НӘНнің туған күні
Иә, кеше, орыстың «ескі жаңа жыл» дегені сияқты, түсініксіздеу ұғымындай қазақтілділерге НӘН, орыстілділерге НАН болған ескі Нұрсұлтанның туған күні.
Ата-бабамыз аштық пен нәубеттің неше атасын көріп өскендіктен бе, біз Нанды қатты қадірлеп өстік. Солтүстік облыстардың омырауын дар-дар айырып, ата-баба қорымын сырып тастап, үстіне нан ектік. Содан болар кеңес кезінде миллион пұттап астық өткізіп, бір одақты асыраған қазақтың «Нан болса – ән де болады» деп ойлағаны. 30 жылдай солай ойлаған...
Бір қызығы да сол, елді жеп отырған нанынан айырып, артына аша тұяқ қалдырмастан, калхоз-собхозды қайыршы қалыпқа түсірген адамның туған күнін кеше ел індеттен қырылып жатқанда да от шашу шашып, тойлағанымыз… Тойыс, тойынған тобырдың тойлағаны… Бұл да біразға дейін ұмытылмас. Бірақ бұл КЕШЕ болатын.
Міне, кеше, кімсің, Ыбыраймыз! – деген НӘНнің бүгін тура туған күні қарсаңында Талдықорған қаласында көзі тірісінде орнатқан ескерткішін, көзі тірісінде қалдық су соратын мәшинемен сүйреп құлатқан Батырбаев Азамат 4 жыл шартты жазамен бостандыққа шықты!
Осыдан біраз бұрын Юстиция министрі Қанат Мусин: ҚР Қылмыстық істер кодексінен «Публичное оскорбление и иное посягательства на честь и достоинство первого президента, осквернение его изображений, воспрепятствование законной деятельности Елбасы» деген баптардың алынып тасталатындығы жөнінде мәлімдегенде, ең алдымен осы іс бойынша болар деп ойлағанымыз расқа шықты. Бұл енді «Жаңа Қазақстанның» үлкен бір жетістігі деп ойлаймыз.
Ол аз десеңіз күні бұрын ғана «ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың атын мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия атауынан алып тастауға дайындық жүріп жатыр», (Oinet.kz) – деген хабар тараған болатын. «Жоба ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия» атауын «Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия» деп өзгерту жөніндегі 2021 жылғы 24 желтоқсандағы №21-03-12.59 тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді», – делінген жазбадағы қол қойылған датасы ғана түсініксіздеу демесеңіз, қалғаны орынды Жарлық жарқ ете қалды.
«Енді айтарым басқамыз, Бассыз қалды патшамыз!», – деген әлгі ертегідегі секілді осы құжатқа сәйкес, енді тұңғыш президенттің стипендиялары баяғы шұбатылған ұзын-сонар бастауышсыз жай ғана «Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиялар», – деп аталады. Бұл – бүгін!
Ал ертеңнен не күтеміз?! Әрине, алдымен елдің амандығы! Өркениеті дамыған озық елдердің алдыңғы қатарынан көрінуі. Ол өз алдына.
Жиырма беске келгенше, азан шақырылып аты қойылмаған ескі Целиноградтың бесігінде белі шешіле алмай бұлқынып жатқан бұла сәби-қалаға АТ беру және нақты туған күнін анықтау!
Нұрсұлтанның атын қаладан ғана емес, елдің барлық нысандарынан, аэропорт, саяжай, көше, оқу орындарынан түгел дерлік алып тастау! «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», – деген бұрыннан келе жатқан тамаша тәмсіл бар. Бұл менің сөзім емес. Ал менің сөзім керек десеңіздер, Сиыр жылы жазған мына бір сәуегейлігіме қараңыз:
«Сиырдан аман өтсек, арғы жағы тамаша деп тағы айта алмайсың.
Келер жыл аты шулы – Барыс жылы! Бар үміт Барыста дейміз бе?!
70 жыл жер жүзін күркіреткен қызыл үкіметті құлатқан 1986 – Барыс жылғы оқиғаны ешкім ұмыта қоймаған болар? Әсіресе «колонна басында кете барғандар». Оның үстіне Қазақ хандығының да Сиыр жылы туғандығын еске алсақ біз бір үлкен мүшелдің алдында тұрған сияқтымыз. Абайлайық! Тәуелсіздігімізге қатер төніп жүрмесін.
Мұндайда қазақ ырымдап қимас дүниесінің бірін беріп жатушы еді…
Біз не берсек екен?»...
Шынында біз не бердік? Қақаған қанды қаңтарда құрбан болған жазықсыз 248 адамның өмірін бе?..
Біз Нұрсұлтанға қатыстының бәрін берейік. Әйтпесе, бас қалаң – Нұр-Сұлтан атанып тұрғанда, Нұрсұлтанның туған күнін тойлағаның, тойлаған. Солай. Менің айтарым осы. Сіздің не алып-қосарыңыз бар?..
Ал әзірге, туған күніңмен, қазақтың аты жоқ Астанасы!