Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:40, 11 Ақпан 2022

Мықты мамандардың аяғына тұсау болып жатқан жоқ па?

None
None

Павлодар облысының билігі жергілікті кардиологтарға «күн көрсетпей» келеді. Осы уақытқа дейін бірнеше мықты маман қызметімен қош айтысып, тіпті темір тордың ар жағына тоғытылды.

Енді тағы бір білікті дәрігердің мансабы күрт үзілмек. Мұны білген бір топ кардиолог президенттің атына бейнеүндеу жариялады.

Осыдан тура 10 жыл бұрын Павлодар қаласында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы арқылы салынған кардиологиялық орталық елімізде теңдесі жоқ емдеу орнына айналды. Бұл орталықта Павлодардың ғана емес, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да түрлі ем-дом алады. Заманауи құралдармен жабдықталған ауруханада ең күрделі оталар жасалады. Дәрігерлердің басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасымен шетелде біліктілігін шыңдап келген білікті мамандар.

Таяуда кардиологиялық орталықтың директоры Әділжан Әлбазаров бастаған бір топ ақ халаттылар тағы бір тұрғынды ажалдан аман алып қалды. Олар – Семей қаласының 39 жасар тұрғыны Қайрат Қайранбековтің жүрегіне бұған дейін елімізде қолға алынбаған бірегей ота жасады. Жүрек қалқаны ауыстырылып, оның орнына қалқанның жасанды түрі қойылды. Халықаралық тілде мұндай операцияны «пілдің қатқан тұмсығы» деп атайды. Мұндай операцияны жасауға кез келген дәрігердің жүрегі дауалай бермейді. Себебі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жүрек қалқаны қатпарланған науқастардың – 97 пайызы тіл тартпай кетеді. Бірақ павлодарлық кардиохирургтар бұл дертке төтеп берді. Олар науқастың дене температурасын 25-28 градусқа дейін түсіріп, қан айналымын толығымен тоқтатты. Мидағы қан ғана тоқтаусыз жүрді. Төрт сағатқа жалғасқан операция сәтті аяқталып, алты баланың әкесі аман қалды. Негізгі бағасы – 9 млн теңге болатын бұл ота міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды.

– Отаның ойдағыдай өтіп, қиындықтың бәрі артта қалғанына әлі күнге дейін сене алар емеспін. Барлық жағдайымды жасап, өміріме араша түскен дәрігерлерге айтар алғысым зор. Әділжан Бауыржанұлы бастаған білікті дәрігерлердің жұмысына табыс тілеймін, – деген Қайрат Қайранбеков дәрігерлерге ақ тілегін білдірді.

Әйтсе де, елімізде алғаш рет бірегей отаны жасаған кардиохирург Әділжан Әлбазаровтың жұмысы жергілікті шенеуніктерге жақпай қалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы кардиологиялық орталық директорымен жасалған келісімшартты біржақты үзді. Бұған облыс әкімдігінің ішкі аудиті жүргізген тексеріс жұмыстары себеп болды-мыс.

  • Әділжан Бауыржанұлы – кәсіби шеберлігі жоғары дәрігер. Ол – біздің облыс үшін таптырмас білікті маман. Бірақ кардиохирург ретінде мықты болғанымен, басшы қызметінде көріне қойған жоқ. Ол тек науқастардың өміріне емес, мекеменің қаржылық жағдайына да жауапты. Бірақ мұны ұмыт қалдырғанға ұқсайды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазынов.

Оның айтуынша, жүргізілген тексеріс жұмыстары бірқатар кемшілікті көрсетіп берді. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын орталық – 400 млн теңге тұратын ангиограф сатып алыпты. Құралды қабылдау туралы құжатқа да қол қойылған. Әйтсе де, бұл құрал әлі күнге дейін іске қосылмаған көрінеді. Сол сияқты кардиологиялық орталықтың басшылығы лицензияның аяқталар күнін ескермеген. Соның салдарынан, мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурсқа қатыса алмады. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры сол үшін айыппұл да салды. Өткен жылы емдеу орнының күрделі жөндеуін жүргізуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлінгенімен, құжат әлі дайын емес. Сондықтан биыл жөндеу жасалмауы мүмкін.

– Әділжан Бауыржанұлының көп уақытын науқастарға бөліп, менеджер ретіндегі жұмысын ысырып қойғаны байқалады. Кез келген дәрігер басшы бола алмауы мүмкін. Біз бұл жағдайдан сабақ алдық. Енді басшыларды тағайындайтын кезде экономикалық және заңгерлік білімінің бар-жоғына мән беретін боламыз, – дейді басқарма басшысы.

Бірақ мұндай «қателіктердің» барынан басқарма басшылығы бейхабар болды деуге сену қиын. Сонда бір жыл бойы кардиологиялық орталықтың жұмысын үйлестіруі тиіс басқарма ай қарап отырды ма? Пандемия кезінде Әділжан Әлбазаров бастаған дәрігерлер тек жүрек ауруына шалдыққан науқастарға емес, коронавирустық инфекция жұқтырғандарға да көмек көрсетіп, инфекциялық госпитальдің рөлін атқарғанын ұмыт қалдырды ма? Қайткенде де, бұл іске қатысты жауапсыз сұрақ көп.

Бас дәрігермен келісімшарттың біржақты үзілгені былай тұрсын, оның үстінен Қылмыстық Кодекстің 189-бабы бойынша іс қозғалған екен. Жергілікті қаржылық мониторинг департаментінің мәліметінше, 2022 жылдың 24 қаңтарында Павлодар кардиологиялық орталығында құралдың іске қосылуына бөлінген бюджеттік қаржының жымқырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Оған Павлодар облысы әкімдігінің ішкі аудит қызметі жүргізген аудиторлық тексеріс нәтижесі негіз болды. Аталмыш бапқа сәйкес, айыпталушылар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Мұны естіген кардиологиялық орталық қызметкерлері үндемей қала алмады. Бір топ дәрігер президенттің атына бейнеүндеу жолдап, бұл мәселені бақылауға алуды сұрады.

– Соңғы бірнеше жыл бойы біздің орталық қыспаққа алынып келеді. Жақында ғана оны №3 қалалық ауруханамен қоспақ болды. Мұндай жағдайда жүрек ауруларын емдейтін мекеменің қызмет көрсету сапасы күрт төмендеп кетер еді. Орталық басшылығына – Әділжан Бауыржанұлы келген соң, бұл мәселелер саябырлаған еді. Бірақ әкімдік аудит жүргізіп, басшымызды жұмыстан шығарды. Біздің ойымызша, бұл тексеріс үстірт жүргізілді. Мекеме басшылығының әр пункте қатысты келтірілген нақты дәйектері ескерілген жоқ. Біз талай адамның өмірін құтқарып қалған, жоғары білімді, кәсіби шеберлігі мол басшының қызметіне қайта оралғанын қалаймыз. Ол – науқастарды ажалдан аман алып қана қоймай, жас мамандармен тәжірибе бөлісіп, мықты мектеп қалыптастыра білді. Осы бағыттағы жұмысын жалғастырса екен дейміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізден Павлодар облысының денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға назар аударуыңызды сұраймыз, – деді, бір топ дәрігер.

Бұдан соң, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазынов бірден ұжыммен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Бірақ орталық қызметкерлерінің сөзінше, шенеуніктер мардымды ештеңе айта алмаған көрінеді.

Бұл – жергілікті билік пен кардиологиялық орталық арасында туындаған алғашқы текетірес емес. 2012 жылы дәл осы орталықтың алғашқы директоры болып, кардиологиялық мекеменің жұмысын оң жолға қойған – Ораз Мұқашев кейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Сол қызметте жүріп, 3 млн теңге пара алғаны үшін үш жылға сотталды. Тергеу барысында кінәлі емес екенін дәлелдемек болып, жағдайы нашарлап, ауруханаға да түсті. Қазіргі кезде түрмеде отыр. Ал 2019 жылдың қараша айында кардиологиялық орталықтың тағы бір директоры – Әділ Дүржанов декреттік демалысқа кетуге мәжбүр болды. Олай болмаған жағдайда, ол да құқық қорғау органдарының қудалауына түсер еді. Ал орталықты осы уақытқа дейін басқарған Әділжан Әлбазаровтың жағдайы не болары, әзірше, белгісіз. Бір анығы – Павлодар облысы, жалпы ел мықты кардиохирургтардан айырылып жатыр. Енді талай адамның жүрегін кім емдеп, кім өміріне араша түседі?!

Тегтер: