Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:42, 02 Мамыр 2024

Нәлібаевтың екі жылда үш есе қымбаттаған стадионы. Қызылорданың әкімі президентті естімеген бе?

Стадион

Қызылорда қаласында салынып жатқан 7 мың орындық стадионға 20,9 млрд теңге қаржы бөлінбегі туралы жақында ақпарат тарады.

Бұл стадион 45 миллион долларға салынады, әр орынға 6 500 доллар көлемінде қаражат жұмсалмақ екен. Дәл сондай стадион Семей қаласында да салынады, оған 12 млрд теңге қаражат жұмсалады. Қызылорда әкімдігінің соншама қыруар қаржыға футбол алаңын салуы көптің назарын аударды. Наразы болып жатқандар да көп. Әлеуметтік желіде «20,9 миллиардқа сіздер алтын кірпіштен стадион саласыздар ма?» деген қоғам стадионның қаржылық есебін беруді талап етіп отыр.

Қызылордада жаңа стадион салынады деген ақпараттың шыққанына екі жыл болды. Содан бері ол туралы мәлімет уақыт өткен сайын өзгеріп отырды. Алғашында стадион 7 мың орындық болатыны, оған 7 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалатыны айтылған. Кейін қаржы көлемі 18 млрд-қа өсті. Осы мақсатта былтыр қыркүйек айында Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бюджет қаражаты есебінен 18 399 671 740 теңгеге мемлекеттік сатып алулар сайтында лот жариялаған.

1

Құжатта құрылыс мерзімі 16 ай, бірінші жылға 1 млрд-қа жуық ақша бөлінетіні, келесі жылға 17 млрд-тан аса қаржы құрылысқа жауапты компанияға аударылатыны көрсетілген. Лотқа жауапты басшының орынбасары Ербол Шәмшиев. Бірақ 2023 жылдың тамыз айының соңында жарияланған лот 1 айға толмай қыркүйек айының соңында жабылған. Лоттың не үшін тоқтатылғаны көрсетілмеген.

Екі жыл бойы жарнамасы жасалып, стадионның макеті неше рет өзгеріп, «әне салынады, міне салынады» деп жүргенде одан кейін бұл туралы айтылмай кетті. Тіпті қайтадан мемлекеттік сатып алулар сайтында байқау да жарияланбады. Тек биыл ақпан айында Қызылордада жаңа стадионның құрылысы басталып жатыр екен деген хабар тарады.

Стадион Қызылорда
Тelegram арналарда тараған сурет. Фото: ашық дереккөз

Тelegram арналарда техникалардың жерді тегістеп жүргенін көруге болатын видеолар мен суреттер тарады. Бірақ ешқандай ресми ақпарат берілмеді. Ал кешегі интернетте тараған ақпаратта стадион салуды «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС қолға алған көрінеді. Тек стадионға бөлінген ақша 18 млрд емес, 20 млрд 900 млн теңге. Стадион 3 қабатты болады. Салыну мерзімі – 16 ай. Ғимараттың жалпы ауданы 19 942,2 шаршы метр. Бұл жерде де стадионның жалпы сыйымдылығы 7 мың орын деп көрсетілген.

Біз бұл ақпараттың анық-қанығын білу үшін Қызылорда облысының әкімдігіне хабарластық. Стадион салынып жатқаны рас болып шықты. Және бір қызығы, әлеуметтік желіде тараған нысан баннерінде 7 000 орындық деп көрсетілген стадионды әкімдік өкілі 10 000 орынға арнап салынады деп отыр. Алаңның құрылысы кеше басталыпты, оған әкім Нұрлыбек Нәлібаев қатысқан.

Нұрлыбек Нәлібаев
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев стадионның іргетасын қалап жатыр. Фото: Қызылорда әкімдігі

«Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауына салынатын жаңа стадионның іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өңірдегі Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтаған. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Жаңа стадионның сыйымдылығы 10 мың орын болмақ. Жаңа стадионның іргетасын қалауға Қазақстан құрама командасының капитаны Асхат Тағыберген арнайы келді», – деген облыс әкімдігі «қанша қаржы жұмсалады?» деген сауалымызға жауап бере алмады.

Қазақстан стадиондары Еуропадан 3 есе қымбат

Жалпы елімізде стадиондардың өте қымбатқа салынып жүргені спорт мамандары тарапынан да жиі айтылып жүр. Мысалы, құрылысы 2022 жылы аяқталған Болгариядағы «Христо Ботев» стадионының сыйымдылығы – 18 777, оған 15 млн еуро жұмсалған, теңгеге шақсақ – 7 131 169 251. Бұл футбол алаңын біз бекер таңдап алған жоқпыз.

Стадион «Христо Ботев»
Стадион «Христо Ботев». Фото: sports.ru

Оның көрінісі Қызылордадағы стадионмен өте ұқсас. Тек көрермен сыйымдылығы 2 есеге жуық көп те, жұмсалған қаржысы 3 есеге жуық аз. Дәл осындай мысалдарды ондап келтіруге болады. Анығы, елімізде Еуропаға қарағанда стадион салудың 3 есе қымбат екені. Бұл сөзімізді спорт комментаторы Ермұхаммед Мәулен де құптайды.

