Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 13 Сәуір 2023

Нашақорлықтан ерікті түрде емделушілер көбейген

None
None

Биылдың үш айында Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 158 дерек тіркелген.

Бұл былтырмен салыстырғанда 42 дерекке көп. Ал есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан. Заңсыз айналым барысында 105 келі 647 грамм есірткі тәркіленген.

Мұндай мәліметтер жуырда Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысында жария етілді.

Мәжіліс облыс әкімінің орынбасары, аталған штабтың жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өтті. Жиынға Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Н.Боранбаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қ.Сахов, департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Әмірбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің 5-ші басқармасының бөлім бастығы Н.Омаров және штаб мүшелері қатысты.

Бүгінде есірткіге тәуелділіктен емделушілерге Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» наркологиялық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы аумағында орналасқан негізгі мекеме ғимаратында стационарлық емге арналған 130 төсек-орын бар. Оның ішінде 70-і ерікті емге арналса, 60-ы сот шешімімен мәжбүрлеп емдеуге қаралған.

Психикалық белсенді заттарға тәуелді науқастар үшін медициналық ұйымдарда 20 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Облыс бойынша 37 дәрігер психиатр қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 17 науқас қабылданған. Ал жалпы 56 науқас ем алуда. Түркістан облысының штаттан тыс бас наркологы Қ.Абеновтің айтуынша, мәжбүрлеп емдеуге қарағанда ерікті түрде келушілер қатары көбейген.

Жиында Түркістан және Кентау қалалары, Сарыағаш және Шардара аудандарының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмыстары баяндалды.

Кемшілікке жол беріп, үйлестіру кеңесінің жұмысына салғырт қараған аумақтардағы жауаптыларға штаб төрағасы Б.Тәжібаев сын-ескертпелерді түзетіп, қоғамдық сауықтыру шараларын күшейтуді тапсырды.

Айта кетері, былтыр халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Соңғы үш жылда айналымнан алынатын «синтетика» көлемі 10 есе өсті. Синтетикалық есірткі жыл сайын арзан әрі қолжетімді болып барады. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылады және тіпті үйге жеткізіледі. Осы аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс, – деген болатын.

Тегтер: