Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 29 Тамыз 2023

Нариман Қыпшақбаев, экс-министр: Назарбаев мұнайға сеніп, суды ұмытып кетті

None
None
Бұлар әкесі мен шешесінен басқасының бәрін сатты

 

– Әрине…

– Неше түрлі тақырыпта сөйледім, негізгі мәселе су. Қазақтарды «өзі отырған бұтағын өзі кесетін миы жоқ маймыл» деп те атадым. «Судың неге керек екенін түсінбейді» дедім. Ешкім тырп етпейді, нөл. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болыпты. Сараптап отырсам, ілгері басушылық жоқ. Қазір қырғыздан да, өзбектен де, түрікменнен де қалдық. Бұрын Ресейден кейін, Украинамен бірдей келе жатқан ел едік. Бұған не себеп білесің бе? Басқаруға сауатсыздар келді. Совет өкіметі құлаған кезде күшті мамандар болды. Меніңше, сол жақсы мамандардан құтылу саясаты жүрді. Әуелі саясаттағылар Қазақстанды ұрлап, баюды мақсат тұтты. Президенттен бастап әр адам. Оған сауаттылар кедергі келтіретін. Бірақ оларды ақырын-ақырын қуды. Әуелден Қазақстанды дамыған мемлекет қылайық деген идеология жүрген жоқ. Мынандай жер, байлықпен басында миы бар адам бұл дәрежеге жеткізбейді. Мысалы, жапондар түк жоқтан мемлекет құрды емес пе?! Бәріміз қазақпыз. Осы елді көркейтеміз деп күресіп келдік…

Осы жерге келгенде Нариман Қыпшақбаевтың тоқтаған сәтін пайдаланып, сөйлеп үлгердім.

– Бір сұрақ қойсам бола ма?

– Қазір сұрағыңа жетеміз, әуелі менің кім екенімді біліп ал. Кіммен сөйлесіп отырғаныңды ұқ!

– Мен сізді білемін ғой…

Тағы сөзімді бөліп тастады.

– Жоқ, білмейсің. Тыңда!

Үстелді тарс етіп, қойып қалды. Жайбарақат отырғандықтан, селк ете түстім. Ары қарай мен оқушыға, гидротехник лекция оқып отырған қатал ұстазға айналды…

***

Бұлар әкесі мен шешесінен басқасының бәрін сатты

Су – өмірдің көзі. Мен осы ғұмырымда Африка, Араб елдері, Америка… бәрін араладым. Сол су тапшылығы Еуропаны 3 жылдан бері жайлады. Бізге жақындап қалды. «Мемлекет не?» дегенде, жер мен судан тұрады деп айтамыз. Жері жоқ һәм суы жоқ мемлекет ел болмайды. Бұлар не істеді? Екеуін итеріп тастады. Мемлекеттің негізі мұнай, түсті металл деді. Біздің қазақтар әкесі мен шешесін ғана сатқан жоқ, қалғанының бәрін сатты. Жер де, су да кетті. Мемлекеттің тамырына балта шапты. Осыны жастар, сендер білсеңдер деймін.

Неге мен су мамандығын таңдадым?

1942 жыл соғыс кезі. Мен сол кезде оқуға бардым. Ауылда түк тамақ жоқ. Насос деген жоқ, шығыр деген болады. Өгіз жегіп, құдықтан су шығарамыз. Осылайша 1-2 гектарға тары егеміз. Әр жерден 50 центнерден тары аламыз. Әр гектарды суару үшін шығыршы деген болады. Мен қаршадай баламын, сол кісіге көмекші боламын. Күн көрдік, өкіметтен қалғанынан талқан, тары жедік. Айтайын дегенім осы шығырдан бастап сушы болған екенмін.

1953 жылы Торғайдан мектеп бітірдім. Ыбырай Алтынсарин салған мектепте оқыдым. Қазір орында жоқ. Мектепті аяқтап жатқанда су бөлімінің бастығы Қызжан деген ағамыз сөйледі. «Елді өркендетеміз десеңіздер сушы болыңдар. Су болмайынша ел болмаймыз» деді. Сол ағамның сөзі әсер еткен болуы керек. Алматыдағы ауыл шаруашылығы инстутына келіп, оны 1958 жылы тәмамдадым. Міне, осы күнге дейін неше жыл, қанша айлар өтті, бір күн судан басқа қызмет істеген жоқпын. Көзім жетті, мемлекетті ел қылатын жер мен су. Қазақстан бұл жөнінен өте мықты. Жерге де суға да кенде емес. Енді соны басқаратын мықты басшы керек.

су министрлігі
Фото:Jas Alash

Болашақты бүгіннен бастап ойлауымыз керек

Суды пайдаланбайтын сала жоқ, кез келген нәрсе судан басталады. Мысалы, зауыт салатын болса су сұрап маған келеді. Қала салса да сол әңгіме. Көлік жасайтын зауыт бастығы су сұрап маған келсе, одан бір көлік шығару үшін қанша су керек деп сұраймын. Сен «Пәленбей куб метр су керек» дейсің. Мен саған қарсы тағы сұрақ қоямын. «Жапония бір көлік шығару үшін қанша су пайдаланады?». Сен айтасың: «Пәлен су». Мен айтамын: «Демек сен екі есе су артық жұмсайсың. Неге жапондардың технологиясын пайдаланбайсың? Сөйтіп суды неге үнемдемейсің?»

Айтайын дегенім сушы болсаң әр салаға қан тамыры сияқты оның тарайтынын білуің керек. Сол саланы да. Мысалы, Алматы қаласының әр тұрғынына қанша су қажет? Солардың барлығын білу үшін су маманы болуы керек және бұл мамандыққа аса назар аудару қажет.

Тұщы су көзі шектеулі. Ол өспейді тек азаюы мүмкін. Өйткені қала салынады, адам көбеюеді. Ол табиғи процесс. Мысалы, Қазақстан халқы 20 миллион дейікші. Болашақта 40 миллион болатынымызға күмән жоқ қой. Осы судан басқа су жоқ. Қазірдің өзінде жетпей жатыр. Екі есе өскенде не істейміз дегенді бүгін ойлануымыз керек қой.

Қазақстанда бір күнге әр адамға 250 литр таза тұщы су беріледі

Өзеннен келген суға бөгет саласың, су қоймасы, канал қазасың, жалпы айтқанда пайдаланушыға апарасың. Бұл дегеніміз – су ресурсқа айналды дегенді білдіреді. Су ресурсы көрші мемлекеттермен байланысты. Одан бөлек өзімізде басталып, өзімізде аяқталатын су да бар. Адамдар осыны әлі түсінбейді. Жалпы, Қазақстандағы су ресурсы 100 миллиард десек соның жартысы мемлекетаралық өзендерден келеді. Ол дегеніміз – Ресей, Қырғыз, Тәжік, Қытай, Өзбек мемлекеті.

Халықаралық су құқығы деген мамандық бар. 3 жылда бір рет БҰҰ су мамандарын жинайды. 22 наурызды су күні деп бекіткен. Мұндай түсінік қазақтарда жоқ. Міне, осы күні 200 мемлекеттен 20-30 мың су мамандары бір жерге жиналады. Сонда әр мемлекет суға қатысты өз проблемасын айтады. Сол арқылы елдер бір-бірінен хабар алып: «Әй, анау Малиде болып жатқан су жетіспеушілігін біз неге пайдаланбаймыз?» дейді. Саған түсінікті болу үшін айтайын, Қазақстанда бір күнге әр адамға 250 литр таза тұщы су беріледі. Ал Мали деген мемлекетте 5 литр ғана су беріледі екен. Соған сен шай ішесің, тамақ жейсің, тісіңді жууың керек, т.б. Су аштығы дегеніміз – осы. Тамақ жоқ болса жүре беруің мүмкін, су болмаса 10-ақ күн өмір сүресің. Осыны қазақтар әлі түсінбейді.

Қазақстанда су жоқ дегенге маман ретінде келісе алмаймын. Рас, біздің аймақ өте үлкен. Шөл, шөлейтті жерлер Қазақстанның 60-70 пайыз жерін алады. Бірақ олардың астында да аз-маз су бар. Совет уақытында мен 100 мың нысаннан су бар екенін анықтадым. Бетіне су соратын насос, науа қойған едік, кейінгі 30 жылдықта бәрі сынды, құрыды. Бірақ сол су әлі жатыр. Соны іске қосу – келешектің міндеті. Бірақ оны ешкім ойлап жатқан жоқ.

су министрлігі
Фото: Jas Alash

Адал жерді арамдап отырған тек қазақтар

Енді жерге көшейік. Қазақстанның жерін саған түсінікті болуы үшін 3 түрге бөлейін. 270 миллион гектар жеріміз бар. Оның 180 миллион гектары жайылым. 30 миллион гектар жерімізге егін егеміз. 210 болды ма? 60 миллион гектар жеріміз тақыр, өзен, көл, теңіз асты, қала, анау-мынау боп кетеді. Айтпағым – Қазақстан жері шаруашылыққа, бірдеңе өндіруге 80-90 пайызы пайдалы. Осындай адал жерді арамдап отырған тек қазақтар.

Қазақстанның қайда кетіп бара жатқанын көріп, жылағым келеді

Енді егістік жерге келейік. 30 миллионның 2 миллионы суармалы жер. Совет өкіметі уақытында 30 миллион гектар жерді жыртып, егістік салатын едік. Негізінен бидай. Қазір ресми түрде 17-18 миллионнан басқа жерге соқа салмайды. 13-12 миллионы қайда деген сұрақ туады. Оны не премьер, не шаруашылық министрі білмейді. 30 миллион тонна астық өндіретін едік. Енді 14-15 миллионға түсіп қалдық. Неге? Жеріміз аспанға ұшып кетті ма? Бұл бір мысал, көкейіңе түйіп қой (тағы да үстелді дүңк еткізді).

Бұрын 30 миллион бас қой болатын. Оған 180 миллион жайылым жер жететін еді. Қазір жайылым 12 миллион қойға жетпей жатыр. 3 есе аз. Не болды деген сұрақ туады. Түсіндің бе? Қазақстанның қайда кетіп бара жатқанын көріп, жылағым келеді.

су министрлігі
Фото: Jas Alash

Қазіргі бандиттер жерді жалға алады, 10 шақты жыл пайдаланып, сосын шетелге қашып кетеді

Енді үшінші мәселе. Жерді пайдаланудың ғылыми негіздемесі бар. Егістік болсын, жайылым болсын барлығының ғылыми негіздемесі болады. Бұрын колхоз, совхозға суармалы жерден 3-4 мың гектардан артық бермейтін. Ол зерттеліп, ғылыми негізделген. Ал бидай егетін жерді 100 мың гектардан бөлген. Оны суармайсың, егіп қойсаң жаңбыр суымен өзі өседі. Енді 3-4 мың гектар қайдан шықты дегенге келейік. Академиктер мұны әбден зерттеген. Суармалы жерге егін еккенде жердің құнарлылығын ұстап тұруымыз керек. Ал қазіргі бандиттер жерді жалға алады, 10 шақты жыл пайдаланып, сосын шетелге қашып кетеді. Олар жердің құнарлылығын қалтасындағы ақшаға айналдырады.

