НАТО барлау қызметі Ресей армиясының Украинадағы шығынынын мәлімдеді

Украинаға қарсы соғыста 250 мың ресейлік әскери қызметкер қаза тапты. Соғыс басталғаннан бері Ресейдің жалпы шығыны 900 мыңнан асты.
Бұл туралы НАТО-ның аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды шенеунігіне сілтеме жасап Deutsche Welle хабарлады.
Ресми өкілдің айтуынша, Ресей армиясы күніне мыңнан астам сарбазынан айырылып жатыр (оның ішінде қаза тапқандар мен жараланғандар бар). Ол көптеген жараланған ресейлік сарбаздардың медициналық көмектің нашарлығынан мүгедек болғанын айтады. Бұл ақпарат НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуінде айтылды.
Сонымен бірге НАТО өкілі ресейлік әскерлер шығынның орнын қысқа мерзімде толтырып жатқанын атап өтті. Ол Ресей армиясының Украинадағы әрекетінің қарқыны төмендеп, шығыны артып келе жатқанын атап өтті.
«Ресей үкіметі баяу ілгерілеудің орнына үлкен шығынға ұшырауға дайын екенін көрсетуде» дейді НАТО өкілі.
Оның айтуынша, ресейлік қоғам мұндай шығын деңгейіне байланысты халықтың наразылығын білдіруге әлі дайын емес.
Интернеттегі некрологтар мен ашық дереккөздер арқылы анықталған қаза тапқан ресейлік әскерилердің саны да 100 мыңнан асты. Олардың 4842-сі офицерлер. Қаза болғандар саны бойынша бірінші орында Башқұртстан тұр. Республикадан майданға жіберілгендердің ішінде 4487 адам қаза тапқан. Екінші орында — Татарстан (4 371 өлім расталды). Үшінші орында Свердлов облысы – 3446 зардап шеккен.