Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Науқаны бітпес Қазақстандағы жұмысшылар жылы

Жұмысшылар
Фото: Коллаж: kazinform / Midjourney

2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Себебі адами капиталдың маңызы артып, жаңа жұмыс орындары көбейіп жатқан шақта кадр жетіспеушілігі байқалып отыр.

Қазақстандық жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар әдетте «престижді» мамандықтарға ұмтылады. Ал жалақысы мен қауіпсіздік деңгейі төмендеу жұмысшы қызметтеріне мақсатты түрде баратындар аз. Осының әсерінен еңбек нарығында дисбаланс пайда болады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі еңбекке қабілетті адамдар саны 9,6 миллионнан асады. Соның 2,3 миллионы 2 мың түрлі жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етуде. 2024 жылдың өзінде тағы 240 мың бос жұмыс орны ұсынылыпты. Ал қажеттілікке келер болсақ, құрылыс және өнеркәсіп саласында – 40 мыңға жуық, құрылыс және сумен жабдықтау салаларында – 17 мың, металлургия және тау-кен өндірісі саласында – 4,6 мың, өңдеу өнеркәсібі саласында – 6,8 мың, ауыл шаруашылығында – 3,5 мың маман жетіспейді. Жылдар өте мәселе ушыға береді деген болжам бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, алдағы алты жылда кадрға сұраныс 1,6 млн адамға дейін артады. Мұндай болжам мен реалды сұраныс барда мәселеге ерекше мән беру де орынды шығар. Алайда жұмысшы мамандықтар жылы жастар жылы, тағы да басқа «жылдар» секілді науқан-акциялар деңгейінде қалып қоймас па екен?..

Бектенов бәрін бақылайды, жер-жерде «реформаторлар» қаптайды

Бірақ біздің үкіметте ешқашан ондай күмән болып көрген емес, сондықтан тартынбайды. Біз айтып отырған науқанға қатысты жоспарын жариялап та үлгерді. Бекітілген республикалық жоспар 7 бағыт, 70 қадамнан тұрады. «Олар техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын, колледждердің сапасын, еңбек қауіпсіздігін, жұмыс берушілердің белсенділігін арттыруға негізделген. Жоспарды іске асыруға нақты сектор субъектілері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар тартылған» делінеді үкімет хабарламасында. Ал 8 қаңтарда өткен үкімет отырысында бірнеше министр баяндама жасап, премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтар жылын өткізу мәселесін бақылауда ұстайтынын айтқан.

Осыдан кейін, ірі қалалар мен облыстардың да үні жарқын-жарқын шыға бастады. Бәрі жоспарлары мен ұйымдастыратын шараларын, мақсаттары мен міндеттерін тізбектеп кетті. Мәселен, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев «WorldSkills», «JasSkills», «DeafSkills» деген чемпионаттар өткізбек. Ал Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысшы мамандықтарды даярлау бойынша «реформаның» басталып кеткенін мәлімдеген. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да қалыспай, өңірлік штаб құрылғанын, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартатынын айтқан. Өңір-өңірдің осы секілді энтузиазмға толы жоспарлары мен видеоүндеулері бірінен соң бірі шығып жатыр.

Жауапкершіліктің негізгі бөлігін арқалап, жоспарды іске асыруды үйлестіруші ретінде танылған оқу-ағарту министрлігі де мектеп қабырғасындағы кәсіптік білім мен колледждерге қатысты біраз уәде беріп үлгерді. Негізі, қазақстандық колледждердің қоғам алдындағы абыройы керемет емес екені белгілі. Мұғалімдер «оқымайтын» оқушыларды колледжге «қуып», ата-аналар интеллектуалды потенциалына сенбейтін балаларын ақылы колледждерге сүйрейді. Ондағы оқытушы кадрлар мен білім бағдарламаларының сапасы да көп сыналып келеді. Материалдық-техникалық базасы мен жабдықталуы да кенжелеп тұр. Қарапайым ғана мысал, университет ғимараттары мен колледж ғимараттарын көз алдыңызға елестетіңізші... Елде 772 колледж болса, соның 270-інің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Ондағы шәкіртақының да 20 мың теңгеден асып, екі еселенгені енді ғана. Осы сынды оң өзгерістер қатарында мемлекеттік тапсырыстың 143 мың орынға дейін артқанын, техникалық салада білім алатын студентті даярлауға бөлінетін соманың 912 мың теңгеге жеткенін айтуға болады. Десек те, мұның өзі қаншама жылдардан бері жиналған мәселелерді шешуге жеткіліксіз. Кешенді өзгерістер мақсатында кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Аталған құжат әлі ашық дереккөздерде жарияланбапты. Оның мән-мазмұны жайлы алдағы уақытта жазатын боламыз. Бірақ жобасы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделгенін болжау қиын емес.

Бейсембаев мұғалімдерді жұмысшы дайындауға жеге ме?

Ал министр Ғани Бейсембаев колледждерді халықаралық сертификаттауға назар аударып, дуальды білім беруді дамытам деп отыр. «Колледждердің өзін де, бағдарламасын да жаңартамыз, практикаға және өндіріс орындарымен байланысқа көбірек көңіл бөлеміз», – дейді тағы. Айтпақшы, оқу-ағарту министрлігі кәсіптік-техникалық білім беру ісін мектептерге де әкелмек көрінеді. Бұл туралы ведомство баяндамасында былай делінген: «Кәсіптік бағдар беру мақсатында 100 мектепте экономиканың түрлі салаларына бағдарланған бейіндік сыныптар ашылады. 40 педагогикалық, 10 медициналық, 10 тігін, 10 сервис және 10 дизайн бағытындағы сынып құру жоспарланған. Бұл сыныптар университеттермен және колледждермен бірлесіп, тұрақты кәсіптік бағдар беру іс-шараларын жүргізеді. 2025 жылы колледждер базасында 10-11 сынып оқушыларын оқыту жобасын кеңейту жалғасады. Орта мектеп оқушылары тігінші, наубайшы, аспаз, шаштараз, флорист, жиһаз өндірісінің маманы және электр газды дәнекерлеуші сияқты кәсіптің біреуін таңдап, практикалық дағдылар мен жұмыс біліктілігін ала алады. Курстар аяқталғаннан кейін оқушыларға аттестат пен біліктілік туралы куәлік беріледі».

Мектептердің колледждер жұмысына ортақтасуы онсыз да өз жүктемесі мен шаруасы басынан асып жатқан мұғалімдерге қалай тиер екен? Арнайы штаттар ашыла ма, әлде баяғы Еңбекке баулу пәнін қайтарып (қазір Көркем еңбек), дабыралатып өткізіп жібере ме, әзірге белгісіз. Мұндағы тағы бір мәселе – балалардың мектеп немесе колледж, университет қабырғасындағы жұмысшы мамандықтарды таңдауға, оқуға ынтасы. Осы жөнінде профориентолог маман Жадыра Тойбаймен тілдестік.

Қара жұмысшылардың жағдайы жақсармай сұраныс көбеймейді

«Профориентологтарға жүгінетін ата-ана мен балалардан байқағаным, қазіргі жастар сұраныстағы мамандықтарға ұмтылады. Мамандық таңдаудағы бірінші критерийлері де – осы. Соның ішінде ақпараттық технологиялар, педагогика, ағылшын тілімен байланысты мамандықтар танымалдыққа ие. Нарық сұранысынан бөлек, мамандықтың престижі, яғни имиджі, жалақы мөлшері мен грант саны да маңызды факторлар.

Жалпы, жастарда таңдау да, таңдау еркіндігі де бар. Қазір 200-ден аса білім беру бағдарламасы оқытылады, әлемде қаншама жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның ішінде назардан тыс қалып жатқаны, жастардың көзге іле бермейтіні – жұмысшы мамандықтар. Шын мәнінде, ондағы жалақы мөлшері жақсы, сұраныс жеткілікті. Алайда қол жұмысы мен қауіпсіздік мәселелері, тағы да басқа факторлар тартымдылығына кері әсер етеді. Соның әрбірімен ұзақмерзімді жұмыс жүргізіп, мәселелер мемлекет деңгейінде шешілсе, талапкерлер де өз ебі бар, қабілеті сәйкес келетін жұмысшы мамандықтарға көбірек тартылар ма еді дейсің.

Мысалы, педагогикаға келетін студенттер бұрыннан баршылық. Бірақ көбіне өзі қалаған мамандыққа балы жетпей қалғандар педагогикаға баратын. Ал қазір бұл тенденция өзгерді. Педагог мәртебесі мен жалақысы артқан соң бұл мамандықты мақсатты түрде таңдайтындар қатары артқан. Дәл солай жұмысшы мамандардың жағдайын жақсартып, ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізсе оң серпіліс байқалады деп күтуге болады.

Әйтпесе, «мен экономист, мен юрист, мен дипломат» деген талай адамның дипломы сандық түбінде қалып жатыр. Себебі кейбір мамандықтарда кадрлық дефицит жоқ. Олардың бәрі жұмыссыз жүрмейді ғой. Ақыры бірі оқымаған кондитер, екіншісі құрылысшы, үшіншісі әкімші, тағысын-тағы маман ретінде нан тауып, кәсіби тұрғыда өсіп жатыр. Өйткені оларға сұраныс күн санап артуда», – дейді маман.

Шетелде қара жұмыс істеуге ұмтылыс

Қауіпсіздікке қатысты олқылықтар мен соған сай массалық фобиялардың бар екені рас. Өйткені жұмыс уақытындағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі кәсіпорындар мен өндіріс орындарында орын алады. Сондықтан жұмысшы мамандардың құқығын қорғауға, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тәуекелдерді азайтуға да мән берілуі тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтеміз, тағы бірнеше шаралар қабылдаймыз деп жатыр. Оған қоса, жұмысшы мамандарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар жасалмақ.

«Жұмысшы мамандарды әлеуметтік қамтамасыз ету мен қауіпсіздік мәселелерін оңтайландыру, жалақы деңгейін өсіру оның тартымдылығын арттырады. Қарапайым тілмен айтқанда, салаға келетін жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар қатары қалыңдайды.

Мәселен, әлемнің дамыған елдері әдетте жұмысшы мамандарға жақсы жалақы береді. Сондықтан ғой, қазақстандық жастар, жалпы әлемдегі дамушы елдің азаматтары ағылып барып, құлпынай теріп, жүк көлігін жүргізетіні, құрылыс жасайтыны. Күніне сегіз сағаттан 2-3 жыл жұмыс істеп келіп, Алматыдан, Астанадан пәтер алып жатқан жастар көп. Сұрасаң, «шаршамадым, жатын орным жақсы, қарным тоқ, ана жақ, мына жақа барып, шетел араладым, ел көрдім» деп жатады. Өйткені дамыған елдердегі экономика мен өмір сүру деңгейі, жұмысшы күшке сұраныс пен автоматизация әсерінен еңбекке жағдай жасалған. Әрине, біздің қоғам мен экономикалық жағдайға қарап, аспандағыны армандауға келмес. Бірақ орташа жалақы мен толық қауіпсіздік болса, тым құрығанда өз қажеттілігімізді жабатын кадрлық база қалыптасар ма еді», – дейді әлеуметтанушы Дана Рахымғали.

Бір қарағанда, жауапты министрлік пен жергілікті әкімдіктер жұмыссыздық деңгейін түсіре алмай әлек болып жүреді. Екінші жақта кадрлық дефицит басталып, жұмысшы мамандардың тапшы екені айтылады. Одан да қызығы, шетел асып, депортация қаупіне қарамастан алқапта да, құрылыста да, зауыттар мен фабрикаларда да жұмыс істеуге әзір қазақтар көп.

Баян Мұратбекқызы