Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Нарынқол мен Кегенде қызметтік пәтер дауы неге өршіп тұр?

1
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы, Райымбек ауданының тұрғындары «Жас Алаштың» редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Тұрғындардың айтуынша, бұрын Райымбек ауданында судья болып жұмыс істеген Тұрсынбай Сексенбаев өзіне берілген коммуналдық пәтерді зейнетке шыққаннан кейін де босатпай отырған көрінеді.

Неге екенін қайдам, Райымбек ауданында қызметтік пәтерлерге қатысты дау былтырдан бері ушығып тұр. Жергілікті белсенділердің айтуынша, әкімдіктің заңсыз әрекеті кесірінен жарты млрд теңгеге жуық қаржы негізсіз жұмсалған, «жаңа» деп сатып алынған баспана ескі боп шыққан.

Артық ақша қайда кетті?

Бізге жеткен мәлімет бойынша, ауданның бұрынғы әкімі Берік Дүйсенбаев дәл осы үй мәселесіне байланысты қызметінен кеткен көрінеді. Себебі баспана салуға деп бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаражаттың 550 млн теңгесі мақсатсыз жұмсалған. «Үй сатып алынды» деп жалған құжат жасалған және баспананы нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатып алған, құжатта «жаңа үй» деп көрсеткендері ескі үй болып шыққан. Соңынан тексергенде мұның бәрі әшкере болған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр екен, сондықтан нақты мәліметтер әзірге белгісіз.

Дегенмен де, «Жас Алаштың» тілшісі аудандағы баспана дауына қатысты бірқатар құжаттармен танысып шықты. Арызда аудан тұрғындары бірігіп, прокуратураға, Антикорға және ішкі мемлекеттік аудит органдарына арыз жолдаған. Арызда келтірілген деректерге қарағанда, 2023-2024 жылдары аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекет қомақты қаржы бөліп, бір тұрғын үйдің орташа құнын 16,3 млн теңге деңгейінде белгілеген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, сатып алынған үйлердің нарықтағы шынайы бағасы 6-7 млн теңгеден аспайды. Оның үстіне, кейбір баспаналар қамыстан, пеноблоктан салынған екен, оны айтасыз, тіпті 1970-1980 жылдары тұрғызылған ескі үйлер бюджет есебінен сатып алынып, «жаңа үй» деп көрсетілген. Ал конкурс талаптары мүлде басқа. Құжаттарда тұрғын үйлер кірпіштен немесе ағаштан салынуы тиіс екені және олардың пайдалану мерзімі екі жылдан аспауы керек екені нақты жазылған. Соған қарамастан, бұл талаптардың өрескел түрде бұзылғаны арызға тіркелген құжаттармен дәлелденіп отыр.

Баға айырмасы тіпті күмәнді. Мәселен, бір үй мемлекетке 16,36 млн теңгеге сатылған, ал бұрынғы иесі сол баспананы 7-9 млн теңгеге ғана өткізгенін растайды. Айырма – 7-9 млн теңге. Ол ақшаның қайда кеткені тағы белгісіз. Бұл – бір ғана үй емес, бірнеше баспана бойынша қайталанған жағдай.

Бұдан бөлек, тәуелсіз бағалау есептері де күмәнді. Бағалаушылар «аудан аумағында белсенді нарық бар» деп көрсеткенімен, Райымбек ауданы сияқты халқы сирек, түпкірдегі өңірде Krisha.kz секілді платформалар арқылы нақты мәмілелердің болмағаны арызда нақты көрсетілген. Соған қарамастан, бағалау есептері нарықтық салыстыру әдісіне сүйеніп жасалған. Тұрғындар мұны жалған бағалау деп санайды.

Тұрсынбай Бәйбекұлы
Экс-судя Тұрсынбай Бәйбекұлы. Фото: ашық дереккөз

Экс-судья үйді неге босатпай жүр?

Ауыл тұрғындарының айтуынша, осы уақытқа дейін ауданда жүзден аса баспана салынған. Оның елуі мемлекеттік қызметкерлерге беріліпті. Осы қызметтік үйлерді ауданға келген мамандар алып, кеткендерінің көбі қайтармай жүрген көрінеді. Жақында Нарынқолда бір отбасының үйі өртеніп кетті. Үй иесі баспана сұрап әкімдікке барғанымен, ала алмаған. Өйткені бос үй жоқ. Шалғай ауданға мамандарды шақыру кезінде де баспана мәселесі туындайды. Қазір дау болып жатқан баспанаға қатысты ауыл белсенділері бұрынғы судьямен сөйлескен. Ол үйді заңды алғанын, сондықтан ешкімге бермейтінін айтыпты. Ең қызығы, әлгі бұрынғы судьяның өзі бұл үйде тұрмайды екен. Оның Шелекте үйі бар көрінеді. Яғни, баспанадан таршылық көріп жүрген адам емес.

Нарынқол ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерлан Көккөзовтің айтуынша, Тұрсынбай Сексенбаевтың Нарынқолда судья болып қызмет атқарғаны рас. Судья болып жүрген кезінде оған мемлекеттік коммуналдық пәтер берілген. Ол осы жерден зейнетке шыққан. Қазір Шелекте тұрады.

«Тұрсынбай Бәйбекұлының ауылдан кеткеніне 1 жыл 10 ай болды. Бірақ қызмет атқарып жүрген кезінде алған үйді қайтарып бермей жүр. Біз бұл туралы мәселе көтеріп, әлеуметтік желіге жазба салдық. Бұл мәселені аудан әкімдігінде де көтердім. Олар «біздің шамамыз келмеді» дегендей уәж айтты. Жаңадан тағайындалған әкіммен де сөйлестім. Одан бері де 2 ай өтті. Қазір ауылымызда 6 баласы бар ана төбесі құлағалы тұрған үйде отыр.

Жалпы ауданымызда үй тапшы. Менің білуімше, 400 отбасы үй кезегінде тұр. Осындай қысылтаяң кезде үйді босатпай отырғандарға таңғаламын. Сонда заң кімнің мүддесіне жұмыс істейді? Соттардың өзі осындай заңсыз әрекет жасаса, халыққа қалай төрелік айтады?! Бұл – бүкіл сот жүйесіне көлеңке түсіретін мысал.

«Ауданда 54 баспана салынды» деп жалған мәлімет берілген. Қазір тергеу жүріп жатыр. Райымбек ауданы қайта құрылғалы 8 жыл болды. Содан бері 117 үй салынды. Үйлердің сапасы өте нашар. Ауданға жұмысқа келген дәрігерлер қайтып кетіп қалады. Себебі олардың тұратын баспанасы жоқ. Баспана жетіспейді, жұмыс көзі жоқ, халық көшіп жатыр», – дейді ауыл ақсақалы.

«Елдің бәрі заңды түсіне бермейді»

Осы мәселе бойынша бұрынғы судья Тұрсынбай Бәйбекұлымен сөйлестік. Ол «Нарынқолда он жыл қызмет атқарғандықтан, үйді заңды алдым» деп есептейді. Т.Сексенбаевтың пайымдауынша, судьяның статусы деген заң бар. Сол заң бойынша судья зейнетке шыққаннан кейін коммуналдық үй болсын, қызметтік үй болсын жекешелендіріп алуына құқығы бар.

«Мен ешқайда кеткен жоқпын. Осы ауылда тұрып жатырмын. Қысқа қарай Алматы жаққа барып тұрамын, жазға қарай Нарынқолға келемін. Жаңадан үй сатып алайын десем, қымбат. Нарықтағы баға 30-35 млн теңге. Оған менің жағдайым келмейді. Сондықтан осы үйде тұрып жатырмын. Қазір ол үйде қарындасым бар. Қарындасыммен бірге тұрамын. Мен қалаға кеткенде, қарындасым үйге қарап қалады. Қазір адамдар 1-2 ай қалада, 1-2 ай ауылда тұра береді ғой. Әркім жағдайына қарай өмір сүріп жатыр. Тіпті жағдайы барлар бірер ай Қазақстанда тұрып, бірер ай жылы мемлекетке ұшып барып, сонда өмір сүріп жатыр.

Мен басқа ауданға қызметке барып, ол жерден де қызметтік үй алсам бір жөн. Зейнет жасындағы адаммын. Аудан жүзге тарта үй сатып алған ғой. Оның көбісінде адам тұрмайды, бос тұр. Өткенде ауыл ақсақалдары мен туралы әлеуметтік желіге салыпты. Өздері білсін, қазір сөз бостандығы. Егер бір қызметкер баспананы заңсыз иеленіп отырса, әкімдік оны сотқа береді. Әрбір аудан азаматына мұның бәрін түсіндіріп, айта бермейсің. Олардың барлығы заңгер емес, елдің бәрі заңды түсіне бермейді. Егер ауыл белсенділері БАҚ арқылы жазып, қысым жасаймын десе, қорқатын жайым жоқ. Бәрі заңды. Егер жағдай өршіп бара жатса, жеке басқа өтсе, сот алдында кездесеміз. Басқа айтарым жоқ», – деді бұрынғы судья.

Біз Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевпен де хабарласып, пікірін сұрадық. Алайда әкім денсаулығына байланысты сөйлесе алмайтынын айтып, орнына әкімнің орынбасары жауап берді. Оның айтуынша, экс-судьяға берілген үй заң бойынша үкіметке қайтарылуы тиіс.

«Аудан әкімі жаңадан сайланды. Келе сала осы ең маңызды тұрғын үй мәселесімен айналысып жатыр. Аудан әкімі бұрынғы судьямен де сөйлесті. Үйге мұқтаж отбасылар бар екенін ескертті. Ол кісі көктемге дейін мұрсат сұрапты.

Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген, айтылған. Дастан Сұлтанмұратұлы сайланғаннан кейін де аталған мәселеге білек сыбана кіріскен. Жылыту маусымы аяқталса, көктемге қарай үйді қайтарып аламыз, мәселе шешіледі. Ол экс-судья өзіне алып қалатындай баспана емес, заң жүзінде де ол үйді босатып беруі тиіс», – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлы.

«Дайын асқа тік қасық...»

Баспана мәселесі тек Райымбек ауданында туындаған мәселе емес, көрші аудан Кегенде де жағдай осы. Естеріңізде болса, Кеген ауданындағы осыған ұқсас даулы оқиғаға байланысты аудан азаматтары «Жас Алаштан» көмек сұраған еді.

2022 жылы Кеген ауданына полиция бөлімінің басшысы болып келген Ерлік Үркімбаев басқа ауданға ауысып кетсе де, қызметтік үйді босатқысы келмеген. Е.Үркімбаев 2022 жылы ақпанда Кегенде қызметтік үй алу бойынша әкімдікпен келісімге отырып, сол жылдың қарашасында Ұйғыр ауданына ауысып кеткен. Бірақ, соған қарамастан, Кеген аудандық әкімдігі мен тұрғын үй комиссиясы оған 2023 жылдың басында жаңа қызметтік үй беріп жіберген. Ал Үркімбаев сол мезетте Ұйғыр ауданынан да қызметтік үй алып қойған. Осылайша ол заңсыз түрде екі ауданнан да үй алған.

Бір қызығы, Кегеннің қазіргі әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бұл мәселеге араласқанмен, түйінін шеше алмай, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атына екі рет хат жазып, көмек сұраған. Бірақ одан да нәтиже болмаған. «Жас Алаш» газетінде «Теңізбаевты Үркімбаев тыңдамайды, Сұлтанғазиев естімейді» (№54, 2025 жыл, 8 шілде) деген тақырыппен зерттеу мақала жариялады. Мақала шыққан соң көп ұзамай бұл мәселе де шешімін тапты.

Мақпал Шадан
Фото: Мақпал Шадан

Кеген ауданының тұрғын үй комиссиясының мүшесі, жергілікті белсенді Мақпал Шадан шалғайдағы Райымбек пен Кеген аудандары көбіне назардан тыс қалатынын айтады. Оның сөзінше, ауданға ауысып келген заң қызметкерлері қызметтік пәтер алып, кейіннен оны қайтарғысы келмейді екен. Оның үстіне шалғай аудандарда жаңа үйлер салынуы қиын. Егер ауданға маман шақырылса, оған пәтер тауып беру оңай емес. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, аз жалақыға шалғайға жұмысқа ешкім келмейді. Ал жақсы мамандар көбірек үстемеақы беретін жерлерге кеткісі келеді. Райымбек, Кеген аудандары маманға жоғары үстемеақы төлей алмайды. Сондықтан мамандарға үй береміз деген ұсыныс айтады.

«Бұл аудандарда салынып жатқан үйлер өте аз. Сырттан келетін мамандарға баспана тауып беру қиын. Үймен қамтамасыз ету – әкімдіктің тікелей міндеті. Салынып жатқан үй аз болған соң олар да қандай шешім қабылдау керегін білмейді. Былтырдан бастап салынған үйлер «Отбасы банк» арқылы беріле бастады. Енді әкімдік қызметтік пәтер немесе басқасын қарастыра алмайды. Осы аудандарда заң саласында қызмет атқарған мамандар үйді босатпауы жиілеп тұр. Райымбек ауданы сияқты бізде де баспана дауы бар. Заң қызметкерлері заңды, әлеуметтік жағдайды біле тұра, санаулы үйлерді алып алады, кейін қызметтен кеткен соң босатпай қояды. Осыдан соң «Қазақстанда заң тек қара халыққа арнап жазылған ба?» деген сұрақ туады. Өйткені коммуналдық үй ешқашан меншікке өтпейді. Заң қызметкерлері «біз жұмыс істедік, зейнетке шықтық, еңбегіміз сіңді, баспана бізге қалуы тиіс» деп есептейді. Біз мұндай үйлердің бірнешеуін Кеген ауданында рейд жүргізіп, босатып бердік. Бірақ бәрібір бұл жағдай азаймады. Сондықтан Алматы облысы әкімдігі бар, басқа да құзырлы органдар мұны түсіндіруі керек деп есептеймін. Аудан белсенділері лауазымды тұлғалармен қашанғы алыса береді?», – дейді жергілікті белсенді М.Шадан.

Алматы облысының әкімдігі неге үнсіз?

«Жас Алаш» газеті Райымбек ауданындағы баспана дауына қатысты Алматы облысы әкімдігіне ресми сауал жолдап, «Облыс әкімі М.Сұлтанғазиевтің бұл мәселеден хабары бар ма? Қызметтік пәтер дауына қатысты қандай шара қолданасыз?» деген сауалдарымызға нақты жауап күткенбіз. Әкімдік «сұрағыңызды қарастырып жатырмыз, жауап береміз» дегенімен, мақала дайын болғанша ешқандай жауап келген жоқ. Сондықтан «Жас Алаш» бұл мәселені бақылауда ұстайды.

Тұрсынбек БАШАР