Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:30, 01 Наурыз 2022

Нартай Дүтбаев: Мен еліме опасыздық жасаған жоқпын!

None
None

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Кәрім Мәсімовке қылмыстық кодекстің ең ауыр бабы «Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) үшінші басшысы.

Оның алдында дәл осындай айыппен Әлнұр Мұсаев (сырттай) және Нартай Дүтбаев сотталған болатын-ды. Алайда «Караван» апталығына берген сұхбатында Нартай Нұртайұлы өзінің бұл баппен сотты болғанын жоққа шығарды.

– Осы орайда, мына дүниені естеріңізге сала кеткенді жөн көріп отырмын. Әлнұр Мұсаев ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрғаны және билікті күшпен басып алуға дайындық жасағаны үшін сотталған еді. Ал мен – лауазымдық өкілеттіктерін асыра және теріс пайдаланды, мемлекеттік құпияларды жария етті, сондай-ақ бөтен біреудің сеніп тапсырылған мүлігін иемденді-мыс деген айыппен сотты болғанмын. Алдын ала тергеу кезінде ондай ұмтылыс болған-ды, бірақ Құдайға шүкір, маған ондай айып тағылған жоқ.

Әрине, ҰҚК-ні қайта құрылымдау қажет. Алайда әлемдегі бірде-бір мемлекет арнайы қызметсіз өмір сүре алмайды. Қаншалықты жақын болғаныңмен мемлекет мүдделері өзінің одақтастарымен қайшылыққа келуі ғажап емес. Қазақстан мүдделері қорғалуға тиіс. Конституцияда және ҰҚК органдары туралы заңда осы органдардың «мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, конституциялық құрылымды, ұлттық қауіпсіздіктің басқа да құрамдас бөліктерін қамтамасыз етеді», деп атап көрсетілген. Міне, осы негіздемелерді басшылыққа ала отырып, қайта құрылымдауды жүзеге асырған жөн.

Жауапкершіліктен бұлтартқан жоқпын!

Маған қатысты қозғалған қылмыстық іске қайта оралайық. Тергеу «өте құпиялы» деген таңбамен, ал сот процесі жабық режимде өтті. 2016 жылы мені қамауға алып, бір жылдан кейін 7,5 жылға бас бостандығымнан айырды. Ал 2018 жылы мені екінші рет соттап, 12 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Ал 2020 жылы күтпеген жерден мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығарды. Алайда бұл жерде ешқандай саяси сауда болған жоқ.

Біріншіден, менің үстімнен 3 қылмыстық іс қозғалған болатын-ды. Олардың біріншісі бойынша мені 2002 жылғы оқиғалар кезінде мемлекеттік құпияны жария етті және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыптады. Айтпақшы, екінші қылмыстық істі тергеу мен жазалау мерзімін ұзарту үшін ғана біріншісінен заңсыз бөліп шығарды.

Мен мерзімінен шартты бостандыққа заңды негізде шықтым. Өйткені ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, тергеу абақтысында өткізілген 1 күн 1,5 күн болып есептелінетін болды. Ал мен тергеу абақтысында, жалпы алғанда, 1 жыл 10 ай өткіздім. Сондықтан ешқандай саяси сауда болған жоқ.

Менің қамауға алынуым, әлбетте, көптеген адамдар үшін күтпеген жәйт болды. Мен Әбіләязов ісі бойынша маған қатысты тексерулер жүргізіліп жатқанын білдім. Бірақ Әлнұр Мұсаев сияқты шетелге қашпадым. Оның қажеті де жоқ болатын, өйткені мен заңға қайшы ешқандай әрекет жасаған жоқпын.

Ал мені қылмыстық жауапкершілікке тарту 2016 жылы Франция Әбілязовты экстрадициялаудан бас тартқаннан кейін басталды. Естеріңізде болса, біздің билік 2009 жылдан Әбілязовты экстрадициялауға тырысып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Жарайды, ол өткеннің еншісіндегі дүние. Мен 2006 жылы қызметтен кеткенде, арызды өзім жаздым. Нұрсұлтан Назарбаев екі күн мені райымнан қайтаруға тырысқан-ды...

Тегтер: