НӘН тағы да масыл болды!
Тек биылдың өзінде оның кеңсесін қаржыландыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінбек.
Сонда зейнетақының ең төменгі мөлшері 53 076 теңге екенін ескерсек, Елбасы статусынан айрылған қарапайым бір зейнеткерге кететін ақшаға бір жыл бойы 26 356 зейнеткерге зейнетақы төлеп отыруға болады.
Сонда «Әділетті Қазақстан» принципі қайда? Ашығын айтсақ, Назарбаев бюджет үшін қатардағы зейнеткер емес, қатардағы зейнеткер болайын деп тұр. Бір қызығы, үкімет «Елбасы туралы» заң өз күшін жойса да Тұңғыш президент кеңсесіне қаржыны бәрібір аудармақ ниетте. Биыл Назарбаевқа 1 678 654 000 теңге, ал келесі жылы 1 994 569 000 теңге, 2025 жылы 2 154 435 000 теңге бөлінбек.
Тұңғыш президент кеңсесі – мемлекеттік мекеме болып саналады. Тиісінше, ол салық төлемейді. Онда қанша адамның жұмыс істейтіні де белгісіз. Себебі, Назарбаевтың кеңсесі ешқандай қаржылық есеп жарияламайды. Бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқандығы да белгісіз.
Бір қызығы, 2020 жылы премьер-министр кеңсесі мен Назарбаев кеңсесіне бөлінген қаржы сомасы шамалас болған. Премьердің кеңсесі барлық әкімдіктер мен министрліктердің басын біріктіріп, қыруар шаруа атқаратынын білеміз. Ал Назарбаев кеңсесі не бітірді деген сұрақ туындайды. Осы кеңсенің сайты Elbasy.kz. Сол сайттағы ақпараттарға қарасақ, Назарбаев былтыр қараша айында Тоқаевты құттықтап, телеграмма жіберген. Сонымен іс бітті. Екі ай болды. Басқа жаңалық жоқ.
2020 жылы Назарбаев лимузинге 110 миллион теңге жаратқан. Биыл да сондай қаржы көлемі бөлінетіні анық. Ол лимузинді кім мініп жүр, қайда барып жүр, түсініксіз. Сонымен бірге, 1,6 миллиард теңгенің ішінде Түңғыш президент кітапханасын қаржыландыру, оның қызметкерлеріне жалақы төлеу, жұмысын жүргізу кіреді.
Сонда кім қарапайым, қатардағы зейнеткер? Бұл сұраққа жауап жоқ. Көктемде, сайлау біткеннен кейін парламенттің жаңа депутаттары мемлекеттік бюджетті нақтылауға кірісуі тиіс. Сол кезде депутаттар осы мәселені көтермесе, халық қалаулысы деген атаққа лайық болмайтындары анық.