NASA Ай бетіне адамды қайта қондыруды көздейтін миссиясыға Artemis II зымыранын аттандырады
АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу агенттігі (NASA) Artemis II миссиясына арналған зымыранын старт алаңына шығарды.
Бұл – соңғы бірнеше онжылдықта Айға бағытталған адам қатысатын алғашқы ғарыш сапары болмақ.
Artemis II миссиясы аясында төрт астронавт Ай орбитасын айналып өтіп, Жерге оралады. Ұшу барысында ғарыш кемесінің барлық негізгі жүйелері, байланыс пен басқару тетіктері, сондай-ақ экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологиялар сыналады. Бұл сапар Айға қонуға арналмағанымен, алдағы миссиялар үшін шешуші мәнге ие.
NASA өкілдерінің айтуынша, Artemis II – Ай бетіне адамды қайта қондыруды көздейтін Artemis бағдарламасының маңызды кезеңі. Осыдан кейін жоспарланған Artemis III миссиясы арқылы адамзат бірнеше онжылдықтан соң алғаш рет Айға қайта аяқ басуы тиіс.
Ғарыш агенттігі Artemis бағдарламасының басты мақсаты Айды ұзақ мерзімді зерттеу ғана емес, сонымен қатар онда тұрақты адам қатысуына негіз қалау екенін атап өтеді. Бұл жоба болашақта Марсқа бағытталатын миссияларға дайындықтың да бір бөлігі саналады.
NASA Artemis II миссиясын қазіргі заманғы ғарыш зерттеулеріндегі ең маңызды жобалардың бірі ретінде бағалап, оның ғылым мен технология дамуына зор үлес қосатынын мәлімдеді.