НАТО Украинаға жыл сайын 40 млрд еуро бөлетін болды

НАТО-ның Вашингтонда өткен 75 жылдық мерейтойлық саммитінде Украинаға қомақты әскери көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылы серіктес елдер Киевті қолдауға 50 миллиард еуро бөлген. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында Еуропа елдері мен Канада тарапынан Украинаға берілген әскери көмектің көлемі 35 миллиард еуроны құрады.
НАТО мүшелері Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыруға ниетті. Алайда елді альянсқа қабылдау мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ.
Солтүстік Атлант альянсына мүше мемлекеттер алдағы бір жыл ішінде Украинаға 40 миллиард еуро көлемінде көмек бөлетін болды. Бұл туралы Германия үкіметінің ресми өкілі Штефан Корнелиус мәлімдеді. Аталған шешім туралы ресми түрде 24–25 маусым күндері өтетін НАТО саммитінде, Гаагада жарияланбақ.
Бұған дейін Politico басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, НАТО саммитінің бағдарламасы қысқартылғанын жазған. Басылым мәліметінше, бағдарламада Украина бойынша НАТО кеңесінің отырысы қарастырылмаған. Қысқартылған күн тәртібі тек екі негізгі шараны қамтиды: голландиялық корольдік әулеттің сарайында өтетін қарсы алу кешкі асы және Солтүстік Атлантикалық кеңестің бір ғана отырысы. Әдетте мұндай саммиттерде екі немесе үш отырыс ұйымдастырылады.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің саммитке қатысатыны әзірге белгісіз. Басылым сұхбаттастарының айтуынша, оған тек ашылу күніндегі кешкі асқа қатысу үшін шақыру жіберілген.
Саммитке 45 мемлекет пен үкімет басшылары, 45 сыртқы істер және қорғаныс министрлері, сондай-ақ шамамен 6 мың делегация мүшесі қатысады деп күтілген. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайына байланысты кейбір өкілдер саммитке қатыспай қалуы мүмкін. Мысалы, NHK арнасының хабарлауынша, Жапония премьер-министрі Сигэру Исибаның Гаагаға сапары кейінге қалдырылуы мүмкін.
Дегенмен, НАТО-ның Киевке жыл сайын 40 миллиард еуро көлемінде көмек көрсету жоспары альянс ережелеріне қайшы келеді. Бұл туралы Венгрияның сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Петер Сийярто мәлімдеген еді.
«Мен Венгрия тек Вашингтон келісіміндегі НАТО-ның негізгі міндеттері аясында ғана қаржылық жауапкершілік алуға дайын екенін айттым. Украинаға әскери көмек көрсету – альянстың бастапқы мақсатына сай келмейді. Өйткені НАТО – қорғанысқа бағытталған ұйым, ал қазір оған ешкім шабуыл жасап отырған жоқ. Бұл жағдай керісінше – шабуылға ұқсас әрекеттерге ұласып отыр», – деді Сийярто Прагада өткен НАТО СІМ отырысынан кейін.
Ал Мәскеу Украинаға қару-жарақ жеткізу жағдайды ушықтырып, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартуы мүмкін деп есептейді. Өткен жылы Ресей СІМ НАТО-ның мұндай әрекеттерін “отпен ойнау” деп атаған еді.