Нәлібаев көрмей жүрген өткелдер-2
Өткен жолы «Нәлібаев көрмей жүрген өткелдер» атты темір жол асты жолдары жайында зерттеу мақала жазғанбыз. Сөйтсек, мұндай өткелдер аз емес болып шықты. Тұрғындар арнайы хабарласып, шақырған соң, Титов қыстағы мен ЦКЗ аймағын жалғайтын өткелді бағдарлап қайттық.
Бұл теміржоласты өткелі де тұрғындардың бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан мәселесі. Жуырда қала әкімі Асылбек Шәменовтің қабылдауында болған тұрғындар әкімге де ескертіпті. Дегенмен одан бері екі ай өтсе де айтылған мәселелер басы ашық күйінде әлі тұр екен.
Теміржолдың арғы бетіндегі Титов қыстағы, ертеде атағы дүрілдеп тұрған целлюлоза картон зауытының (ЦКЗ) жұмысшыларына арналып салынған шағын аудан болатын. Бүгінде көлемі үлкейіп, халқы молыққан. Ал теміржолдың бергі беті, бұрынғы ЦКЗ жағы өндірісті аумаққа айналған, әрі Қызылорданың солтүстік-батысындағы аудандарға апаратын ішкі күрежол осы жерден өтіп жатыр. Арғы бет пен бергі бетті жалғайтын аспалы көпір де бар, бірақ ол Ақмешіт ауданы жағынан кіреді. Титовтан қалаға қатынайтындар көбінесе Ақмешіт арқылы айналып жүргісі келмей, осы күрежолмен жүретін автобусқа мініп, теміржолдың астымен Титовқа өтеді.
Бұл теміржоласты өткелі кезінде мал өтетін өткел қызметін атқарған, бүгінде бұл адамдардың көп жүретін соқпағына айналған. Әсіресе ЦКЗ беттегі туберкулез ауруханасы маңайындағы Сарысу көшесінің балалары Титов қыстағындағы №173, №10 мектептерге осы өткел арқылы қатынап оқиды, сондай-ақ Титов қыстағының кей оқушылары Ақмешіт мөлтек ауданына қатынап оқиды. Барлық балалар да, жұмысқа қатынайтын ересектер де осы жерасты өткелін жол қылған.
Жергілікті тұрғындардың қала әкіміне қоймай сұрап жүрген өтініші – осы өткелдің ішін жарықтандырып, жол төсеп, көше бойына шам бағаналарын орнатып берсе дейді.
«Қар, жаңбырда өткел іші суға толып, айналасы балшықтап, өтуге қиындық тудырады. Оқушылар екі аяқ киіммен жүруге мәжбүрміз. Оның үстіне кеш бата іші тас қараңғы, балалар тұрмақ ересектер үшін де қауіпті. Арғы беті мен бергі бетінде көше бағаналарында жарық жоқ. Титовтың тұрғындары да қала халқы ғой, балалар үшін осы өтінішімізді, балалар қауіпсіздігі үшін жасап берсе екен», – дейді Титов қыстағының тұрғыны Сұлтанмұрат Нұрбаев.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Асланбек Тәңірберген бұл мәселе әкім назарында екенін айтты.
«Бұл маңайды бөлім басшысымен арнайы келіп, қарап, әкімге баяндадық. Алдағы уақытта жаңаланған жол құрылыстарынан босаған бордюр төсеніштерін әкелу ойымызда бар. Камералар қойылған, жарықтандыру мәселесін де назарға аламыз», – деді.
Титов қыстағы қала шетіндегі өндірістік аймақта орналасқандықтан инфрақұрылымы көнерген, көптеген нысаны ескірген аудан.
Тұрғындардың тағы бір өтініші – Әміре Қашаубаев көшесі мен Жетікөл көшесі қиылысына бағдаршам қою еді. Өйткені Ә.Қашаубаев көшесі қыстақтағы басты күрежол болғандықтан, оның бойымен күніне мыңға жуық көлік жүреді. Жол бойында камера, жолаушылар жүретін жол белгісі, жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау туралы белгі қойылғанымен оны елеп жатқан жүргізушілер жоқ. «Дәл осы қиылыста, адам қағып кеткен оқиғалар да болды», дейді тұрғындар. Сондықтан екі көшенің қиылысына бағдаршам қою мәселесін облыстық полиция департаментінің құзыретіне ұсынамыз.
Теміржол өткеліне зерттеу жүргізіп жүріп тағы бір қауіпті нысанды анықтадық. Өткел маңындағы Жетікөл мен Желкілдек көшесі қиылысындағы су тарату қоймасы қоршалмаған. Қала әкімдігінің мамандары бұл нысанның резервтегі су тарату жүйесі екендігін, оның қоршалғандығын, бірақ қолды боп кеткенін айтады. Қараусыз қалған соң стратегиялық нысанның өзі тонауға ұшыраған. Әлбетте, бар кінәні қолының сұғы бар тұрғындарға итеріп қойып, қарап отыруға болмайды. Бұған ең алдымен жауапты – әкімдік. Тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізу аз, күзет пен бақылау күшейтілуге тиіс. Сондықтан алдағы уақытта бұл нысанды қайтадан қоршау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Айтпақшы, бұған дейін қозғалған өткелдер мәселесі қазір әкімдік деңгейінде қарастырылып жатыр. Қожа Ахмет Ясауи көшесі мен Ғани Мұратбаев көшесі қиылысындағы аспалы көпір құрылысы аяқталғанымен әлі де кемшін тұстары болғандықтан, уақыты келсе де пайдалануға берілген жоқ. Себебін қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай көпір желтоқсан айында берілетінін айтты. «Көпір құрылысы аяқталғанымен, бірқатар ескертпелер бар, сондықтан қабылдамадық. Бүгінде жұмыстар жасалып жатыр. Келер айда толық пайдалануға беріледі», деді. Ал жерасты өткелдерін әжетке жарату да қарастырылады. «Жерасты өткелі нормативтерін қарап, келер жылы қарастырамыз», дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Жеңісбек Сыздықов.
«Жас Алаш» алдағы уақытта бұл мәселелер шешілгенше жұмыс барысын қадағалап отыратын болады.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда