Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 21 Сәуір 2022

Нанның қымбаттауына негіз жоқ

None
None

Байыбына барып, сабыр сақтамайтын көпшілік жақында әлеуметтік желіде «ішкі нарықта бидай тапшы екен, демек нан бағасы өседі» деген қауесет таратты.

Артынша, бұл дүрбелең қайдан туындады деген сұрақ туды. Әуелде халыққа «қорда екі аптаға жетпейтін ұн қалды, одан кейін бидай тартуды тоқатамыз!» деп аттан салған айқайдың авторы – астық өңдеушілер одағы болып шықты. Олардың айтуына қарағанда, Қарағанды облысындағы 15 диірмен компаниясы, ал Қостанай өңірінің бидай тартатын тең жарты кәсіпорындары жұмысын тоқтатқан. Дейтұрғанмен, бүгінде кенді аймақтағы 15 диірмен кешендері кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Облыстағы «Мутлу» компаниялар тобының бас директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев: «ол қауесет наурыз айының ортасында Ресейдің бидай экспортына шектеу қойған кезден басталды» дейді.  

–  Бұған дейін бидайдың тоннасы 115 мың теңге тұрса, қазіргі бағасы 160 теңгеге тұрақтады. Ол бойынша, 50 келілік бірінші сұрыпты ұнның бағасы 9 300 теңгеге жетті. Қазақстандық диірменшілер тоқайласып үкіметке үндеу жолдадық. Біз қорда бар астықты шетелге сатуды күзге дейін шектей тұруды және астықты өзіміздің диқандардан сатып алуды сұрап отырмыз. Бірақ бұған шаруалар келісе қояр ма, екен? Оларды да түсінуге болады. Себебі фермерлер астығын қымбатқа сатып жағдайын түзеткісі келеді, – деп мәлімдеді аталған компанияның басшысы.

Дегенмен  жаhандану дәуірінде Қазақстан Ресеймен ғана емес, басқа дамыған елдермен халықаралық экономикаға қатысатынын ескерсек, әлем экономикасы бір-бірімен тамырлас екенін түсінеміз. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында: «Халықаралық тұрақсыздық қалыптасқан кезде бізге де, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне алып келді. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі мүмкін» деп ескерткен болатын. Ендігі орайда, елді елеңдетерлік басты мәселе –  нан бағасы екені аян. Көптің көкейіндегі күпті ойға өткен аптада   ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов жауап айтты.

–  Аймақтарда нан бағасын өсіруге негіз жоқ. Өйткені аймақтарда өнімнің осы түріне баға бүгінгідей нан шығаруға мүмкіндік туғызатындай етіп белгіленеді. Арадағы айырмашылықты мемлекет субсидияландырады, – деп жансақ пікірге нүкте қойды.

–  «Бұған дейін біз облыста астық қоры жеткілікті, ұн тапшылығына ұрындыратын проблема жоқ деп халыққа бірнеше рет хабарладық. Қазір қоймада –  300 мың тонна бидай бар. Оның –  110 мың тоннасы тұқым қоры, 190 мың тоннасы азық-түлік астығы.  Өңірде ұн да жеткілікті мөлшерде. Ұн тартатын өнеркәсіптердің қоймасында – 11,2 мың тонна дайын ұн тұр, –  деген мәлімдеме жолдады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.

Жергілікті ведомство өкілдері таратқан хабарламаға қарағанда, облыстың резервтік қорында 7,7 мың тонна 1 сортты ұн бар. Бұл қор жиын-терін науқаны аяқталғанға дейін әлеуметтік нан шығаруға жеткілікті. Сонымен қатар облыстағы 1 сұрыпты бидайдан дайындалатын нанның бағасын қазан айына дейін тұрақтандыру шаралары туралы меморандум бойынша, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы аймаққа 13 750,2 тонна әлеуметтік нан жеткізіледі.

Тегтер: