Нәбижан Мұқаметханұлы: Энергетика саласында Қытай Қазақстанға мүдделі
Өткен жылы еліміздің сыртқы саясатындағы жаңалықтың бірі – Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимнің орнауы.
Бұл жаңалықты халықтың бір бөлігі қуана қабылдаса, қалғаны ел болашағы үшін алаң болып, наразылығын білдірді. Осы орайда Қазақстан мен Қытай қатынасы және қытайтану ғылымының бүгінгі беталысы туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан құрылған Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры Нәбижан Мұқаметханұлымен сұхбат құрдық.
– Қытай билігі Орталық Азия елдері мен экономикалық әріптестігін күшейте бастады. Өткен жылы біздің ел Қытаймен визасыз режим орнатты. Cоған байланысты қоғамда үрей пайда бола бастады. Сіз бір сұхбатыңызда «Қытай қаупі» деген ұғымнан қорықпау керек» деген екенсіз. Десек те, Қазақстан Қытаймен арадағы қарым-қатынаста өз мүддесін қаншалықты қорғай алады? Қандай мәселені ескерген жөн?
– Қытай мен Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына отыз екі жылдан асты. Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар үздіксіз дамып келеді. Екі ел қатынастарының деңгейі ең алғашқы тату көршілік қатынастан қазіргі таңда стратегиялық әріптестік қатынасқа көтерілді. Демек, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жан-жақты дамуына визалық режим еш кедергі келтірген жоқ. Ал визасыз режим басталғаннан бері екі ел азаматтарының өзара барып-келулері көбейе түсті. Алайда Қытайдағы этникалық қазақтардың Қазақстанға келіп-кетуіне қолдан жасалған кедергілер әлі сақталып отыр, олар басқа азаматтар сияқты кез келген уақытта шекарадан өте алмайды. Өйткені олар алдымен шетелге шығу паспортын өтінішпен алуы керек. Одан соң қатысты органдардан рұқсат сұрауы шарт. Рұқсат берудің де өзіндік күрделі шарттары бар.
ҚХР Орталық Азиядағы елдермен, әсіресе Қазақстанмен іскерлік байланысын дамытуға бұрыннан көңіл бөліп келеді. Әсіресе соңғы жылдары Қытайдың халықаралық геосаяси жағдайындағы өзгерістерге байланысты, олар Орталық Азия елдеріне, Қазақстанға басымдылық беріп отыр. Өйткені Қытай шетел энергетикасына қатты мұқтаж мемлекет. Қазірге дейін өздеріне қажетті энергияның 60-70%-ын сырттан тасымалдайды. Қазіргі халықаралық жағдай Қытай үшін тым тиімсіз болып барады. Сондықтан олар энергетика саласында басымдықты Ресейге және Орталық Азия елдеріне бұрып отыр. Тіпті Каспий теңізі арқылы Иран мұнайын Орталық Азия елдері арқылы Қытайға өткізу жоспары бар. Міне, осы тұрғыдан Қытай Қазақстанға қатты мүдделі. Сол секілді Қазақстан да Қытайға мүдделі. Бізге не қажет? Біздің еліміздің дамуына ең алдымен инвестиция мен жаңа технология қажет. Бұлар Қытайда бар және олар бере алады. Сондықтан біз қолда бар табиғи ресурстарды экспорттау арқылы немесе жартылай өңделген күйде экспорттау арқылы өз қажетімізді Қытайдан түгендей аламыз. Яғни екі ел арасындағы қарым-қатынас жеке бір адамның эмоциясы негізінде емес, ұлттық қажеттілік пен мүдде негізінде қалыптасқан. Сондықтан оның дамитыны заңды.
Ал халық ішіндегі «қытай қаупінен» үрейлену – жақында визасыз режим орнағаннан кейін басталған құбылыс емес. Мұны тарихи үрей деп атауға болады. Себебі Қытай – тамыры тереңге жайылған алып мемлекет. Кезінде КСРО мен ҚХР жауласқан жылдары бірін-бірі үрейлі құбыжық етіп көрсеткен халыққа. Оның үстіне соңғы жылдары Қытай әлеуетінің артуы, жалпы әлем елдеріне, соның ішінде Орталық Азия мен Қазақстанға экономикалық ықпалының артуы – адамдарға «күндердің күнінде Қытайға вассал болып қалмаймыз ба?!» деген үрейлі ой тудырғаны шындық. Алайда үрей бар екен деп бұғып жатуға болмайды ғой. Айта берсек, елімізге қауіп тек шығыстан ғана емес, солтүстіктен де, батыс оңтүстіктен де бар. Сондықтан бізде «мемлекеттік қауіпсіздік» санасы берік болуы керек, кез келген мәселені осы тұрғыдан қарастыру қажет. Үрейден арылудың бірден-бір жолы – өз-өзіңе мықты болу. Ішкі бірлігіңіз, қуатыңыз мығым болса, сыртқы факторлар онша әсер ете алмайды. Сондықтан мемлекеттік қуатымызды, заң режимдерімізді нығайту арқылы сырттан келген қауіптен қорғана аламыз. Басқалар біздің әлсіз тұстарымызды пайдаланады, ашкөздік, парақорлық және заң, ережелердегі ағаттықтар деген сияқты.
– 2018 жылдан бастап әлемде «Қытайдың жұмсақ күш саясаты» дейтін тіркес жиі атала бастады. Бұл қандай саясат? Қазір Қытай ұстанып отырған бұл саясаттың Қазақстанға әсері қаншалықты?
– «Жұмсақ күш» атауын ең алғаш америкалық ғалым Джозеф Най өткен ғасырдың 90-жылдары қолданған болатын. Кейін ол 2004 жылы баспадан шыққан «Жұмсақ күш: әлемдік саясатта табысқа жетудің құралы» атты еңбегінде теориялық негізін жетілдірген. Қысқасы, көздеген мақсаты мәжбүрлеу немесе төлемдер арқылы да емес, тартымдылық арқылы іске асыру қабілеті деп түсіндіреді. Сондай-ақ «жұмсақ күштің» негізгі қайнар көзі – мәдениет деп санайды, оның ішінде тіл қызметіне ерекше мән береді.
Елімізде қытай «жұмсақ күші» туралы айтыла бастағанда 5-6 жыл болды-ау деймін. Әсерін сезінгендіктен шығар.
«Жұмсақ күш» саясатын жүргізу үшін мәдени ықпал жасау керек. Ал мәдени ықпал тілден басталып, ділді өзгертумен аяқтайды. Адамдар қай тілді жақсы білсе, сол тілде ойланады. Және сол тілдегі ұлттың құндылықтарын қабылдайды. Сондықтан алып елдер өздерінің мемлекеттік тіл-жазуын басқа елдерге сіңіруге, ұлттық құндылықтарын, дүниетанымдарын, тіпті тұрмыс салттарын қабылдатуға баса назар аударып келеді. Қытай – бүкіл әлемге тілі мен мәдениетін таратуды стратегиялық деңгейде жүргізіп келе жатқан мемлекет. Соңғы жылдары Батыс елдері Қытайдың Конфуций институттарынан бас тартса да, қытайлар оның атын «Бубань» деп өзгертіп, сол қызметін жалғастырып келеді. Неге? Әрине, «жұмсақ күш» арқылы түпкі мақсатқа жету. Бұл тәсілді Ресей де, тіпті араб елдері де қолдануда. Елімізде тіпті арабтану пәрменді жүріп жатқаны анық байқалады. Бірақ оны көп ешкім айтпайды. Арабтарша киінетін, арабтардың өмір салтын ұстанатын, дүниетанымын қабылдаған жастар жылдан жылға көбейіп келеді. Мүмкін мұны жаһанданудан сақтанудың жолы деп уағыздайтындар бар шығар. Бұл өте жаңсақ пікір. Орта ғасырлық тәсілмен замана мәдениетіне қарсы келу – құрдымға кетіретін әрекет. Абай «Алланы жүрекпен сезінбек керек» дейді, Алланы жүрегімен сезінген адам – иманды адам болады. Имандылық дегеніміз – адамзатқа қайырымды, мейірімді болу деген сөз деп түсінемін. Алайда қазіргі Қазақстан қоғамында қатыгездік өршіп барады. Бұл неден болып жатыр? Қатыгездік деген қазақтың ұлттық мінезіне жат нәрсе. Қазақтардың бір нәрсеге еліктесе, асыра сілтейтіні бар. Басқа елдің мұсылман әйелдері басына бір жаулық тартса, қазақ қыздары басын үш жаулықпен орап, қымтап алады. Өзіміздің көркем ұлттық киімін киюден саналы түрде бас тартып, сүйретілген сүлекей қара түсті киім киетінін қайтесіз. Әр елдің киім кию салты олардың орналасқан географиялық ортасы мен климаттық ерекшелігіне қарай қалыптасқан. Оның үстіне, әр халықтың киім киюде өздерінің эстетикалық талғамы болады. Біздің жастарымыз эстетикалық талғамнан айырылып, өмірдің мәнін де түсінбейтін деңгейге түскен бе деп қорқамын. Міне, бұл – «жұмсақ күштің» еліміздегі салдары.
Әрине, біз «жұмсақ күш» тіл арқылы жүреді екен деп шетел тілдерін, озық мәдениетін үйренуден бас тартпаймыз. Керісінше, сол елдердің тілін жақсы меңгеру арқылы олардың мәдениетінің озығы мен тозығын парықтайтын боламыз.
– Қытай – Қазақстанмен көрші жатқан, тарихы тым тереңге кеткен, өз дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан ел. Бүгінгі Қытай халқынан үйренер тұсымыз көп пе?
– Менің ойымша, алдымен Қытай халқынан патриотизмді үйренуі керек шығар. Исі қытай азаматтары әлемнің қай бұрышында жүрсе де, өзінің ұлттық тегін, отанын ұмытпайды, өз елі үшін қызмет етуді өзінің борышы санайды. Екіншіден, қытай халқының еңбекқорлық пен төзімділікті үйренуіміз керек. Олар күллі әлемді еңбекқорлығымен, төзімділігімен тәнті етті. Үшінші, Қытайдың классикалық ілімдерін үйрену керек деп ойлаймын. Қытай философиясы – этикаға құрылған ілім. Ұлы ойшыл Конфуций ілімі де билеушілердің халыққа мейірімді саясат жүргізуін дәріптейді. Бұл – қоғамдық болмысқа бағытталып айтылған идея ғой. Кім өзінде не жоқ болса, соны көбірек аңсайды, дәріптейді. Қытай философиясы да осындай формулаға құрылған. Конфуций ілімі мен Абай ілімін салыстыруға болады. Конфуций ілімінде консерватизмдік элементтер басымдау болса, Абай ілімінде прогрестік басымдау деп ойлаймын. Төртіншіден, қытайлардан үнемшілдік пен ұқыптылықты үйренсек болады. Сондықтан бізге қытай тілі мен мәдениетін білетін, ұлттық менталитетін меңгерген мамандар өте қажет.
– Қазір кез келген елдің біліктілігін ғылымы мен білімі айғақтайтыны анық. Сіз ғалым ретінде біздің елдің ғылымы қай деңгейде деп ойлайсыз? Ғылымның қай саласын жетілдіру керек? Жастардың бет алысына көңіліңіз тола ма?
– Мен еліміздің қазіргі ғылыми деңгейіне нақты баға бере алмаймын. Ол үшін біршама зерттеулер жүргізу керек. Алайда еліміз дамушы мемлекет санатында болғандықтан, отандық ғылымның деңгейі біреуден кейін болса, біреуден ілгері деп санаймын. Қазақта әлемдік жаратылыс ғылымының алдыңғы қатарында жүрген қадау-қадау ғалымдар бар. Жаңа технологияның қыр-сырын меңгерген жастарымыз жетіліп келеді. Меніңше, еліміз жаңа технологияны, яғни жасанды интеллект саласын барынша жетілдіру керек. Қазақ жастары шетінен дрон жасап ұшыратын болуы қажет. Сонымен бірге қоғамдық -гуманитарлық ғылымды дамытуға көбірек көңіл бөлу қажет деп санаймын. Бұл – мемлекеттік идеологияны қалыптастыратын сала. Кез келген мәселені ғылыми түрде тани білмей тұрып, оған дұрыс шешім қабылдай алмаймыз. Ұлттық саясат ғылыми негізде қабылданатын болу керек.
Мен 1993 жылы елге оралдым. Ол кезде жас едім, сол кезде қатарластарымның аузынан «мен қазақ боп туғаныма өкінемін» деген сөзді жиі еститінмін, әрі бұған таңғалатынмын. Қазіргі жастар ондай сөзді айтпайды. Алайда шетелге шығып кеткісі келетіндер көп. Мұны тәрбиесіз берілген білімнің салдары деп санаймын. Қазақ жастары өте зерек, алғыр, инновацияны қабылдауға бейім келеді. Оларда екі түрлі тенденция бар. Бір бөлігі – білім мен ғылымға құштар жандар. Немерелерімді кешкі курстарға, спорттық жаттығуларға апарып жүріп, балаларын өнер-білімге баулып жүрген жас ата-аналарды көріп, риза боламын. Студенттер арасында білім алуға, ғылымды игеруге талпыныс жасап жүргендер жетерлік. Сонымен қатар спорт, өнер саласында да ұлтымыздың атын әлемге танытып жүрген жастар баршылық. Бұлар болашаққа сенім ұялатады. Екінші тенденция – жап-жас тұрып, о дүниенің қамын ойлап, адасып жүргендер аз емес. Олар өзгелердің илеуіне түсіп, ықпалында жүргендер. Ойлау жүйесі тұмшаланған, жат елдің тұрмыс салтында өмір сүруді аңсайтындар. Сондықтан жастарға көңілім толатын тұстары да, көңілім құлазитын жақтары да бар. Үміт пен күдік қатар десем болады. Түбінде үміт күдікті жеңетініне сенемін.
– Еліміздегі қытайтану саласының бүгінгі жағдайын қалай бағалар едіңіз?
– Отандық қытайтану ғылымы ел тәуелсіздігінен кейін қалыптасқан жаңа ғылымдардың бірі. Әрине, әлемде қытайтану ғылымы жаңа емес, синология деген ғылым осыдан екі ғасыр бұрын Еуропада қалыптасқан. Кеңестік синологияның бір орталығы Ташкентте болған. Кеңестік кезеңде қытайтану мамандығын оқыған және қытайды зерттеумен айналысқан жекелеген қазақ ғалымдары болды. Қытайтану ғылымы қашанда қытайдың тіл-жазуын үйренуден бастау алады. Тәуелсіздіктің қарсаңында 1989 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Шығыстану факультетінің құрылуымен 20 студентке қытай филологиясы мен тарихын оқытудан бастаған еді. Қазіргі таңда қытай тілін оқып жатқан жастар он мыңдап саналады. Сонымен бірге Қытайды зерттеумен айналысатын мамандар шоғыры қалыптасты. Шығыстанушы – қытайтанушы магистрант, докторанттар дайындалып жатыр. Мен өзім қытайтану мамандығы бойынша 4 кандидат, 5 PhD докторантқа жетекшілік етіп, ғылыми дәрежесін қорғаттым. Елімізде жоғары оқу орындарының жанынан және қоғамдық қауымдастықтар негізінде құрылған оншақты Қытайды зерттеу орталықтары бар. Бірақ олардың бәрінде штаттық кадр жоқ, гранттық жүйе бойынша жоба ұтып алу арқылы қаржы табатын болған. Іс жүзінде оның бәрі аты бар да, заты жоқ орталықтар. Ал Қытайда Ресей, Қазақстан және Орталық Азияны зерттейтін отыздан астам институттар мен орталықтар бар. Олар біздің тарихымыздан тартып, қазіргі жағдайымызды жан-жақты терең зерттеп отыр. Олар мемлекеттік бюджеттен қаржыланады және жобалар арқылы грантпен қаржыланады. Сол арқылы Қазақстанға келеді, айлап, жылдап жатып зерттеу жүргізеді. Ондай институттан бізде тек Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғана бар. Бірақ олардың зерттеу нысаны – Қытайды қамтыған бүкіл Шығыс елдері. Соңғы жылдары аталмыш институт қазіргі Қытайды зерттеуге ойысып, қолданбалы маңызы зор өзекті тақырыптар бойынша жүргізген зерттеу нәтижелерін жариялай бастады. Бұл құптарлық беталыс.
Негізі қазіргі заманғы Қытайды зерттейтін жеке институт қажет. Мұны біз, жоғары жаққа жаза-жаза жалықтық. Қазіргі еліміздің қытайтану ғылымы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың даму практикасына теориялық тұрғыда жауап бере алмайды. Бұл сала мемлекеттік деңгейде көңіл бөлуді қажет етеді.
– Қазір Қытайдағы қазақтардың ассимиляцияға ұшырау процесі қарқынды жүріп жатыр делінеді. Қытайдағы қазақ мектептері толық жабылып, қазақ балалары білімді тек қытай тілінде алады. Бұл жағдай Шынжаңдағы этникалық қазақтардың болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Қытай – Қазақстаннан кейінгі қазақтар ең көп қоныстанған ел. Шынжаңдағы қазақтардың жалпы саны ханьзулар (қытайлар) мен ұйғырлардан кейінгі үшінші орында, қоғамдық саяси орны да сондай. ХІХ ғасырдың соңында Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарында қазақ мектептері салынған. ХХ ғасырдың 1980-жылдары балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін қазақ тілінде білім беру жүйесі қалыптасқан болатын. Сол өткен ғасырдың 80-жылдарынан осы ғасырдың 10-15 жылдарына дейін Қытайдағы қазақтардың тілі, әдебиеті, мәдениеті жан-жақты дамыған, гүлденген кез болды. Содан кейін қазақ мәдениеті дамудан құлдырауға бет алды. Өйткені Бейжің билігі Шынжаңдағы ұлттар тілінде білім беруді толығымен тоқтатып, тек мемлекет тілінде – қытай тілінде білім беруге өтті. Бұл – Қытай Халық Республикасы Конституциясы белгілеген «аз санды ұлттардың барлығында өздерінің тіл-жазуын дамыту, ғұрып-әдеттері мен діни сенімдерін сақтау немесе өзгерту еркіндігі болады» деген және «Қытай Халық Республикасы ұлттардың аймақтық автономиялық заңының» 36-37-баптарында көрсетілген «аз санды ұлттар ана тілдерінде дәріс оқиды» деген белгілемелерге қайшы келетінін бәрі біледі. Соған қарамастан, бұл саясат атқарылып келеді және атқарыла береді. Өйткені қазіргі Қытайда орталық партия комитетінің шешімдері конституциядан да жоғары тұрады. Сондықтан халықаралық баспасөз құралдары Қытай Компартиясы этникалық азшылықтарды ассимиляциялау саясатын жүргізіп жатыр деп шулады. Өйткені ұлттардың тілі, ділі жойылса, ұлттың өзі құрдымға кететіні заңды.
Қытайда ежелден табиғи ассимиляция жүріп келеді. Бұл – сол үдерісті әкімшілік шаралар арқылы тездету ғана. Мұны қытай ғалымдары ел ішін бірегейлену үдерісі деп түсіндіреді. Қарапайым сөзбен айтсақ, Қытайдағы халықтарды бір тілде сөйлейтін, бір ғана ділде ойлайтын бір ұлт – чжунхуа – қытай ұлтын жасау процесі жүріп жатыр. 2016 жылдан бастап Шынжаңдағы қазақ, ұйғыр мектептері таратылып, қытай мектептеріне қосылды және тек мемлекеттік тілде білім беріліп келеді. Балабақшада қытай тілінде тәрбиеленген, ана тілін мүлде білмей өскен балаларда ұлттық сана-сезім болмайтыны заңды. Оның үстіне олардың дәстүрлі діни наным-сеніміне шектеу қойылған. Мұның салдары ащы болса да шындық, қытай қазақтары ұлттық болмысынан, кодынан айырылған қауымға айналатыны сөзсіз. Бұл – біздің көргіміз келмейтін, Қытай билігі күткен нәтиже болмақ.
Қытайдағы ағайындардың әлеуметтік экономикалық жағдайы жаман емес, алайда рухани дүниесі құлдырау үстінде. Тіл қалса, қазақ тіліндегі баспасөз, медияның қажеті болмай қалады. Демек, Қытайдағы қазақтардың рухани мәдениеті үлкен сын-қатерге ұшырап отырған жайы бар. Солай, мен оларды азамат ретінде өмірде ұтыла қоймас деп ойлаймын. Олар жетік меңгерген қытай тілімен қатар, ағылшын тілі олардың замана білімін, жаңа технологияны игеруге негіз болады. Оның үстіне қазақ халқының зеректігі мен жасампаздығы оларды көштен қалдырмайды деп сенемін. Болашақта, тіпті 5-6 жылдан соң отандық қазақтармен қытайлық қазақтар ана тілімен емес, ағылшын тілінде пікір алмасатын болады. Солай өзара байланыстар жалғаса береді. Әрине, біздің ел қытайдың ішкі саясатына ықпал ете алмайды. Алайда өзіміздің қолданып отырған диаспора саясатын оңтайландырып, этникалық қазақтардың отанға оралуына жеңілдіктер жасауға әбден болады. Әсіресе шет елдегі қазақ жастарының отанға келіп оқуына берілетін квота санын көбейту қажет. Олардың орта мектептен келіп оқимын дегендерге де құжаттық жеңілдіктер жасау керек. Қысқасы, енді саясат жастарға басымдық беруге бағытталуы қажет. Мұны болашаққа салынған инвестиция деп есептеу керек. Ұзақтау болса да, оның қайтарымы көп болады.
– Осыдан бес-алты жыл бұрын Қытай билігі діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру дегенді желеу етіп, ұйғыр, қазақ және басқа да ұлт өкілдерін концлагерь мен түрмелерге миллиондап қамады деп әлем ақпарат құралдары жарыса жазды. Ал Қытай билігі бұл әрекетін «қайта тәрбиелеу, этникалық топтарды индоктринациялау» деп түсіндірді. Сіздің ойыңызша, бұл Қытай билігінің «қайта тәрбиелеуі» ме? Әлде қолдан жасалған геноцид па?
– Бұл өте күрделі әрі сезімтал сұрақ. Бұл мәселеге тарихи объективизм тұрғысынан қарау керек деп ойлаймын. ХХІ ғасырдың басында шынымен де Шынжаңда діни экстремизм немесе діни фанатизм кең қанат жайды. Оған ежелден дінге жайбарақат қарайтын қазақтар да, әсіресе қазақ жастары да еліктей бастаған. Бұл сынды әсіре әрекеттерге қарсы Қытай билігі әсіре, үрейлі науқан жүргізді. Күштік органдар қала-қыстақтарда соңғы жылдары салынған мешіттерді алып тастап, олардың имамдарын, жамағаттарын, тіпті лаңкестік әрекет жасайды-ау деген адамдарды, ұл-қыз, кәрі-жас демей түрмеге тоғытты немесе «қайта тәрбиелеу курстарына» апарып, күштеп, «қайта тәрбиеледі». Сол арқылы Қытай билігі Шынжаңның қоғамдық орнықтылығын нығайтқан болды. Алайда ол саяси шаралары геноцидтік сипат алғандықтан әлем елдері, халықаралық қауымдастықтар ҚКП «геноцидтік саясат жүргізіп жатыр» деген айыптауына ұшырады. Тіпті сондай тұжырымдар жасалып, санкциялар да салынды. Мұны Қытай билігі ресми түрде мойындамаса да, ақырындап, ол саясатын босатып, келсе-келмес аз санды ұлттар өкілдерін «қайта тәрбиелеуге» апаратын, түрмеге тоғыта беретін әрекетін тоқтатты. Қазіргі таңда Шынжаңда әлеуметтік экономиканы дамыту, ашықтық саясатын атқару қайта дәріптеле бастады. Қытай халқының кез келген науқанды шектен шығарып жүргізетін және оны өздері қайта реттеп отыратын әдеті бар. Бұл науқанды да солай деп түсінген жөн сияқты.
Сұхбаттасқан Ақгүлім Ерболқызы