Ермұхамед Мәулен
Фото: ашық дереккөз

«Қазір стадион соғу оңай емес. Елімізде футбол алаңын салатын компания жоқ. Білесіздер, қарапайым 5 қабатты үйдің өзін зорға соғамыз. Стадион құрылысы бойынша словакиялық компанияларға хабарласқанмын. Еуропада да баға өзгеріп жатыр екен. Сондықтан құрылыс материалы бізге келгенде қымбаттайды. Себебі бізде түк те жоқ. Біздің компаниялар стадион сала алмайды. BI Group Түркістанда стадион соғып көрді. Арты не болғанын білесіздер. Құрылыс компаниясы жаңбыр көп жаумайды деп ойлаған ғой. Баяғыда біздегілер 44 млн еуроға стадионды қайта жөндеуден өткізгісі келген ғой. Солай білгенін істеді», – дейді Ермұхаммед Мәулен.

Біз кейінгі 30 жылда 2 жаңа стадион салдық. Екеуіне де қыруар қаржы жұмсалды. Мысалы, 2009 жылы 30 мың орындық «Астана Аренаның» құрылысына 182 млн доллар жұмсалды. Жаңа алаң УЕФА-ның ең жоғарғы 4 категориясына жауап береді. Сай дегеніміз – құжат жүзінде ғана болып шықты. Стадион алаңының сапасының нашарлығы туралы кейіннен жиі айтылып жүрді. Тіпті ұлттық құрама ойыншыларының өзі «бүкіл әлем көз тігетін бас стадионымыздың алаңында футбол ойнау мүмкін емес» деді. Ал 2020 жылы 7 мың орындық 39 млн долларға салынған «Түркістан Арена» халықаралық үшінші категорияға жауап береді. Жауап береді деген аты болмаса, су жаңа стадионға су толып кетіп, доп тепкен футболшылар суда жүзген балықтай болған жайы бар. Біздің жаңа стадион салудағы тәжірибеміз осындай.

Айтпақшы, құрылысқа жауапты делінген «ВД Строй-инжиниринг» пен G-Park құрылыс компаниясы қызметкерлері былтыр Астанада экскаваторлармен соғысқан еді. Сол кезде «ВД Строй-инжиниринг» қызметкері «қарсыласының» техникасын аударып тастап, жеңіп шыққан. Жеңетіндей де жөні бар, тіреуі мықты. Себебі жанжал шыққан кезде оның директоры индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің ұлы Рүстем Қарағойшин болған. Тимур Қарағойшин қызметінен биыл 9 сәуірде босатылды. Ал Қызылорда әкімдігі стадионның қаншаға салынып жатқандығы, тапсырысты орындаушы қандай компания екендігі туралы мәлімет бере алмады. Біз жаңа стадионның құрылысына қанша қаржы жұмсалғандығын және оны кімдер салып жатқанын алдағы уақытта анықтайтын боламыз.

Бұл стадионның жыры ұзаққа баратын түрі бар. Өйткені бәрі жұмбақ. Біріншіден, алғаш жарияланған лот алынып тасталады, «отказ» болғаны туралы ақпараты әлі тұр, екіншіден, жаңа лот туралы ақпарат шықпайды (бұл туралы сұрағымыз да жауапсыз қалды), қандай компания жүргізетіні туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарайды, оған қатысты әкімдік ешқандай реакция көрсетпейді (рас-өтірігін айтып, ресми мәлімдеме жасауы керек еді ғой), сұрасаң айтпайды. Және баннерде көрсетілген 7 000 орын 10 000 болып шыға келеді (мұны «Жас Алаш» анықтайды). Сосын, алғашында 7 млрд теңгеге салынады деген стадион кері қайтарылған лотта 18 миллиардтан асып кетті. Енді, арада жарты жыл өткенде үн-түнсіз құрылыс басталады және құны 21 млрд теңгеге жуық.

Бұл ақпараттың еліміздің көп өңірін тасқын су алып жатқанда тарап кеткені Нәлібаевқа онша бір абырой әпермейін деп тұр. Оның себебі, әрине, құрылысқа қатысты көп жұмбақ. Бірақ ең бастысы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тасқын суға байланысты көптеген бюджет қысқартылатыны туралы айтқаны күні кеше ғана. Президент бюджет қысқарту туралы айтып жатқанда әкім стадионның құнын үш есе өсіріп жатса...

Қалай болғанда да бұл мәселеге Нәлібаевтың өзі нүкте қоюға тиіс. Бәлкім, әлеуметтік желіде тараған ақпарат рас емес болар, Қызылорда облысының әкімі де Болгариядағыдай 7 млрд теңге стадион тұрғызғалы жатқан болар, кім біледі... Мұндайда әкімдіктер демеушілердің қолдауымен саламыз деп ақталатын. Ал бір ай тұрып, кері қайтқан лотта қаржыны бюджет есебінен деп көрсеткен.

«Жас Алаш» сұрау салып жатыр...

Тұрсынбек БАШАР