Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 16 Мамыр 2023

Мырзахметов. Кесірткенің құйрығы туралы аңыз

None
None

Өткен аптада Абылай Мырзахметов деген дүр 30 миллион доллар парамен қолға түсті.

Ақша құнсызданып кетті ме, әлде жуандардың араны ашылып алған ба? Бұлардың алатын да, беретін де парасынан қорқатын болды жұрт. Бұрын 30 мың, 300 мың доллар пара беріпті десе, жағамызды ұстаушы едік. Қазіргілеріне, тіпті тіл келмейді: 30 миллион доллар деп жазудың өзі қорқынышты сияқты!

Пара берген адам белгілі дейік. Ал ақша талап еткен, қомақты сома алғысы келген адам кім болды екен? Мұдай көл-көсір ақшаны алатын кісі де зордың біреуі болып тұр. Кейбір ақпарат көздерінде Мырзахметов «жеңгетайдың» ба, «делдалдың» ба қызметін атқарған деген әңгімелер айтылады. Шамалап есептегенде, отыз қап ақшаны қарапайым судьяның ала алмасы анық. Алатын кісіні зор дегеніміз – сол.

Ал пара берген Мырзахметов жақта кімдер тұр? Бұл арада пара берген мен пара талап еткен «таразының» екібасы тең түсіп тұрғаны анық. Екі жақ та оңай шағылатын жаңғақ емес. Әйтпесе, Абылай Мырзахметовке мұндай тірлікке көзсіз араласатын көзсіз батыр болу қайда? Бұған дейін де тұмсығы тасқа тиіп, аузы күйген Абылай ол...

Еміс-еміс әңгімелерден «Мырзахметов отыз миллион долларды Қайрат Боранбаевты түрмеден босатып алу үшін бермекші болыпты» дегенді құлағымыз шалып қалған еді. Жазылды да. Демек Мырзахметовтің артында «ескі әулет» тұр деген сөз. Боранбаев пен Назарбаевтардың құдандалы екені жұртқа аян. Мырзахметовты қолбала қылып ақша тасытып қою өздерінен зордың болмаса, өздерімен терезесі теңдердің қолынан келмейтін шаруа. Мырзахметовтер де кім көрінгенге қолбала болатын әулет емес еді. Ағасы Асқар Мырзахметов елші, ауылшаруашылық министрі, облыс әкімі, премьер-министрдің орынбасары, «Нұр Отан» партиясының басшысы сияқты жуан қызметтерде болған. Ал бауыры ылғи жіліктің майлы басында.

Бұл Мырзахметов қазақтың ханы Абылай сияқты түйе баққан жоқ. Түйедей қызметтерде болды. Қазақстан теміржолын сауын сиырға айналдырған кезін айтсақ, күнәсін шойын жол көтере алар ма екен? Көлік және коммуникация министрі болып тұрған 2002 жылдары 40 млн доллар асап қойыпты деген шу шығып, оның 10 млн доллары дәлелденіп, Әбекең сотталып кете жаздаған. Айыптаушы он жыл сұрап еді, түкірігі жерге түспей тұрған Мырзахметов шығынды орнына қоятын болып, жазадан құлан-таза құтылып кетті. Бар-жоғы 3 жыл шартты жаза кесіп, босатып жібереді. Елуді енді ғана еңсерген Мырзахметовтің сол кезде жасы небәрі отыздан жаңа асқан шағы екен. «Отызында орда бұзды» дегенді бұлар заңсыз жолмен тапқан, осындай байлықпен бағалайтын шығар, кім біледі. Отызында қырық миллион жеген жемқорға елуінде отыз миллион жұмырына жұғын болсын ба? Тіпті аз сияқты. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деуден аулақпыз. Бірақ «Ат баспаймын деген жерін үш басар» десек, Мырзахметов шамдана қоймас.

