NARXOZ университеті: "Конституциялық реформалар мен құқықтық мемлекетті нығайту мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми диалог"
NARXOZ университетінде «Құқықтық мемлекетті нығайтудағы конституциялық реформалар мен заңнамалық жаңғыртудың рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Халықаралық ғалымдар бас қосқан конференцияда келелі мәселер талқыға салынып, конституциялық реформалар мен заңнамалық жаңғыртулар жоғары деңгейде талданды. Конференцияны ұйымдастырушысы – NARXOZ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебі. Аталмыш конференцияны – Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сәрсенбаев жүргізді.
Конференция жұмысына заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, құқық саласының сарапшылары, Польша, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандар қатысты.

Конференция аясында NARXOZ университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің криминалистикалық оқу полигоны таныстырылды.
Іс-шара барысында конституционализм, заң үстемдігі және жария билік институттары, мемлекеттік және сот жүйелерін жетілдіру, тиімділік пен есептілік қағидаттары, адам құқықтарын қамтамасыз ету, құқықтық кепілдіктер мен әлеуметтік институттардың қызметі, мемлекеттік басқаруды цифрландыру үдерістері және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен оларды ұлттық құқықтық жүйеге енгізу ерекшеліктері талқыланды.
Парламенттік реформаны жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүйсенов өзінің баяндамасында жүргізіліп жатқан Парламенттік реформа аясында конституциялық нормаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінің ректоры Нұрлан Дулатбековтің баяндамасы тұңғыш қазақ заңгері, ғалым, заң ғылымдарының кандидаты Тайыр Күлтелеевтің ғылыми мұрасына арналды.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Қабдулсамих Айтхожин өз баяндамасында қазақстандық қоғамды саяси жаңғыртудың құрамдас бөлігі ретіндегі құқықтық реформа үдерісіне тоқталды. Айта кету керек, Қабдулсамих Айтхожин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі.
Ал заң ғылымының докторы, профессор Алуа Ибраеваның баяндамасында құқықтық мемлекет қалыптастырудағы құқықтық білім мен құқықтық мәдениеттің рөлі айрықша аталып өтті. Профессор өзінің баяндамасында құқықтық білім – бұл құқықтық білімдерді меңгеру және оларды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру жүйесі екеніне тоқталды.
«Қазақстанда үздіксіз құқықтық білім беру жүйесі қалыптасқан: мектептің 9–11 сыныптарында «Құқық негіздері» пәні оқытылады, жоғары білім беру жүйесінде де құқықтық білім негіздері қарастырылған. Әсіресе, кәсіби заңгерлерді даярлауға айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Жақында 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжатта құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері маңызды орын алады. Парламенттік реформаны іске асыру қоғамның барлық салаларында құқықтық ағартушылық жұмысты тұрақты жүргізуді талап етед» дейді Алуа Ибраева.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Аубакирова баяндамасында «Цифрлық Қазақстан» стратегиялық бағыты аясында конституциялық құндылықтарды зерделеуге арналды. Индира Аубаирова Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының мүшесі.
«Тұран» университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Лейла Жанұзақова өз баяндамасында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелерді қарастырыпты. Сондай-ақ ол құқықтық актілер туралы заңды жетілдіру, құқық нормаларын түсіндіру, нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындаудың заң техникасы мәселелеріне тоқталды.
Конференцияда Maqsut Narikbayev University профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Коғамов онлайн форматта «2025 жылғы 16 шілдедегі ҚР Заңы контексіндегі қорғау құқығы (қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Халықаралық «Астана» университеті Қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-процестік мәселелерді зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвилидің онлайн түрде жасаған «Заң және тәртіп» идеологиясындағы конституциялық нормаларды іске асыру» тақырыбындағы баяндамасы да үлкен қызығушылық тудырды.

НАО «Торайғыров университеті» «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Серік Жетпісов «Цифрлық дәуірдегі конституциялық құндылықтарды іске асыру: дербес деректер саласындағы заңнамалық жаңғырту – мемлекетке деген сенімді нығайтудың факторы» тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияға шетелдік жетекші ғалымдар да қатысты. Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының бас ғылыми қызметкері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Олег Зайцев баяндамасында конституциялық реформалардың мемлекеттің қылмыстық саясатына әсері қарастырылып, қылмыстық нормалардың превентивтік сипатына басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
Қырғыз ұлттық университетінің (Ж. Баласағын атындағы) заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Кынатбек Сманалиев «Құқықтық мемлекетті нығайтудың құралы ретіндегі конституциялық реформалар» тақырыбында баяндама жасап, Қырғызстандағы конституциялық реформалардың нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізді.
Польша Республикасындағы Зеленогура университетінің құқықтық және экономикалық ғылымдар факультетінің деканы, хабилиттелген доктор, профессор Анджей Биштыга ондайн түрде «Парламенттің екінші палатасы: Польша тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама Польша Республикасының жоғарғы өкілді және заң шығарушы органы – екі палаталы Парламенттің қызметіне арналды. Ол Сейм (460 депутат) мен Сенаттан (100 сенатор) тұрады, өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
Мәскеу қаласындағы А.С. Грибоедов атындағы университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Алексей Автономов онлайн баяндамасы конституциялық нормалардағы олқылықтар мәселесіне арналды.
Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Хуршида Абзалова онлайн түрде Өзбекстан Республикасының қылмыстық заңнамасын реформалау тақырыбында баяндама жасап, заңнамадағы жаңашылдықтарды талдады.
NARXOZ университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Гүлнар Алибаева Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық реформалар тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың оң нәтижелерін атап өтіп, атқарушы билік жүйесінде туындап отырған мәселелерге тоқталды.
Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Шолпан Маликова өз баяндамасында «Конституциялық кепілдіктердің және заңнамалық жаңғыртудың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы рөлі» жөнінде қозғады.

Табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың конституциялық кепілдіктері NARXOZ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Анор Мукашева баяндамасында қарастырылып, қолданыстағы заңнамаға ғылыми талдау жасалып, ұсыныстар берілді.
Конференция ғылыми қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Конференция жөнінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Аубакирова шараны ұйымдастырып отырған Құқықтық және мемлекеттік басқару мектебінің ұжымына алғыс білдіріп:
«Конференция құрамы өте беделді болды. Баяндамалар өте қызықты өтті. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды» деді.
Сондай-ақ, Қырғыз ұлттық университетінің (Ж. Баласағын атындағы) заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Кынатбек Сманалиев:
«Конференцияға шақырғандарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Іс-шара жоғары, лайықты деңгейде өтті. Университет маған ерекше ұнады. Профессорлық-оқытушылық құрамы өте білікті. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін. Алдағы уақытта ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп сенемін» деп лебізін білдірді.
Конференция соңында шараны ұйымдастырушы NARXOZ университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры, заң ғылымының докторы, профессор Талғат Сәрсенбаев конференцияға келушілерге алғыс білдірді.