Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 11 Ақпан 2025

"Қанның ізін көргем жоқ". Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісімен сұхбат

Аманжол РЫСБЕКОВ
Фото: Жас Алаш

Алтынбек Сәрсенбайұлы – тар күндерде қазақтың қолына түсе қалған бір өткір қылыш еді. Мезгілсіз майырылыпты. Оның қазасы – Қазақстан қоғамы үшін, Қазақстан мемлекеті үшін үлкен жоғалту болды. 

19 жылдан бергі тарихты басқаша елестеткің келеді де тұрады. 19 жылдан бергі жылнаманы басқаша жазғың, басқаша оқығың келеді де тұрады. Биік мінберлерден енді көре алмайтыныңа налисың; көріп жүруің мүмкін еді ғой дегенді ойлағанда ішің күйіп кетеді. 

Алтынбектің қазасынан кейін өзі енді ғана қапастан шығып, жарыққа көзін енді ғана үйретіп келе жатқан қазақ қатты жуасып қалды. Еңсесі енді тіктеліп, көзінің жылты енді тіріліп келе жатқан елдің кеудесі басылып қалған бір күн болса – 2006-ның 11 ақпаны еді – Ер Алтынбек өлген күн еді.

Бұл қазақ енді қай ұлының жолына дәл сондай үмітпен қарар екен... Қашан қарар екен...

Аманжол РЫСБЕКОВ
Фото: Жас Алаш

Аманжол РЫСБЕКОВ, Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі: Қанның ізін көргем жоқ...

Біз ойлы қазақ бір күрсініп алар қаралы күн қарсаңында көп жылдар бойы Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі болған, кәсіпкер Аманжол Рысбековпен сұхбаттастық.

Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза болғалы 19 жыл. Осы он тоғыз жыл ішінде сіздің өміріңізде не өзгерді?

Алтекең қайтыс болғалы талай нәрсе өзгерді, талай дүние өтті. Мен әкемнен кейінгі жақсы адамды жоғалттым деп есептеймін. Әке-шешем берген тәрбиеден кейінгі үлкен тәрбиені осы Алтекеңнен алып едім. Жас та болса талайға тәрбие берген, үлгі көрсеткен өте қайратты, өте мәдениетті адам еді. Маған осы күні осындай адам көп жетіспейді. Қасында он шақты жыл жүрдім. Жақын болдым. Одан бері... Көп нәрсені сұрап алмаппын, үйренерім әлі де көп еді деген өкініштер болып жатады. Аз боп қалды.

Араларыңыз үш жас. Сіз ол кісіден үлкенсіз ғой. Өзіңнен кіші адамнан тәрбие алу деген қандай болады?

Тәрбие алу ол үлкендіктен, кішіліктен болмайтын сияқты. Менің мәдениетім, менің жүріс-тұрысым, менің білімім ол кісімен салыстыруға келмейді. Ол кісінің ортасы бөлек болды. Ерте қызметке араласты, елмен ерте араласты, елмен, халықпен қалай сөйлесу керек, соның бәрін ол бізден артық білді.

Алтынбектің қасына келгенге дейін қандай болдыңыз? Немен айналыстыңыз?

Оған дейін... оқу бітірдім, одан кейін осы оқуды бірге оқыған жігіттермен бірігіп өзімізше бір мекеме аштық. Көлік сатумен айналыстық. Мәскеуден, Жапониядан алғыздық. Мына Бутялар (Болат Әбілов – ред.) бастаған кезде біз де қатар бастадық. Әркім өзінше тырбанып, банктен кредит алып, жан-жақты шапқылап жатқан кезең ғой.

Алтекеңнің қасына келгенге дейін қандай болдым... Адам бала кезінде өзінше бөлек болады. Мектеп бітірдік – бір өзгеріс болды, институтқа түстік – бір өзгеріс болды; шағын кәсіп ашып жатқан кезде тағы бір өзгеріс болды... Бірақ Алтынбекке дейін, Алтынбектен кейін деп бөлетін болсақ, оған дейін жан-жағыма, саясатқа көңіл тоқтатып қарамаппын. Алтынбектің қасына келгеннен кейін, талай нәрсені көрдік, куә болдық. Осыдан кейін көзқарасың да өзгереді, басқасы да өзгереді.

