошақты ауылындағы мектепте қайғылы жағдай орын алды. Мектептің қазандығында жарылыс болып, алпысты алқымдап қалған от жағушы қаза тапты. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Сайрам аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлжан Сапарбековпен байланысқан едік. Оның айтуынша, арнайы комиссия мән-жайды анықтап жатыр. Екіарадағы әңгімеден түйгеніміз, қазіргі уақытта мектептердің жылу мәселесімен аудандық білім бөлімі айналысады. Ал аудан әкімдіктері бұл іске араласпайды. Кейбір аудандарда жүзден астам мектеп бар. Бұған жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жекеменшік балабақшаларды қосыңыз. Осының бәрін жалғыз бөлім қадағалай ала ма? Жалпы, аудандық білім бөлімдерін аудан әкімдіктерінің қарамағынан алып, тікелей облысқа бағынышты ету — өз-өзін қаншалықты ақтады? Бұл мәселе өз алдына бөлек тақырып.