Отыз миллион доллардың көлемін отыз бір жылдан бері өлместің күнін кешкен қазаққа түсіндіру қиын. Ресми ақпарат көздері мұны 13,3 млрд теңгемен теңестіріпті. Бұл қаржыға 14 мектеп салуға болады деп есептегендер де бар. Мал баққан қазаққа қойдың немесе жылқы мен сиырдың санымен есептеп түсіндіру жеңілдеу. Бір жылқының басын 400 мың теңге десеңіз, Мырзахметов параға апарған ақшаға 33 250 жылқы сатып алуға болады екен. Қазақта он мың, жиырма мың жылқы біткен байлар туралы аңыздар айтылатын, Мырзахметовтер сол аңыздың басына шыққысы келді ме екен...

Мырзахметов сол 2002 жылы істі болған кезінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, ел қазынасынан 1,1 млрд теңге ұрлағаны дәлелденген. Бірақ Рахат Әлиевпен жақындығы оны түрмеден құтқарып қалды деп жазды кейбір ақпарат құралдары. Қанша істі болып, шартты жазамен сотталса да, Абылай Мырзахметовтің қылы қисайған жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы болып 9 жыл отырды. Парамен былғанып, мансап жолына қара таңба түскен адамның қайтадан бағы жанып, жұлдызы жарқырайтын жағдай – Қазақстанда ғана бар шығар? Әйтпесе, парақор министр деген жаман аты шыққаннан кейін бұл мемлекеттік қызметтерге жақындай алмас еді.

Жіліктің майлы басынан былтыр қаңтар қырғынынан кейінгі ауыс-түйіс кезінде кетті. Содан бері жұмыссыздар қатарында көрінеді. Осы жолы құрықталғанда, Мырзахметовті Құлыбаевтың адамы, «оң қолы» деп жазды телеграм арналар. Абылай Мырзахметовтің парамен ұсталуы – ескі Қазақстанға жасалған шабуыл немесе сеске көбірек ұқсайды деп түсіндірді кейбір саясаттанушылар. Қалай болғанда да Абылай Мырзахметовтің отыз миллион доллар парамен қолға түсуі, Боранбаевты құтқарып қалмақ болғаны өзінің тәуекелі емес сияқты. Бұл қадамға ол мәжбүрлі түрде барғандай көрінеді сырт көзге. Немесе әулеттің кезекті құрбандығы.

Саясаттанушы Ерлан Саировтан «Абылай Мырзахметовтің құрықталуында қандай саяси астар бар, «30 миллион доллар парамен Боранбаевты құтқарып қалмақ болды» деген дерек – Мырзахметовтің үлкен әулетке қызмет ететінін көрсете ме?» деп сұрадық. Мәжіліс депутаты бұл қадам Құлыбаевтарға жасалған ескерту деді.

«Қазақта «Жел соқпаса, шөптің басы қозғалмайды» деген мақал бар. Сондықтан бұл қадам қандай да бір азаматтардың арасында әрекет жасауға ұмтылу болуы мүмкін. Абылай Мырзахметов Тимур Құлыбаевтың қол астында қызмет еткен. Сондықтан Құлыбаевтың әулетіне жасалған белгі болуы да ықтимал. Отыз жылдың ішінде бұл әулет Қазақстанның қаншама ұлттық байлығын өздерінің қалтасына басты. Қазір ел алдында осы азаматтар елдің ырысын мемлекетке қайтару керек деген қоғамдық пікір басым. Осы пікірді ескере отырып, билік «ескі Қазақстан» өкілдеріне нақты белгі беріп жатқан болуы мүмкін» деп түсіндірді...

Кесіртке деген жәндік бар. Басына қауіп төніп, жаны қиналғанда, кішкентай жәндік құйрығын құрбандыққа шалып, жуан түбінен шорт кесіп тастайды да, өзі қашып құтылуға тырысады. Ең соңғы айласы сол ғана. Бірақ құйрығы қайтадан өсіп шығатын құдіреті тағы бар. Мырзахметовті де біреулер «кесіп» тастаған жоқ па екен? Бір рет өсіп шықты, бұл жолы қайтер екен?

Тегтер: