НАТО: Ресей ғарышта соғыс бастауы мүмкін

Ресей болашақта ғарыш кеңістігінде соғыс жүргізіп, спутниктерге қарсы ядролық қару қолдануы мүмкін.
Бұл туралы НАТО бас хатшысы Марк Рютте Welt am Sonntag апталық басылымына берген сұхбатында айтты.
«Ресей ғарышқа ядролық қару орналастыруы мүмкін»
Марк Рюттенің айтуынша, Ресей ғарышқа ядролық қару орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпараттар бар. Оның сөзінше, Мәскеудің қазіргі ғарыштық мүмкіндіктері Батыспен салыстырғанда әлдеқайда артта қалған.
— «Сондықтан ядролық қару арқылы ғарыштағы әлеуетін күшейту Ресей үшін тиімді құрал болуы мүмкін. Бұл бізді қатты алаңдатады және 1967 жылғы Ғарышты бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімді өрескел бұзу болып есептеледі», — деді Рютте.
НАТО жаңа қауіптерге дайындалуда
НАТО басшысы қазіргі таңда альянс елдері ғарыш саласындағы жаңа қауіп-қатерлерге дайындалып жатқанын айтты. Әр ел өз ұлттық ғарыштық қолбасшылықтарын құрып, шағын әрі маневрлік қабілеті жоғары, қорғалған спутниктерді жасаумен айналысуда. Сонымен қатар, НАТО елдері барлау ақпараттарымен алмасу арқылы ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.
— «Соңғы жылдары ғарыш кеңістігі анағұрлым тығыз, қауіпті және болжауға келмейтін аймаққа айналды. Ғарыштағы бәсекелестік тек коммерциялық деңгейде ғана емес, жалпы қауіпсіздігімізге де тікелей әсер етеді», — деп мәлімдеді ол.
Арктикаға бақылау күшейеді
Бұдан бөлек, Рютте алғаш рет НАТО-ның Арктика аймағына спутниктік бақылауды кеңейтіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, Қытай мен Ресей Арктикадағы жаңа теңіз жолдарын белсенді пайдаланып, аймақтың милитаризациясын арттырып отыр.
— «Біз жер мен теңіздегі қозғалысты бақылау үшін спутниктерді пайдаланамыз. Бұл біздің әскери күштеріміз үшін сенімді әрі қорғалған байланыс арналарын қамтамасыз етеді», — деді НАТО басшысы.