Алтынбек Сәрсенбайұлымен туыстықтарыңыз бар екен. Бала кезінен білесіз бе?

Бар. Оның анасы мен менің әкем бірге туған. Нағашы-жиенбіз. Бірақ бала кезінен жақсы білдім деп айта алмаймын. Мен малшының баласымын. Әкем қырық жылға жуық қой бақты. Каникул басталған соң-ақ малға, тауға кетеміз. Күзде келгенде естіп жататынбыз, Алтынбек келіп кетті, анау келді, мынау келді деп... Кейін келе бір-екі мәрте көргенім бар. Үлкен кісілер көре қалған жерде бір-бірімізге таныстырып жатады, бір-бірін жақын тартып жүрсін дейді ғой. Алтекеңмен жақын танысқаным әбден беріде – 1996 жылы. Жәкем дейтінбіз, Төлеген деген ағамыз бір туыстардың жиынында мені арнайылап апарып таныстырды. Алтекең «жақсы-жақсы» деп, бас изеп, бетімен қарап тұрды да «Сен дүйсенбі ме, сейсенбі ме, маған келіп жолығарсың», деп кетті. Бұл кезде ол Баспа және ақпарат агенттігінің төрағасы, агенттік деген аты болмаса бір министрліктің жүгін арқалап тұрған үлкен мекеме. Сол жерде жолықтық. Мән-жайымды сұрады. Немен айналысып жатырсың, оның болашағы қалай болады, жақын жүріп бірге жұмыс істеуге қарсы емессің бе дегендей. Кіммен сөйлессе де ешкімге міндет жүктемей, ақылдаса сөйлейтін мінезі бар екен. Сөйтіп, ана шаруамызды қалған жігіттерге тастап, Алтекеңнің қасына келдім.

Алтынбек Сәрсенбайұлы
Фото: ашық дереккөз

Алтынбектің командасындағы сіздің негізгі міндетіңіз қандай болды?

Енді ол кезде саясаттың қиын кезі ме, кімнің болса да қасынан жақын адамдары табылуы керек болды. Алғашында бір жаққа бару керек болса, әлденені апарып тастау керек болса, сондай шаруалармен жүрдім. Бірте-бірте жақын болып, бірге жүретін болдым. Кейде отбасылық, жеке шаруашылығымен де айналыстым.

Отбасында қандай болды? Туыстарымен қарым-қатынаста қандай болды?

Соншама үлкен саясатта жүрген адам ғой, жұмыс бабымен қандай қиын шаруа істеп жүрсе де үйіне келгенде өзгеріп сала беретін. Балажан. Қай үйге барса да балалармен үлкен кісіше сөйлесіп, тіпті қалжыңдап, ағаларының балаларын мойнына мінгізіп алып ойнап жүретін. Бірде, кешке таман жұмыстан кейін шаршап, қабағы шытылып келіп, көлікке отырды. Жүріп кеттік. Жолда келе жатып телефонмен сөйлесті. Сөзінен байқап отырмын – Дариға Назарбаева. Біраз сөйлесті. Қысқасы, сөзінің соңында «маған сенбесең әкеңнен барып сұра, мен жаңа ғана айтып кеттім. Ешқандай телевидение жекешеленбейді», деп басып-басып сөйледі де, тұтқаны қоя салды.

Арада екі минут өткен жоқ, ештеңе болмағандай «Аман, Қайнар ағамның үйінің телефоны қандай еді? Бүгін Аделектің туған күні еді, құттықтай салайын», деді. Мен таңғалдым. Қазір ғана Дариғамен айғайласып тұрып, ағасының баласының туған күнін есінен шығармаған. «Хабарды» жекешелендіру туралы дау жүріп жатқан кез ғой.

Бізде шенеуніктерге деген өтірік құрметтер болады. Біз бала күнімізде көп естіген нәрсе – Алтынбекке деген құрмет ерекше болды. Осы елдің ішінде жүргенде Алтынбек өзін қалай ұстаушы еді? Қарапайым адамдарға деген қарым-қатынасы қандай болды?

Алтекең кіммен сөйлессе де ойын сұрап, көңіл күйін байқап отырады. Ол кезде елдің жағдайы белгілі, жұрт жаңадан аяқтанып келе жатқан кез. Сонда қайда жүрсе де кімнің не ойлайтынын біле жүретін. Ел шынында қатты құрметтеді. Туған жеріне жиі барады. Бірде Шәлкөдеге бардық. Аңға шыққанды ұнатады, тауға шыққанды жақсы көретін адам. Бір үйге түсіп, жата-жастана қонып, аңшылық жасадық. Әбден қайтарда көлікке енді мініп қозғалып бара жатқанда «Аман, менің бас киімім қалып қапты», деді. Мен тоқтай сап, үйге кіріп барсам бір топ кісілер Алтекеңнің орнынан бала аунатып жатыр екен. Мен төсектің үстінде тұрған бас киімді алып шыға бергенімде «ой «көрмедім, таппадым» деп айта сал деп, бас киімді де ырымдап, бергісі келмейді... Мұндай оқиғалар көп болатын.

Тағы бірде ауылдан келе жатқанда Кегеннен бір ақсақал жолдың ортасына дейін шығып кетердей боп, жол тосып тұр екен. Алтекең тоқта деді. Қария есік ашқаннан «кемпірім ауырып, ауруханада жатыр еді, Алматыға барсаң ала кет, такси де, автобус та тоқтап қалды» деп, бүкіл жағдайын айтып жатыр. Айнадан қарап ем, Алтекең бас изеп, отырғыз деді. Қолында қоржыны бар. Көліктің алдыңғы орны бос еді, соған отырды. Отырғаннан Алтекең жөн сұрасып, әңгімелесіп кетті. Қария бүкіл өмірбаянын айтып жатыр. Алтекең «депутат сайладыңыздар ма?» деп сұрады. «Ой қызыңдыұрайын қызталақ, анау Серік Әбдірахманов дегенді сайладық. Бір емес екі сайладық-ау деймін». «Оны неге қызталақ дейсіз?» деп сұрады Алтекең. «Ой қанша келді, қанша әңгіме айтты, «жыл сайын екі рет келіп, бәріңізбен әңгімелесіп, жағдайларыңызды біліп тұрам» деді. Қызталақ келген де жоқ, істеген де жоқ». Енді, біраз әңгіме айтты.

Ары қарай ауыл жақтағы кісілер туралы сұрасып, әңгімеден әңгіме шығып, Алтекеңнің әкесі туралы айтып кетті. «Мына Сарыжазда Байғұлов Сәрсенбай деген кісі болды. Өзім көрдім, араластым. Өте принципшіл, таза адам еді. Оны Нарынқолдың ең жетіспей жатқан совхоздарына жіберетін. Екі-үш жылда көтеріп тастайтын. Соның бір сары баласы Астанада министр болып отыр», деп бір тоқтады. Алтекең үндеген жоқ, ары қарай басқа әңгіме қозғап кетті. Әңгімемен Алматыға жетіп келдік. Алматының кіре берісінен, «Развилка» дейді, сол жерден түсіп қалды. Алтекең көліктен түсіп, есікті өзі ашып, «ақсақал, жолыңыз болсын. Жаңағы Байғұлов Сәрсенбайдың сары баласы менмін, Алтынбекпін» деп еді, қарияның даусы шығып кетті. Қалбалақтап, қолынан сүйіп, құшақтап жатыр. Сондай әсерлі көрініс болып еді...

Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшісі Бауыржан Байбосын
Фото: Азаттық Радиосы

Астанадағы кездер туралы айтыңызшы. Бізде Алтынбек Сәрсенбайұлы десе, оның оппозициядағы кезі туралы көп айтады. Ол мемлекеттік қызметте істеді, Назарбаевтың командасында болды. Жұмыс істеу режимі қандай болды?

Қызметін өте беріліп істеді. Өзі министрлікті құрды. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі. Таңертең 9-да барып, кешкі 6-да қайту деген болмайды. Жұмыстың ыңғайына қарап, таңғы сағат 7-де бару керек болса, сол уақта барып тұратынбыз.

Темпіне ілесу қиын болған жоқ па?

Қиындау ғой, әрине. Резиденциядан түннің бір уағында шығады. Жастарды көп жинады жанына. 2000 жылдары Астанаға әлі көп ешкім бара қоймаған, Алматыдан шақыртып алып, пойыздан өзі күтіп алған кездері болды. Сенім артты. Келген қызметкерлер үш-төрт айдың ішінде пәтерлі болып жатады. Жыл сайын наурызда қызметкерлерге үй беретін. Басқа министрліктермен салыстырғанда біздің қызметкерлер аз, мысалы, ІІМ-нің қызметкерлері бізден бес-алты есе көп. Соған қарамастан олар 30 пәтерге сұраныс жасаса, біздің министрлік те 30 пәтер сұрайды. Бірде ІІМ-ге 80 пәтер бөлініпті де, бізге 15 пәтер бөлінген. Соны жиналыстарда, отырыстарда айтып жүріп, пәтердің санын көбейткенін білем.

Көршілері кімдер болды? Қандай шенеуніктермен жақын араласты?

Қызмет бабымен барлық шенеуніктермен араласты, бәріне сыйлы болды. Кейінгі көршілері Нұрлан Нығматулин мен Асқар Мамин болды. Коттедж қалашығы ғой, ары қарай басқалары тұратын. Екеуінің есімде қалғаны, біз кіріп келе жатқанда екеуі күтіп тұратын. Кейін ойласам, ол кезде жағдай күрделі, саясат күн сайын құбылып тұр. Рахат Әлиев шығып жатты, Дариға белсеніп жатты. Соның бәрінің жай-жапсарын білу үшін арнайы күтіп тұратын болу керек. Өздері бизнестен келген, саясатты онша біле бермейді, ақыл-кеңес сұрайды дегендей. Бірде Мамин, көбіне Нығматулин келеді. Біз алыстау жүреміз, жүріп сөйлеседі. Дауыстары естіле бермейді. Олар бізден де көп әңгіме еститін шығар, біздің өзіміз сол кезде-ақ «Алтынбек – болашақ президент» деген сөзді жиі еститінбіз. Бірақ ішкі есептері қандай болғанын білмеймін. Әйтеуір, Алтекең жұмыстан шаршап келе жатқанда мұндай кездесулерді онша ұнатпайтынын байқайтынмын.

Спортпен айналысты. Футбол көп ойнады деп естиміз. Осы футболдағы шенеуніктердің командалары туралы айтыңызшы.

Көбіне президент аппаратының командасымен ойнайтынбыз. Бәйменов кейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды, солармен жиі ойнадық. Принциптік ойындар болатын. Әсіресе Сарыбай Қалмырзаевтың, Ермұхамет Ертісбаевтың командаларымен ойнағанда Алтекең «мынау принципті ойын, жігіттер, біз жеңісті бермеуіміз керек. Намысқа тырысыңдар» дейтін. Әрқайсымызға «Сен Ертісбаевты ұстайсың»; «Сарыбай гол соғып кетпесін» деген сияқты, арнайы тағайындап беретін. Олар да жақсы ойнайтын қызметкерлерін әкеледі ғой, бірақ біз жеңілмейтінбіз.

Оппозицияға кетіп жатқан кезі туралы айтыңызшы. «Ақжол» партиясының құрылып жатқан кезі, оған Алтынбек тең төраға болатын уақыт.

Алғаш оппозицияға араласып, сұхбаттар беріп, мақалалар жазып жүрген, Ресейдегі елшіліктегі кезі ғой. Бір күні мені үйіне шұғыл шақырды. Менде жөнді көліктің ыңғайы болмай, «Лада-9» бар болатын, сонымен бардым. Ыңғайсызданып тұрмын. Ол кісі «бізге бәрі бола береді» деп күлді де, екі бүктеліп, әрең сыйып кірді. Денелі адам, алдыңғы орындықты артқа қарай барынша тірей итеріп тастап отырды. Резиденцияға барамыз деді. Сол машинамен тура Үкімет үйінің алдына бір-ақ барып тоқтадық. Алтекең ішке кіріп кетті де, 15 минуттан кейін қайта шықты. Сосын көлікке отырған соң «Болды, Аман, өткізіп бердім. Мына жерде отыра берсек ұтыламыз», деді. Қаншама жыл министрлікте, басқа жақтарда жүріп, қызметтен шыққанына қуанған адамды бірінші рет көрдім. Қайтар жолда өте көңілді отырды. «Әй, мына әнің не, қазақша ән қойсаңшы» дегені есімде.

«Ақ жолға» тең төраға болып сайланған кезі әлі күнге көз алдымда. Жиналған жұрт орнынан тұрып кетті. Қол шапалақтап, қошеметтеп тұрып алды. Президентке өйтіп қол соқпаған шығар. Тең төрағалардың қасына барып отырғанда кейбір қыздар жылап жатты. Әсерлі. Өте әсерлі болды. Партияға үлкен күш келіп қосылғаны сезіліп тұрды.

Сайлау кездері туралы айтыңызшы. Қандай кедергілер болды?

2004-те Парламент сайлауы болды. Алтекең аянған жоқ. Күн-түн демей учаскелерді араладық. Дауыс санауда да, басқада да ештеңеге қараған жоқ. Қаншама аңду болды. Әсіресе президент сайлауы кезінде соңымыздан қалған жоқ. Неше түрлі көліктер соңымыздан түседі. Бір кездесулерге барса, әлдебір жерге бас сұға қалса, бейтаныс адамдар келіп сөйлесуге тырысып жататын. Сайлауға дейін де, кейін де біраз уақыт қосымша адамдар алып, екі-үш көлікпен жүрген уақыттарымыз болды. Қауіпті бола бастаған. Моншаға барса да біреулерді танып отырады. «Салпаңқұлақтар соңымыздан қалмайтын болды ғой» деп қоятын. Бірақ Алтекең 2005-тің аяғында «президент сайланып алды ғой, енді менде несі бар?» деп, қосымша көліктерді босатып жіберді. Тіпті атақты рэкет Сабыржан (Махметов – ред.) бірнеше мәрте сөйлесуге талпынды. Бізге келіп, ұсынысым бар деді. Алтекең «жолатпаңдар» деді. Бір күні теледидардан көріп қалыпты, президент бірдеңенің ашылуына барған. Сонда президенттің айналасындағы адамдардың арасынан осы Сабыржанды көріп қалыпты. Сонда: «президент осындай адамдарды ертіп жүрсе, солармен ақылдасатын болса, бұл мемлекет қандай мемлекет болады?» деп түңілді.

Осының бәрі болып жатыр. Күн сайын аңду, күн сайын кедергі... Соның бір ең зор дүмпуі – Заманбек Нұрқаділовтің өлімі. Осыдан кейін Алтынбек сақтық ойлап, мәселен, бой тасалау туралы айтқан жоқ па?

Әке-шешесі уайымдады. Бауырлары, жақындары айтып жатты. Сақтан дейді ғой. Бірақ Алтекең онша бір қорғанайын деп, арнайы бір дайындық жасаған жоқ. Дегенмен өзі сезген сияқты. Бірде «кезек бізге де келіп қалған шығар», дегендей бір сөз айтып қалғаны бар. Бірақ өте жайбарақат айтты.

Оппозицияға кеткенге дейін мемлекеттік құрылымдарда істеді ғой. Барлық сала, барлық деңгейде басшылықта отырған адамдармен байланыста болды. ҰҚК дейсіз бе, ІІМ дейсіз бе, бәрінің басшыларымен тікелей байланыса алатын мүмкіндігі болды. Солардан сұрап, жағдайды бақылауға алған жоқ па?

Телефонмен сөйлесіп тұратын. Нартай Дүтбаевпен, Қайырбек Сүлейменовпен. Өзім куә болған бір жағдай, бірде Сүлейменовке хабарласып «Қайырбек Шошанович...» деп бастап еді, ар жақтан «Алтеке, для тебя я Қайреке, Қайреке деп айт. Какие просьбы, все сделаем» деді. Марат Тәжинмен де күні-түні байланыста болды. Бірақ Алтекеңе жасалған қастандық олардан да аттап кетті ме деймін.

