Мысықтілеу Мәсімов
«Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» адамдар болады. Құдды аңыз-ертегілердегі жағымсыз кейіпкерлер сияқты.
Әсіресе билікте көп ондайлар. Мәселен, бұрын Кәрім Мәсімов деген шенді қай салаға барса да халықтың қарғысына қалып, жұрттың ашу-ызасына тиетін-ді. Бірақ одан Мәсімовтің мұрты қисаймады. Қайта, Кәрім әкә борсық сияқты ұрған сайын семірді. Семірген сайын ұрдық. Қазақша қақпаған соң ба, Қажымқанұлына бәрібір еді. Айттың не, жаздың не, пысқырмайтын.
Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаевтың өте сенімді адамы болғанын жұрт жақсы біледі. Сенімді адамы болмаса, Қазақстанның ең құпия қызметін басқара ма? Сонымен қаңтар қырғынында үлкен «ерлік» көрсеткісі келген Кәрім Қажымқанұлы қазір тергеуде жатыр. Тергеу кезінде оның осы уақытқа дейін жасаған қылмыстары бір-бірден әшкереленуде.
Мәселен, Арман Шораев «Сұрауы бар» деген YouTube каналға берген сұхбатында Мәсімовтің 4 млн гектар жерді Қытайға бермек болғаны туралы айтады. Ойдан өтірік құрайтын Тазша емес Арман Шораев. Ол да бірдемеге негізделіп, нақты дерекке сүйеніп айтып отыр. Кәрім Мәсімов Қазақстанды іштен ыдыратып билеп-төстеуді көздегені анық.
Арман Шораевтың әңгімесіне қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы мемлекетті шайқалтудың алғашқы қадамын осыдан 8 жыл бұрын бастапты.
– 2016 жылы елімізде жер дауы болғанда, Кәрім Мәсімов 4 миллион гектар жерді Қытайға бере салуға барлығын дайындап қойды. Жерді былай қойғанда, 1 гектарға Қытайдың екі азаматы квота арқылы Қазақстанға ресми түрде кіре алатын еді. Сонда 8 миллион қытай азаматы біздің елге көшіп келе алар еді. Көшіп келген соң, 10 жылдың ішінде ол 14 миллион болып шыға келмей ме?! Соның салдарынан, Қазақстан, шынымен, өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалуы әбден мүмкін болды ғой, – дейді қоғам белсендісі.
Тергеудің әлі жүріп жатқанын ескерсек, Кәрімнің Қазақстанды күйрету үшін қандай жоспар құрғанын әлі-ақ естіп білетін болармыз.
– Қаңтар қырғыны кезінде не істегенін, Ақордаға қандай қауіп төндіргенін, бүлік шығару үшін шетелден кімдерді шақырып, бүлікшілерге қандай қару-жарақ, қанша ақша бергеніне дейін айтылар, анықталар. Қоғам белсендісі Кәрім Мәсімов шетелдің жансызы екенін де тұспалдапты. Оның сөзінше, Мәсімов Қазақстанды бөлек мемлекет ретінде ешқашан мойындамаған көрінеді. «Мүмкін, бір келісімдер болды ма, Қазақстанды ыдыратып, басқа елдің бөлшегі ретінде өткізе салғысы келді ме екен? Бөлінген жерді басқару сияқты ойлары болған болуы мүмкін, – дейді сөзін сабақтаған А.Шораев.
Жер бетінде ең соңғы қазақ қалғанша, мәсімовтердің Қазақстанға президент болмайтыны екібастан анық әңгіме. Бірақ Кәрім Қажымқанұлы қазақтың көгеріп-көктеуіне ешқашан ықыласты болған емес. Неге екені белгісіз, Назарбаевтың шексіз билігі тұсында шыққан тегі түсініксіз адамды қазақ қылу үшін әртүрлі аңыз-ертегі құрастырылды. Экс-елбасының өзі оның руын найман, арғы атасы би болған деді. Кәрім де, Назарбаев та сенбейтін өтірікке сол кезде бәрі күлді. Мәсімов күлкі бола тұрып, кейбір басылымдарға өзінің қазақ екенін дәлелдегісі келді...
2007 жылы Кәрім Мәсімов Үкімет басшысы болып тағайындалғанда, кейбір саясаттанушылар тарапынан «Мәсімов кім?» деген сыңайдағы талдау мақалалар жарық көрді. Мәселен, белгілі сарапшы Аркадий Дубнов «Время новостей» газетінде: «Кәрім Мәсімовтің ұлты қазақ емес, ұйғыр. Ал оның қытай, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергенімен қазақ тілін қақпайтыны біраз жайтты аңғартады», – деген-ді.
Ал «Азия Аналитика» қорының сарапшысы Дмитрий Верхотуров: «Ең маңыздысы – Мәсімовтің ұлты ұйғыр, ол Шығыс Түркістан немесе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының ұйғырларымен арада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл, өз кезегінде, Қытай мен Қазақстанның экономикалық байланыстарын дамыта түседі», – депті.
Бірақ біздің билік Кәрімнен қазақ жасағысы келіп, әбден әлектенді. Ал әкесі Қажымқан Қасымұлы ертеректе «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында өздерінің шыққан тегін тәшкендік қожалар екенін, аумалы-төкпелі жылдары Құлжаға ауып барғандарын айтқан болатын-ды.
Үркіншілік жылдары Кәрімнің атасы Қасым жетім қалып, ағасы екеуі әуелі ұйғырлардың қолында, кейін балалар үйінде өсіпті-мыс. Қажымқанұлы келінінің, яғни Кәрімнің әйелі ұйғыр екенін мойындапты. Қожа болсын дейік. Бірақ қожалар қазақта ғана емес, өзбекте де бар екенін ескерте кетейік… Мәсімов билікте жүріп, шексіз байлық жиған адамдардың бірі. Биыл қыста тұтқындалғанда, оның жеке мүлкі де тәркіленді. Айталық, құны 2,5 млрд теңге тұратын жекежай, 11 қымбат көлік, 17 миллионнан астам ақша, жақындарынан 5 млн доллар тәркіленген. Бұл Мәсімовке тиесілі тәркіленген мүліктің бір бөлігі ғана. Оған қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша іс қозғалғанын айта кетейік.
Мәсімов туралы мәлімет іздегенімізде, көзімізге тағы бір-екі қызық дерек түсті. Мәселен, Целиноградта туған Кәрім мектепті Алматыда бітіріп, кейін университетті Мәскеуде оқиды. 1988-1989 жылдары Кәрім Мәсімов Бейжіңде білім алады. Еңбек жолын да Қытайда бастайды. Мемлекеттік қызметке келгенге дейінгі жұмыстарының бәрі Қытаймен байланысты болған. Ізденген адамға Кәрімнің түйіндемесінде мұның бәрі тайға таңба басқандай, анық жазылып тұр. Біздің көзге түскен ақпарат көңілге күдік тудырғаны анық. Өйткені Қытаймен байланысты қызметтерде жүрген адам мемлекеттік қызметке келе салып, 7 жылдың ішінде қалай премьер-министрге дейін көтеріледі? Тіпті Қазақ мемлекетінің құпия қызметін басқарды. Адам жеті жылда мектеп те бітірмейді. Демек, Кәрім Мәсімовтің артында үлкен күш тұрған. Ол күш Кәрімнің қуаттанып, шексіз байлық жинап, шексіз билікке кенелуіне мүмкіндік тудырып отырған болуы ғажап емес.
Біздікі долбар ғана. Бірақ мұның бәрі тергеуде анықталып, тергеу нәтижелері жалпыға жария болуы керек. Өйткені қазаққа дұшпандық қылған, Қазақстанды жеке билеп-төстегісі келген, қанды қасап жасаған кез келген мысықтілеу басшы мен оның айналасындағылардың бет-пердесі шешілмей, «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Мәсімовтің саяси сықпыты, міне, осындай.