Нәлібаевтың «үнемшіл кадры» 80-нен астам балабақшаны жаппақшы

Қызылорда облысында білім саласына қатысты тағы бір мәселе ушығып тұр. Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген 80-нен астам балабақша жуық арада өз жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Неге десеңіз, аталмыш бөбекжайларға 2024 жылдың қаңтар айынан бастап дотация беру тоқтатылған. Бүгінде мемлекеттік комиссияның оң шешімін алғандар тізімінен тыс қалып қойған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы да төленбей отыр. Тәрбиешілердің нақты қашан еңбекақыларын алатындығы әлі белгісіз.
Әдетте «Қызылорда облысы республика бойынша тұрғындарды балабақша қызметімен 100 пайыз қамтамасыз еткен өңірлердің бірі» деген ақпарды жиі еститінбіз. Тіпті бұл нәтижеге жетуге өз «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының мол септігі тиді делінетін. Алайда дәл бұлай күпсінгенімізбен бүгінде жеке балабақшалардың жайы мәз емес. Кәсіпкерлер шегі жоқ тексерулерден әбден қажығандарын айтады. Солардың қатарында қалаға жапсарлас жатқан «Сабалақ» саяжайындағы «Айбибі» балабақшасының құрылтайшылары да бар.
«Біздің балабақшаның жұмыс жасап келе жатқанына бірнеше жыл болды. «Сабалақта» бес мыңға жуық халық тұратын болса, «Айбибі» осындағы жалғыз бөбекжай. 40 орынға арналған нысан, балаға сапалы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік комиссияның оң шешімін алып, қаңтар айында балаларымызды қабылдап, жұмысымызды жалғастырып кеттік. Алайда айдың соңында облыстық білім басқармасы хат жолдап, бөбекжайдың қаржыландырылуы тоқтатылғанын ескертті. Балабақша ғимаратының құжатына қатысты мәселе туындап тұр. Қазір қызметкерлеріміз қаңтар айының жалақысын әлі алған жоқ, қашан төлейтінімді де нақты айта алмаймын», – дейді кәсіпкер Майра Мирғалиева.
Туындаған жағдай, кәсіпкерлермен қатар, ата-аналарды және қарапайым тәрбиешілерді де алаңдатып отыр. Қызылорда қаласының тұрғыны Жадыра Есмахан білім беру саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Жолдасы бөбекжайдың тасымал көлігін жүргізеді. Жалақыдан жалақыға әрең жетіп отырған отбасы бұл айда жалақысыз қиналып қалғанын айтады.
«Әр жанұяның өз шығындары болады. Біздің үш баламыз бар, ай сайын төлейтін несиеміздің күні өтіп кетті. Күнделікті тұтынатын азық-түлікті алудың өзі қиындап барады. Жыл соңында жауапты мамандар бөбекжайдың қаржыландырылмайтынын айту керек еді. Сол кезде біз де әрекет жасап, басқа қызмет іздеуге тырысатын едік. Қазір ата-аналар да алаңдаулы күйде. Бүлдіршіндеріміз өзімізге үйреніп қалып еді, енді олар қайтеді? Сондықтан бұл мәселенің халыққа тиімді етіп шешілгенін сұраймыз», – дейді балабақша қызметкерлері.
Белгілі болғандай, Қызылорда облыстық білім басқармасы 2025 жылға арналған қалалық білім бөліміне қарасты мемлекеттік және жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында өткізілген конкурстық комиссия жұмысынан заңбұзушылықтарды анықтап, конкурс хаттамасының күшін жойған. Нақтырақ айтар болсақ, кейбір балабақшаларда құжаттар тізбесі бекітілген талаптарға сай емес дейді. Сонымен қатар 52 бөбекжайдың тиісті медициналық қызмет көрсету лицензиясы болмаған көрінеді. Сондай-ақ бірнеше балабақшаның нақты орналасқан мекенжайлары құжаттарда көрсетілген ақпаратқа сәйкес емес дейді. Ал 37 балабақшаның құжаттары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеген. Дегенмен қоғам белсенділері облыстық білім басқармасының мемлекеттік конкурс хаттамасының күшін жоюы заңсыз әрекет деп отыр.

«Облыстық білім басқармасының бұл әрекеттері заңсыз. Себебі мемлекеттік тапсырысты балабақшаларда орналастыру Білім министрлігінің №381 бұйрығында көзделген. Желтоқсан айында конкурстық нәтижесі шығып, Қызылорда қалалық білім бөлімінің сайтында хаттамасы жарияланған. Ол келісімшартқа отыратын негіз болып табылады. Сондықтан балабақшалар қаңтар айында жұмыстарын жалғастырған. Алайда айдың аяғында ол хаттамалардың күші жойылсын деп басқарма хат жолдаған. Енді кәсіпкерлердің шығындарын кім көтереді? Осы жерде айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс тек жалақы мен салық төлеуге көзделген. Ал ата-анадан алынатын төлемақы баланың тамағына жұмсалады. Бұл жерде кәсіпкердің жағдайын ешкім ойлап тұрған жоқ. Ал бір ай жұмыс жасап келген қызметкерлердің не жазығы бар? Олардың айлықтарын кім өтейді?», – деп ашынады Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Наталья Мишукова.
Осы жағдай бойынша Қызылорда қалалық білім бөліміне хабарласқан болатынбыз. Жауапты мамандар әрбір балабақшаның мәселесі егжей- тегжейлі зерделеніп жатқанын жеткізді.
«Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Кемшіліктер жіберген балабақшаларды анықтап жатырмыз. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Жаннат Сәдуақасова.
Осы уақытқа дейін Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановқа қатысты сын аз айтылған жоқ. Естеріңізде болса, өткен жылдың өзінде үш мектепте болған үш реткі топтық төбелес кезінде үш бала қайтыс болған еді. Алайда осы жантүршігерлік оқиғадан кейін А.Есжанов «қатаң ескертумен» ғана құтылды. Тіпті аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев білім саласын басқарып отырған кадрын мемлекет қаржысын үнемдегені үшін жоғары бағалайтынын айтып, мақтаған еді. Енді, міне, «мақтаған кадры» 80-нен астам балабақшаның жұмысын тоқтатпақшы. Егер Нәлібаев мұны да «үнем» деп Есжановқа араша түспесе, іс оң шешімін табуы тиіс.
Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы