Нарықтық экономикаға халық дайын ба?

2007 жылы Дүниежүзілік банк орта таптың адамдары ретінде шетелдік сапалы тауар сатып алуға (көлік, тұрмыстық техника), дүниежүзілік қызметтерді еркін алуға (медицина, білім алу) қабілетті және әлемге саяхат жасауға артық ақшасы бар халық бөлігін атап көрсеткен еді.
Бұл критерийлерге Қазақстан халқының жауап бере алмасы түсінікті. Instagram желісінде белсенді блогер Айгерім Құтжанованың парақшасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп көрдік. Сауалнамаға 17-41 жас аралығындағы 2354 адам қатысты. Оның 24,3 пайызы ер адамдар болса, қалған бөлігі әйел адамдар.
Нәтижелеріне назар салып көрелік:
Айлық табысыңыз қанша? | 200 мыңнан жоғары (23%) | 200 мыңнан төмен (77%) | Табысыңыз ойыңыздағыдай өмір сүруге жете ме? | Иә (11%) | Жоқ (89%) | Шетелге саяхатқа шығып көрдіңіз бе? | Иә (39%) | Жоқ (61%) | Шетелге саяхатты несиеге рәсімдеген кезіңіз болды ма? | Иә (82%) | Жоқ (18%) | Шетелде жұмыс істегіңіз келе ме? | Иә (82%) | Жоқ (18%) | Елден мүлде кетіп қалуға келісер ме едіңіз? | Иә (24%) | Жоқ (76%) | Туған жер ме тойған жер ме? | Туған жер (84%) | Тойған жер (16%) |
Халықтың басым бөлігінің өмір сүру деңгейіне, табысына көңілі толмайды. Сондықтан шетелге кеткісі келсе де, көпшіліктің туған жерге қайта оралғысы келетінін байқаймыз. Жалпы, орта таптың әлемдік стандартына сай болу өте қиын. Сондықтан әр мемлекеттің өзіндік стандарты бар. Оның тіпті критерийлері де әртүрлі. Біздің қоғамдағы орта тап ретінде үйі мен көлігі бар және тұрақты табысы бар адамдар аталады. Осы жағынан келгенде орта тап деңгейіне көтерілу үшін халықтың қаржылай сауаттылығы өте маңызды екенін атап айту керек. Бір кездері бұл әр адамның жеке шаруасындай болатын. Бірақ қоғамдағы қаржының бейберекетсіздігі саяси жүйенің алаңдаушылығын тудырып отырғандай. Яки нарықтық экономикаға халықты үйретуді енді қолға алып жатқандай күй кештіреді. Олай дейтініміз, 2020 жылы елімізде Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда отбасылық бюджетті жоспарлаудан бастап, қаржылық алаяқтардан қорғануға дейінгі аралықтағы мәселелер қамтылған. Елімізге белгілі экономист Дәулет Мықтыбаев осы тұрғыда: «Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін, барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы», – дейді el.kz сайтына берген сұхбатында. Еліміздегі басты проблемалардың бірі – тұтынушылық несие туралы да сұхбатта сөз қозғалады. Бұл біздің халықты ғана емес, тұтас қаржы сауаттылығы төмен елдердің барлығындағы проблема екені даусыз. Қаржы кеңесшілері Дәулет мырза секілді өз-өзіне есеп беру мен дұрыс жоспар құруды алға тартады. Бірақ психологтар бұл проблемаға басқа қырынан қарайды. Олардың пікірінше несиеге құмар жандардың көбінің психикасы бұзылған. Көпшілік алдында өзін міндетті сезінеді. Мысалы, ата-ананың алдында баланың әсіре міндетті сезінуі – баланы қалтасына қарамай, қымбат сыйлықтар алуға (әрине, несиеге) итермелейді. Бұл отбасындағы «балам, сен үшін істеп жатырмын» деген әке-шеше сөзінен туындайтынын да психологтар айтып жүр. Адамды әлеуметтік желідегі өзгенің өмірі несие алып, қатарынан қалмауға итермелейді дейді. Бірақ осы қатардан қалмау дегеннің өзі психологиялық проблема екенін білгеніміз жөн.
Яғни қаржы сауаттылығын игеру үшін адам бірінші кезекте өзінің психикасын реттеуі тиіс. Балалық жараларыңызды ұмытыңыз. Қоғамның пікіріне назар аудармауды үйреніңіз. Сіз белгілі бір межеге жеткенше ешкімге міндетті емессіз. Тіпті ата-ананың алдында да. Адам өзіне көп міндет алған сайын, оны орындау мүмкіндігі төмендей береді. Сондықтан оның орнын ақшамен, сыйлықтармен толтыруға тырысады. Бұл адамды құлатар қаржылық ордың бастауы болмақ.
Мемлекет тарапынан қаржылық сауаттылықты үйретуді қолға алу дұрыс десек те, жымысқы ой түртпектеп тұрады. Қаржылық кеңесшілер мен барша психологтардың пікірлерін ескеріп, олардың кеңестерін ұстана отырып, қаржылық сауаттылықтың төмендігі халық кедейлігінің басты себебі емес екенін де ұмытпауымыз керек.