Мақтааралдағы 500 мың қазағың көшеді

Солтүстік Қазақстан облыстарында жердің құнарлылығы 1 метрге дейін жетеді. Әр сөзімді түсініп ал! 1 см құнарлы топырақты дайындау үшін 100 жыл уақыт керек. Оны сақтаудың ғылыми негіздемесі бар. Ауыспалы егістік деп аталады. Бір жыл бидай, келер жылы арпа, одан кейін жүгері дегендей… Осыны Назарбаев құртты. Қалай құртты?! Бұрын суармалы жерді 3 мың гектардан, бидай егетін жерді 30 мың гектардан неге берді деп ойланған жоқ. Алды да 3 гектардан, 10 гектардан бөліп берді. Ғылымыңа… Бір жаман сөзді айтқым келіп отыр, бірақ айта алмаймын. Мысалы, Жетісай жақта «Достық» деген каналымыз бар. Сол жерде 130 мың гектар жеріміз бар. Соның 40 пайызына мақта егеді. Қалғаны әртүрлі егістік. Ол ғылыми негізделген еді. Баяғыда бұл тәртіп қатаң сақталатын. 3-10 гектардан бөлгесін Мақтааралда не болды? 130 мың гектарға мақта егіп тастады. Ғылыми негізін айтып отырмын ғой, оны былай түсіндірейін. Бұлай бөліп егетін себебі – әртүрлі егістіктің суару мерзімі түрлі уақытта. Барлығы бір күнде талап етпейді. Суару деген 1 жетінің жұмысы. Енді не болды? Біз «Достық» каналынан 100 куб метр су аламыз заң бойынша. Енді мақта суаратын кезде су сұранысы 100-дің орнына 200-ге өседі. Өйткені барлығы мақта егіп отыр. Бәрі бір уақытта суғару керек. Сондықтан су жетпейді. Ал неге жеткізді! Әй, маймылдың ісі ғой. Салдарынан не болды? «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Бетін аулақ қылсын. Бірақ осы жолмен жүре беретін болсақ, 130 мың гектар жердің бәрінен айырыламыз. Бәрі қалпына келмейтін тұзға айналады. Сонымен Мақтааралдағы 500 мың қазағың көшеді.

Шеге шығармаймыз. Қандай айуанбыз…

Енді жайылым жерге келейік. Қазақстанда жайылымды шөптің де өсетін негізі бар. Біреу ерте біреуі кеш шығады. 

«Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.

Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай», — демей ме  Абай. Оның да ғылыми негізі бар еді. Бұлар тағы да сол ғылымға түкірді. Салдарынан Белоруссиядан айран, Өзбекстаннан қияр, Қырғызстаннан «труси» сатып алатын болдық. Шеге шығармаймыз. Қандай айуанбыз. Жаздым, айттым. Минстріне бердім. Түк жоқ.

Сырдария – 150 пайызға пайдаланылып отырған жалғыз дария

Енді суға келейік. Сырдария суының көлемі 37 миллиард. Біз 50-60 миллиард су пайдаланамыз. Сұраныс одан да артық. Сонда 37 миллиардты бір рет пайдаланамыз. Екінші рет 4 мемлекеттің еншісінде Сырдария бойында 3,5 миллион гектар жер бар. Содан су сіңіп, оны сору арқылы тағы 12 миллиард келеді. Осылайша, 50 миллиард болады. Жер жүзінде 150 пайызға пайдаланып отырған жалғыз дария. Келешегі не болады деген сұрақ пайда болады. Осы жағдайды түсіне алмай отырған тағы Қазақстан. Сондықтан мен қырғызды, тәжікті немесе өзбекті кінәлай алмаймын. 37 миллиардтың ішіндегі бізге тиісті үлесіміз 16 миллиард солардың алдынан өтеді. Сусырап өліп бара жатқан халыққа бір шелек су алма деп қалай айтасың? Ондай тәртіп орната алмайсың. БҰҰ-ның жаңа заңы шықты. Заң бойынша әр мемлекет азаматына күніне 100 литр су беруі керек. Бұл – ауыз су ғана. Сыр бойындағы халыққа жетпей жатыр. Ал өсім мықты. Қазақтар осыны түсіне алмай отыр. Осымен біреу айналысуы керек қой.

Кейінгі 30 жылда Қазақстан 7 институтты сатып жіберді

Су шаруашылығы дегеніміз – өзеннің арнасында жатқан суды алып, зауыт не фабрикаға, жайылымға пайдалану. Оның ресурстары, техникалары болады. Мен бұл туралы көлемді зерттеу жазып жатырмын. Оның ішіне 1917 жылдан бүгінге дейін Қазақстан су шаруашылығы қандай болды деген тақырып қозғалады. Су шаруашылығы аудан, облыстан басқарылған. Сол жерде канал тұрғызылып, егістік егілген. Одан арнаға көшкен, Қызылордаға көшкен, т.б. Осылай дамып келген.

Оның сыртында үлкен су қоймаларын салатын ауқымды құрылыс болды. Оны жобалайтын институттар құрылды. Мына біз отырған институтқа 100 жыл болады (Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты). Менің қасымда 100 жылдық архив жатыр еді. 100 жыл ішінде су шаруашылығына қатысты зерттелген құжаттар бар. Қай жерге бөгет салуға болады, топырақтары зертханада тексеруден өткен. Суды ұстай ала ма, ұстай алмай ма, тәжірибеден өткізілген. Егістік жерге жарай ма, жарамай ма, бәрі тексерілген. Енді кейінгі 30 жылда мына институтты сатып жіберді. 1 ай болды, архивті бір жаққа апарып тастады. Жүгіріп Астанаға бардым, жас министрге «аналарға архив керек болмаса, сіз сатып алыңыз» дедім. Менің түсінігімде 100 жылдық материал жатыр. «Жарайды» дегендей көзқарас білдірген. Әлі нәтиже жоқ. Айтайын дегенім – сондай Қазақстанда 7 институт болды. Қазір соның біреуі жоқ. Егер ауқымды жоба жасау керек болса, жоба жасайтын институт қалмады. Сонда бұлар кімге береді жобаны? Түркияға ма, Америкаға ма?

Сырды қырғыздар мемлекетаралық емес, тек өз меншігі санайды

Су маманы ретінде қалған үш елдің су саясатын айтайын. Бір жағынан оларды кінәлай алмаймын. Бірақ олардікі дұрыс саясат емес. Мысалы, қырғыз өкілі біздің су заңымызда мемлекетаралық өзен деген жоқ дейді. Бұл дегеніміз Сырдария солардан ағып келеді. Демек Сырды олар мемлекетаралық емес, тек өз меншігі санайды. Оған анау өкіметіміз, сыртқы істер министрлігіміз «оу, ағайындар мына сөздеріңізді қалай түсінуге болады?» дегенді біреуі айтпайды. Тек «Қырғызстан бізге су жібермей жатыр» дейді де қояды. Халықаралық тәртіп бар. Менің бітірген шаруам солар. КСРО құлай салып, сол заңды мен енгіздім. Ол келісім күшінде. Тәртіпті елімізде кім қадағалап отыр? Ондай министрлік жоқ. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның мақсаты сол құжаттың күшін жою. Қазақтардың түк бітірмей отырғанын көріп отыр. «Қазақтар ештеңемен айналысып отырған жоқ. Демек, оған кетіп жатқан 16 миллиард суға үшеуміз ие болайық» деп отыр. Бұл менің көзқарасым, ойым. Бұл ойымнан маман ретінде қайтпаймын. Соны түсініп отырған ешкім жоқ. Келісімді орындау үшін қаншама ұйым құрдық, ғылыми орталықтар салдық. Қазір олардың ешқайсысы жұмыс істемейді. Тағы да Қазақстан кінәлі. Неге? Себебі су бойынша мемлекетаралық институт деген болады. Соған біздің ел ақы төлемейді. Сондықтан олар ақы төлеп отырған Өзбекстанның қызметін жасайды.

Мына Қазақстан не нәрсеге есеп жасап жатқанын түсінбеймін

Үлкен су қоймаларын салу үшін мықты құрылысшы болу керек. КСРО кезінде жылына қуаттылығы 1 миллиардқа жететіндей құрылыс мекемелері болды. Кез келген жобаны салып беретін. Қазір салғаны ертеңіне құлайды. Осыдан біреуі қалған жоқ. Мына Қазақстан не нәрсеге есеп жасап жатқанын түсінбеймін. «Біреуі құрылыс ұйымдары қайда бар? Олар не істеп жатыр?!» дегенді айтпайды.

Еділ бойында бірде бір орыс тұрмаған

Қытайлар «Қазақстанның мұншама жері біздің жеріміз» деп айтады. Орыстар аузына келгенін оттап отыр. «5 облысты сыйға тарттық» дейді. 900 жылы жазылған кітап таптым. Ирандық екен авторы. Картаның қалай жасалғанын тәптіштеп жазыпты. Назар аударғаным басынан аяғына дейін Еділ өзенін сипаттапты. Нендей өсімдік өседі, су қай жерден басталды, қайда бара жатыр деген сияқты бәрін баяндапты. Оқып отырсаң соның бойындағы халықтарды жазыпты. Ішінен орыстарды таба алмадым. «Волга русская» дейді. Қайдағы орыс?

Жетісайды өзбектердің құртып отырғаны – достық қарым-қатынас па екен?

Баяғыда шекара бөлінісі кезінде Өзбекстанға Бостандық ауданын беріп Шыршық өзенінен айырылдық. Қаншама қазақтар шекараның арғы бетінде қалды. Енді бағана қытайлар мен орыстарды айттым. Сол сияқты өзбектер су бермей жатқанда: «оу, өзбек ағайын Бостандық пен Мырзашөлді сендерге бергенде қазақтарды судан қыс деп бердік па? Бұл қандай ағайындық?!» деген сұрақты қоймайды ғой біздің тарап. Өткенде Өзбекстан су қоймасы жарылып, қазақтарды су алып кетті. Боқ-сідігімен басты. Халық көшеге шықты. Сонда Шөкеев не дейді: «Неге шулайсыңдар, біз ақша бөлеміз» дейді. Ол қай ақшаны айтып тұр. Өзінің қалтасынан ба, әлде елдің қалтасынан ба? Әрине, елдің ақшасы. Сол кезде сушыларды жинадым. Өзбектердің бұл су қоймасын қалай тұрғызғанын білемін. Архивімде жатыр. Министрлікке «осылай да осылай» деп, нота жіберіңіздер дедім. Олардың маған айтқан жауабы «біздің Өзбекстанмен өмірлік достық» деген келісімге қол қойған екенбіз. Сонда Жетісайды өзбектердің құртып отырғаны – достық қарым-қатынас па екен?!

Қырғыздармен 1983 жылы қол қойған келісім әлі күшінде

Енді Талас өзеніне келейік. 4 мың гектар жерге егін еккен халыққа су жетпей, олардың еңбегі еш кеткелі отыр. Қырғыздар су беруді тоқтатты. Біз Талас өзеніндегі су жөніндегі келісімге 1983 жылы қол қойдық. Сол күшінде тұр әлі. Талас өзенінің суы мол, орта, аз жылы болады. 3 категорияға бөлінеді. Су орта жылымен есептегенде Таластың су қоры 1 миллиард 600 миллион. Оның тең жартысы қырғыздікі, жартысы біздікі. Келіскенбіз соған. Ал егістікке келсек, 1 мамырға дейін биыл Талас өзенінің суы қандай болады дегенді анықтайтын едік. Оны қырғыз бен қазақтар анықтайтын еді. Өзендерді зерттейтін гидрологиялық қызмет дейтін болады. Су емес, өзендерді. Қай кезде тасқын, қай кезде мұз деген сияқтыларды зерттейтін. Қазір сондай гидрометқызметтері қайда?! Биыл Талас өзенінде қандай жыл болды? Суы тапшы жыл болатынын қазақтар қай кезде білді?! Осының бәрін ауыл шаруашылығы басшылары егін еккенге дейін білу керек. Бұрынғы істеген әдісіміз біздің. «Әй, биыл су болмайды. Сондықтан егінді азайтыңдар, текке шығын» дейтін едік. Сол қызметтер қайда қазір?! Соның салдарынан қарапайым халық зардап шегіп отыр.

Жалақыларын алып отыр. Жұмыс істегісі келмейді

Кеше Жамбылға хабарластым: «Не боп кетті, әкіміңді шақырайын?! Жиналайық!» дедім. Жамбыл облысының келешегі – тек қана 250 мың гектар суармалы жерінде ғана. Ол жер болмаса, Жамбыл облысы құриды. Фосфорың бар, тағы не бар?! Бәрі таусылады. Тек 250-де. Кеше біреу Жамбыл облысында 180 мың гектар жер бар деп сөйлеп отыр. Әй, 70 мың қайда?! Түсінбеймін. Аспанға ұшып кетті ма? Басшыларына жазылдым. Қабылдаған жоқ. Бұл мәселе егістік жинайтын кезде емес, еккенге дейін көтерілуі керек. Жалақыларын алып отыр. Жұмыс істегісі келмейді. Астанада суды есептеп отырғандар «КазВодхоз», «комитет по водным ресурсом…» бәріне айттым. Бастықтарына «менің ізімнен еріп отырыңдар, осы штаттағылар не жұмыс істеп отырғанын анықтап берейін. Бір сұрақ қоямын» дедім. Жалақы алып отыр. Не үшін алып отыр? Бастықтары бұған көнбейді. Демек, олар да біледі. Компьютердің алдында отырады. Түк істемейді.

Каспийге су жеткізбей отырған – орыстар

Енді Каспийге келейік. Бұрын орыстармен келісімге келгенде Жайықтың суын шекараға дейін жеткізуге емес, Каспийге барғанға шейін екі ел жауапты етіп келісетін едік. Қазір басқаша. Жайықтың суы жетпей жатыр. Мен саған жатқа айтайын, Жайықтың суы – 11 миллиард. Оның 7-8 миллиарды Каспийдің үлесі. Каспийге сол су бару керек. Мен басшы кезде «сол судың баруына сен де, мен де жауаптымыз» дейтін едім орыстарға. Енді орыстар сол жауапкершілікті қазақтардың мойнына итере салды. Жеткізбей отырған қазақтар деп айту үшін. Әй, ол суды орыстар алып қалып жатыр. Солардың саясаты. Бас қайда?!

Істеген істері осындай. Түсінбеймін. Мен осыған жауапты басшыларына кіріп: «Еділ мен Жайықтан алатын үлесің қанша?» деген қарапайым сұрақты қойғым келген. Олар жауап бере алмайды. Ал жалақысын алып отыр.

Мен де Махамбет сияқты кезінде қырқыстым

Махамбеттің маған ұнайтын жері бар.

«Еділ үшін егестік,

Тептер үшін тебістік.

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік», — дейді.

Мен де Махамбет сияқты кезінде қырқыстым, дәл есептеп басқа елдерге келісім жасап қол қойдырдым. Ойыл қайда, жем қайда, Сағыз қайда деп айқайлайды. Менің де айқайым сол. Қайда ал?!

Орыстар шекарасына жақын жерге АЭС салдырмайды

Балқашқа АЭС салатын болды. Қаншама айттым. Ақымақтың ісі. Әй, Балқаштан басқа жер таба алмады ма? Семейде 6 жыл жұмыс істедім. Бәрін ластады ғой. Сол жерде атом бомба сыналған Курчатов деген қаласы бар. Сол жерге неге салмайды? Ол жерге салмаңдар деп орыстар айтты дейді. Себебі орыстар өз жеріне жақын жерге салдырмайды. Апат болған жағдайда бірінші кезекте орыстар құриды. Өзбектер ше? Бізден алған Арнасайдың жанына салайын деп жатыр. Тағы қазақтар құри ма? Өзбектерге: «Әй, мұның не? Біз келісе алмаймыз!» деп айтатын ешкім жоқ па?

Балқашқа Қытайдан 10-12 миллиард су келеді. АЭС салсақ, ол өлі көлге айналады. Сосын қытайлар «онсыз да өлтіріп отыр екенсіңдер, біз неге өлі көлге су беруіміз керек» деп тоқтатып қоя алады. Мен маман ретінде Балқашқа АЭС салуға қарсымын. Аралды құрттық, енді Балқашты сақтайық!

Су шаруашылығы министрлігі керек

Министрлікке айттым. Су шаруашылығы министрлігін құруымыз керек. Оған ешқандай да үкіметтен ақша керек емес. Мен Тәуелсіздік алған жылы су кодексін жазып шықтым. Оны 2003 жылға дейін қолданды. Кейіннен уақыт өткесін өзгеріс болады ғой. Басқа су кодексін қабылдады. Енді қайтадан министрлік жаңа заң қабылдайын деп жатыр екен. Маған қарап беріңіз деді. Оқысам, бәрін былықтырған. Су шаруашылығын құртатын заң бұл. Түк те жоқ. Су шаруашылығынсыз Қазақстан болмайды. Ол мекемені құру үшін қосымша қаржы керек емес. Бағана айтқан «КазВодхоз» сияқты үш мемлекеттік ұйым бар. Үшеуінің қызметкер санын қосқанда 200-ден асады. Осының негізінде дұрыс ұйым құру керек. Ана текке ақша алып отырғандардың орнына сумен айналысатын білікті мамандарды жинау керек. Осы менің айтарым. 200 адам ақша алып отыр, түк бітірмейді. Сауат жоқ! Қазақстанның жағдайына қиын жағдай тудырып отыр. Өзбектермен келісімге келдік дейді. Барғанда қырғыздың, тәжіктің, өзбектің не айтып отырғанын маман ретінде түсінбейді. Сұмдық бұл! Ресми түрде айтамын! Жауапкершіліктен қашып құрылған мекеме ғой. Білімсіздер жалақы алып отырған жер. Ешқандай ақша бөліп қажет емес. Соның 100 адамын қысқартса жетіп жатыр. Тоқаевқа осылай жеткізу керек. Басы бар адам болса істеуге, азайтуға болады.

су
Фото: Jas Alash

P.S.90 жасқа келіп қалған экс-министр есік алдына дейін шығарып салды. Кетіп бара жатқанда «әй, мыналарыңнан бірдеңе шыға ма?» деп тағы қайталап сұрады. Мен бас изедім. Қазір Қазақстанның болашағы тек жастардың қолында, мен текке күйіп-пісіп отырған жоқпын, соларға жетсін деп айтып отырмын. Ал мына басшылардан көңілім қалды» деді. Төртінші қабаттан аяңдап, төменге түстім. Алматы ауасы жаз мезгіліндей емес, жаңбыр құйып тұр. Арықтың алдын қоқыс бітеп, судың жартысы көшеге жайыла ағып жатыр екен. Ары-бері жүрген адамдар суды айналып өтуге тырысады. Мен де су жағалап қайттым. Нариман Қыпшақбаевтың «Қазақстанда маман ретінде су тапшы дегенге келісе алмаймын» деген сөзі санамда жаңғырып жатты.

Жазып алған Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: