Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 27 Наурыз 2025

Наурызды тойлай алмаған ауыл. Ахметжанов Қояндыға қашан барады?

Қоянды су тасқыны
Қояндыдағы су тасқыны. Фото: Жас Алаш

Өткен жылы наразылықтарын айтып шаршаған Қоянды ауылының (Ақмола облысы Целиноград ауданы) тұрғындары жолды жауып, митингіге шыққан еді. Оларды ашындырған – су тасқыны.

 Биыл да сол жағдай қайталана ма деп қорқып отырғанда, бірнеше үйге су кіріп, көшелермен жүру мүмкін болмай қалған. Қояндылықтардың айтуынша, қыс бойы аулалардан шыққан қар жиналмаған, тасылмаған. «Таситын өзеніміз де жоқ, еріген қардың суынан зардап шегіп отырмыз» дейді тұрғындар.

«Жас Алаш» Астананың іргесіндегі ауылға арнайы барып қайтты. Мегаполистен 20 шақырымдай жерде орналасқан Қояндыға апарар жол ұзақ болмады. Бірақ ішіне кірген соң бір көшеден екіншісіне өту қиындап кетті. Жаяу да, көлікпен де бөгелесің, айналып өтесің, су кешесің... Солай ауылдың ішін шарлап жүргенде тау-тау болып үйілген қарды көрдік. Қыс бойы жиналған, техниканың «қолы» тимегені көрініп тұр. Ал еріген қар суы көшелерді басып, аулаларға кіріп үлгерген. Жан-жағында үй болмаса көше деп те ойламайсыз. Өзен іспетті, «өз жолымен, өз жөнімен» ағып жатыр.

Сондай «су астында жатқан» бірнеше көшенің тұрғындарымен тілдестік. Бәрінің айтқаны ұқсас, реніштері ортақ. Ал үйіне су кірген отбасылар не істерін білмей алаңдап отыр. Осы уақыт аралығында Ақмола облысының да, Целиноград ауданының да әкімдігі аттап баспапты. Тек төтеншеліктер болар-болмас көмегін көрсетіп жатыр дейді қояндылықтар. Мәселен, М. Ғабдуллин көшесіндегі үйлердің бірін 18 наурызда су басқан. Жеті баласы бар, ең кенжесі бір айға да толмаған отбасы абдырап қалған. Ақыры, көмегін ұсынған көршісінің бір бөлмесін паналапты. 23 наурыз күні іргесі де, ауласы да, бөлмелері де әлі суға толып жатқан үйді өз көзімізбен көрдік. Босағадан төрге дейін тобықтан келетін су. Еден ашылып кеткен, қабырғалар толықтай бүлінген.

Қояндыдағы су тасқыны
Қояндыдағы су тасқыны. Фото: Жас Алаш

– Аулаға қараңызшы. Тап-таза ғой. Қыстай қарды шығардық. Үй жаңадан салынған, 4 ай бұрын ғана кірдік. «Ремонты» да жаңа еді. Су сырттан келді. Мына аулалар жақтан, көшеден келген су осында келіп толды. Үйді бір-ақ сәтте басып кетті. Ең кенжеміз 15 күндік сәби. Не істерімізді білмей, балаларды далаға шығардық. Жағдайды көрген көршіміз қызының бөлмесін бізге берді. Ешқандай ақысыз осында тұрыңдар деп, көмегін ұсынды. Әзірше сонда жатырмыз. Ал өзіміздің үйдегі техникаларды сыртқа шығарып тастадық. Олар істеп тұр ма, жоқ па, қарамадық та. Үйіміз не болады деумен-ақ маза қашты. Ақмола облыстық ТЖД-дан бір мотопомпа мен бірнеше маман келіп, 18 наурыздан бері суды шығарып жатыр. Бірақ ол бітер емес. Қанша күн өтті... 5 күн, мереке демей, басқа демей алыстық. Алайда көшеден келіп жатқан су тыйылмай, үйді құрғату мүмкін емес сияқты.

Әкім де, әкімдіктегілер де келмеді. Оларға бәрібір ғой, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген шаңырақ иесі.

Қояндыдағы су тасқыны
Қояндыдағы су тасқыны. Фото: Жас Алаш

Мобилографы ғана жақсы жұмыс істейтін әкімдік

Ауылдағы М.Ғабдуллин, Ықылас, Шапағат көшелерінде көше мен ауланы былай қойғанда бірнеше үйдің ішіне осылай су кірген. Қозғалыстың қиындауына байланысты олардың бәрін аралау мүмкін болмады. Десек те, қатты зардап шегіп отырған көше тұрғындарымен, ауыл азаматтарымен сөйлестік.

Тұрғындардың бірі:

– Наурыз тойлайтындай болмадық. Жан-жағымызды су алып жатыр. Көшенің бәрі су. Соны көріп, біліп отырып қалай тыныш ұйықтаймыз? Шыны керек, өткен жылғы жағдайдан қорқып қалдық. Қыс бойы ауламызды тазалап отырдық. Оны көшеге шығарып тастасаң, әкімдік айыппұл салады деп, тағы үркітті. Қарыңды алып кететін тракторды 15-20 мың теңгеге тапсаң қуанасың. Амал жоқ, төледік, қарды шығарып отырдық.

Ал көшенің өзі тазаланды деп айта алмаймын. Әкімдік мынанша куб, пәленше тонна деп, пост салады, видео жариялайды. Енді қараңыз, мына көше қыс бойы тазаланса, үйілген қардың бәрі қайдан келді? Бір-екі жерде болса мейлі ғой, бүкіл ауыл осы. Тым құрығанда мектептің маңы тазаланса ғой... Ол да жоқ.

Тасқын табиғаттың заңы ғой деп жұбату сөз айтатындар да бар. Бірақ Қояндының маңында үлкен өзен бар ма еді таситын? Тазаланбаған қар еріп, соған батып отырған жоқпыз ба? Оны да көшедегі су аулаға кіріп, іргемізге келген соң әкімдікке айтып, мың сан хабарласып, әрең реттеттік. Кеше келіп мына бір жерден арна қазды. Содан аулаға келіп жатқан су тоқтады. Бірақ көктем енді басталды. Күн жылынғанда не боларын кім білсін? – деп ашынды.

Екінші бір ауыл азаматы:

– Судың кіретін жері болады, шығатын көзі болады. Бұрындары ауылымызды бұлай су баспайтын. Кейіннен құрылыс көбейіп, көшелер салынған соң, судың жолы жабылып, не арық жоқ, не басқасы жоқ, қалдық қой... Ауылдың әкімі артық сөз айтқандарға «штраф» салғызып, 15 күнге қаматуды ғана біледі. Солай қорқытады деп естідік. Не жолымыз жоқ, жарықтандырылмаған көшелер қаншама? Енді келіп әр көктемде жанымызды шүберекке түйетін болдық, – деп күйінді.

Ал Целиноград ауданы бәрі бақылауда деп, тұрғындарды тыныштық сақтауға шақырып жүр. Аудан әкімінің орынбасары:

«2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізілді. Қазіргі таңда 106 мың куб су сорылды, қар шығарылды. Бұл жұмыстарға 95 адам, 36 техника жұмылдырылған. Барлық тұрғындардан тыныштық сақтауды сұраймыз. Жағдай бақылауда», – деп, видеоүндеу жариялапты.

Тұрғындар бұған да таңғалады. Сөздерінше, «әкімдікте тек мобилограф жақсы жұмыс істейді».

Осыдан кейін Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен орынбасары Қоянды және Талапкер ауылдарын аралапты. Тиісті шаралар жоспармен жүзеге асып жатыр депті. Видеода ары-бері шапқылап, ақ тер, көк тер болып жүрген орынбасар Қояндыда не тындырғанын кім білсін, әйтеуір су астында қалған үйлерге соқпапты. Бір күннен кейін, газет беттеліп жатқанда өзіміз тілдескен тұрғындар мен үйі су астында қалғандарға қайта хабарластық. Әкімдіктен келген ешкімді көрмедік деп отыр олар.

Хронология. Ақмоладан Ақтауға дейін

Бұл Ақмола облысындағы бір ауылдың ғана жайы. Тағы бірнеше елді мекенде ұқсас жағдайлар орын алуда. Жалпы елде де тасқын жетіп үлгерген жерлер баршылық. Айта кетейік, 20 наурызда ғана төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов президент қабылдауында болып, су тасқыны жайлы ақпарат берген. Министрдің айтуынша, республика аумағындағы жағдай тұрақты: «Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін күштер мен техникалар сақадай сай. Сегіз өңірдегі жағдай бақылауда. Ресей және Қырғызстанмен тұрақты түрде ақпарат алмасу жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Бірақ естептерде айтылатын өмір қайда? Ауылға да, ауданға да, республикалық маңызы бар жолдарға да су жетіп үлгерді. Мәселен, 15 наурызда Ақтөбе облысы Ойыл ауылындағы уақытша өткелді су шайды. Бірден оның маңында жүруге, қозғалысқа тыйым салынды. Өткен жылғы су тасқыны кезінде аудан орталығын Ақтөбемен байланыстыратын көпір қирап тынған еді. Жаңа көпір салынып жатқандықтан, тұрғындар әзірше понтонды пайдаланып жүрген. Енді оның өзі су астында қалып отыр. Әдеттегідей, полиция қызметкерлері кезекшілікке қойылып, аудан әкімдігі автомобиль қозғалысы қалпына келтіріледі деп мәлімдеме жасаған.

Хронологияны 16 наурызда су алған Қостанай облысы Жітіқара ауданы жалғастырады. Ондағы республикалық маңызы бар KZ10-05 «Мариновка ауылына кіреберіс» автожолының 9-шақырымын су шайған. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап аймақта орналасқан Желқуар өзенінің суы көтеріліп, жол жабылған. Бұл жайлы ТЖМ хабарламасында былай делінеді: «Ұзындығы 40 метр, биіктігі 10 сантиметрге дейін жететін су шаю Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы бейтарап аймақта, Желқуар өзені бойында болды. Бұл көпір өткелінің болмауына байланысты жыл сайын қайталанатын маусымдық құбылыс. Елді мекендерге қауіп жоқ, көлік қозғалысы сақталған. Онда да тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Аталған аумақта жүргізушілерге мүмкін болатын қауіптер туралы ескертетін белгі бағаналары орнатылды».

Одан соң, Маңғыстау облысында Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында көшелерді су басып қалды. Қала тұрғындары су тасқынының видеолары мен фотоларын жариялады. Жаңбыр суы облыс орталығындағы жолдарды, тротуарларды, көпқабатты үйлердің аулаларын басқан. Ақтау әкімдігі жаңбыр суын сору жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Аудандықтар да осы сипаттағы мәлімдемесін жасапты.

Жағдай осылай. Көктем енді басталды. Алдағы сценарий қалай өрбитіні белгісіз. Әйтеуір министр Әрінов өткенде ғана: «Істеген, істемеген істерім үшін жауап бере аламын, жауапкершілікті өзім аламын. Жағдайға қарай жұмысымыздың бағасын сіздер, халық, басшылар береді», – деп, орнынан алып тастаса да қарсылықсыз қабылдайтынын айтқан. Министр секілді облыс әкімдері де, жауапты комитет пен жергілікті департаменттер де біраз есеп берді, дайындық барысы жайлы майын тамызып тұрып айтты, мобилографтары кереметтей видеолар салып жатты. Алайда елдің бірнеше өңірінде болып жатқан жағдайларды көріп отырмыз. Енді өткен жылғыдай ТЖ жариялап отырмасақ болғаны.

Баян Мұратбекқызы