Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:23

НАТО өкілі: Ресей Покровск қаласының 95 пайызын бақылауға алған

Покровск
Фото: ашық дереккөз

НАТО-ның Брюссельдегі жоғары лауазымды өкілі Донецк облысындағы Покровск қаласының басым бөлігі Ресей әскерінің бақылауына өткенін растады.

Покровск үшін шайқас: Украина әскері ретімен шегініп жатыр

2 желтоқсан күні НАТО штаб-пәтерінде өткен брифингте альянстың жоғары өкілі Ресей Донецк облысындағы Покровск аумағының 95 пайызын бақылауға алғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Украина әскері қаладан жоспарлы түрде шегіндіріліп жатыр, дегенмен Покровскіде украин күштерінің ірі және шағын қорғаныс ошақтары әлі де бар.

«Ресей бұл операцияны бір жыл бұрын жоспарлаған»

НАТО өкілі Ресейдің Покровскіні алуды бір жылдан астам уақыт бұрын жоспарлағанын, алайда бұл мақсатқа өте баяу жылжығанын, соның салдарынан мыңдаған ресейлік әскери құрбан болғанын айтты.

Өкілдің сөзінше, Украина осы уақыт ішінде қаладан шегінгенжағдайда оның стратегиялық маңызын төмендету үшін алдын ала бірқатар шараларды қабылдап үлгерген.

Покровск алынса Ресейге жаңа плацдарм пайда болуы мүмкін

НАТО болжамынша, Покровск толық басып алынған жағдайда Ресей оны – логистикалық хаб, Донецк облысындағы басқа қалаларға шабуыл жасауға арналған плацдарм, дрон ұшыру базасы ретінде қолдануы мүмкін.

Дегенмен альянс өкілі Покровскінің құлауы Украина қорғанысының міндетті түрде күйреуі дегенді білдірмейді, әрі жақын перспективада мұндай сценарийдің ықтималдығы төмен екенін айтқан.

НАТО Покровск үшін соңғы шайқастардағы Ресейдің нақты шығынын айта алмайтынын жеткізді. Алайда альянс бағалауынша, 2024 жылдың өзінде Ресей армиясы шамамен 360 мың әскери күшінен айырылған, ал негізгі шабуыл бағыты — дәл осы Покровск маңы болған.

Осыған байланысты НАТО өкілі бұл бағытта күн сайын жүздеген ресейлік сарбаз қаза болып жатқан болуы мүмкін деп есептейді.

Кремль Покровск пен Волчанскіні толық алдымыз деп мәлімдеді, бірақ Киев жоққа шығарды

Бір күн бұрын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің Покровск пен Харьков облысындағы Волчанск қалаларын толық бақылауға алғанын айтқан. Оның мәліметін Ресей Бас штабының жетекшісі Валерий Герасимов Путинге 30 қарашада жасаған баяндамасында жеткізген.

Алайда Украина Қарулы күштері Бас штабы кешкі есепте Покровск бағытында ұрыс әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Волчанск маңындағы қақтығыстар да атап өтілген. Украин әскерінің жаңа позицияларға шегінгені туралы ресми ақпарат жоқ.

Зеленский: «Покровск толық алынған жоқ»

1 желтоқсан күні Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден кейін Владимир Зеленский Ресейдің Покровск пен Волчанскіні толық басып алды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Сонымен бірге ол Покровск пен басқа бағыттардағы жағдайдың «әлі де өте қиын» екенін мойындады.

Тегтер: