Нағыз достық пен туыстық осылай болады: Әлиев Қазақстанға алғысын білдірді
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан халқына Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL ұшағының зардаптарын жоюға және зардап шеккендерді құтқаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жергілікті телеарнаға берген сұхбатында Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы апатына байланысты Қазақстанға ризашылығын білдірді.
«Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіру үшін телефон соқтым. Өйткені оқиға орын ала салысымен қазақстандық құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, адамдарды ұшақтан шығаруға кіріскенін білдік. Олар өз өмірлеріне қауіп төндірді. Өйткені олар тағы жарылыс болатынын, болмайтынын білмеді. Ұшақтың бір бөлігі өртеніп, бұл бөлігі де жануы мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан олар нағыз ерлік көрсетті. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің де еңбегі өте құнды болды. Өйткені зардап шеккен жолаушылар жылдам медициналық орталықтарға жеткізілді, мен бұл үшін президент Тоқаевқа алғысымды білдірдім», - деді Әлиев.
Әзербайжан басшысы Қазақстан халқының қайғылы оқиғаға деген көзқарасына қатты әсер еткенін айтып, бұл нағыз достық пен бауырластық екенін айтты.
«Қазақ бауырларымыздың ауызбіршілігінің көрінісі Әзербайжан халқының жүрегінде із қалдырғанын білемін. Ақтаудағы консулдығымызға қарапайым азаматтар келіп, гүл шоқтарын қойып, сезімдерін, бізбен ынтымақтастығын білдірді. Нағыз достық пен бауырластық осылай көрінеді», - деді Әлиев.
Ильхам Әлиев ұшақ апатының себептерін анықтау үшін халықаралық сараптама жүргізу қажеттігін атап өтті, мұны қазақстандық тарап қабылдады.
«Президент Тоқаевпен әңгімелесу барысында мен Әзербайжанның тергеуге қатысты ұстанымын да түсіндірдім және біз халықаралық сараптаманы қолдайтынымызды және оны ТМД Мемлекетаралық авиация комитетінің қарауына қалдыруға болмайтынын айттым. Біздің ұстанымымыз түсіністікпен қарсы алынды. Әрине, біздің мемлекеттік органдардың өкілдері, комиссия мүшелері мен жетекшілері, прокуратура өкілдері үнемі байланыста. Қазақстан өз кезегінде Мемлекеттік комиссия құрды, бұл туралы маған президент Тоқаев айтты. Әрине, олар да мәселені егжей-тегжейлі ашқысы келеді және тырысады», - деді Әлиев.
Әзірбайжан президенті бұл оқиғадан кейін екі ел арасындағы достық пен бауырластық одан әрі нығая түсетінін айтты.
«Мен де президент Тоқаевқа көңіл айттым, себебі ұшақ апатынан Қазақстанның алты азаматы қаза тапты. Осы қиын жағдайдан кейін достығымыз бен бауырластығымыз нығая түсті», - деді Әлиев.
Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ильхам Әлиев апаттың себептері туралы алғашқы болжам ұшақтың Ресей аумағында «сыртқы күш әсер еткенін» көрсеткенін айтты, сонымен бірге зақымданған ұшақтың неліктен қалаға ұшқаны туралы өз ойын білдірді. Ол Ресей кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалап, өтемақы төлеуі керек деді.