1
Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның мәйіттері 2006 жылы 13 ақпанда Алматы, Көктөбе ауылының маңынан табылды. Фото Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабынан алынған

 

Алтынбектің қазасын қандай жағдайда, қалай естідіңіз?

Екі күн бұрын ба, Алтекең үйіне шақырып, шай ішіп отырып: «Атың да Аманжол, жолың болғыш адамсың, Салтанатты (әйелі – ред.) әуежайға апарып, самолетке отырғызып жібер», деді. Балалары Мәскеуде болатын. Сақтық дедің ғой жаңа, сол қауіп төне бастағанда балаларын сол жаққа жіберген, мамасы қастарында, арасында келіп кететін. Шығарып салып, қайтарда Алтекеңе хабарласып едім, өте көңілді екен. «Мен не істейін?» деп едім «Әй, сен құрман жалқаусың ғой, біз ертең-бүрсігүні тауға шығамыз, өткенде шыққанда ілеспей қалдың ғой, бір-екі күн демал, дүйсенбі хабарлас», деді. Сенбі не жексенбі күндері тауға шығып тұратын, ауа райына қарай. Бірақ сол екі күні де ауа райы нашар болды. Біз босаңсып қалдық, дүйсенбі күні ғана хабарласып, іздей бастадым. Ұланға (тағы бір оққағары – ред.) хабарласып ем, ол да ала алмай отыр екен. Не Бауыржан, не Василий жауап бермейді. Ешқандай дерек, хабар жоқ. Жеңісбек деген інісіне хабарласып ем, «паника жасамай тұра тұрыңдар, таппай жатырмыз», деді. Достық көшесінің бойында партияның кеңсесі бар еді, сонда келдік. Біраз адам жиналып қапты. Негізгі ақпаратты Болат, Ораздар алып отырды, солардың соңынан жүрміз. Бір тоқтағанда «Көктөбенің басында көліктері соғылған екен» деген сөз шықты. Сол жаққа барып, сайға кіре берістен бастап полиция қаптап кеткен, ешкімді жібермейді. «Кімі боласыз?» деп, таңдап-таңдап қана жіберіп жатыр. Көлікті қалдырғаннан бастап бір жарым шақырымдай жер жаяу жүрдік. Үшеуі жатқан жерге «басқа біреу шығар» деген далбаса үмітпен жеттік.

10 метрден жақын жібермеді. Денелері аппақ, шешіндіріп тастапты. Оқтың ізі... Айтуға ауыз бармайды. Қанның ізін көргем жоқ...

Екі-үш күн мең-зең күйде жүрдім. Түсімнен шықпай қойды...

Осы көлікте сіз де болуыңыз мүмкін еді ғой? Осы туралы ойладыңыз ба?

Болуым мүмкін еді. Василий Журавлевті жұмысқа 20 қаңтарда ғана алдық. Бір ай да болмаған. Біз әлгі сайдан шыққанша туыстарым мені іздепті, телефон ұстамайды екен. «Екі жолдасымен» дегенді естіген соң бәрі мен деп ойлапты.

Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды жеке таныдыңыз ғой?

Танимын ғой. Василийді жұмысқа өзім қабылдадым. Бауыржан үш жыл бойы жүрді – аңғал, ақкөңіл жігіт еді. Екеуі де жақсы азаматтар еді.

Сіз қандай көмекші болдыңыз?

Қалай айтуға болады... Барынша пайдамды тигізуге, зиянымды тигізбеуге тырыстым. Барар жеріне кешікпей жетуіне, сапарда жүргенде бар заты түгел болуына барынша күш салдым. Қарапайым шаруаға алаңдамауы үшін барымды салдым...

Сұхбаттасқан Алмас Нүсіп

Ескерту:

Сұхбат қағазға ықшамдалып түсірілді. Толық нұсқасын Jas Alash YouTube арнасынан сағат 17:00-де  көре аласыздар.