Наурызнама: Көрісу күні – Амал мерекесінен жыл басына дейін

Көктемнің алғашқы айымен бірге бірнеше мереке қатар келеді. Алғыс айту күнімен басталған наурыз 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамына жалғасады.
Соңғы аталған екі мейрам да «ҚР мерекелер туралы» заңына сай мемлекеттік мерекелер болып есептеледі.
Соның ішінде қазақтың жаңа жылы саналатын Наурыз мейрамы ұлттық мән-маңызға ие. Бір кездері көмескіленіп, халықтың жадынан шыға бастаған мейрам тәуелсіздік жылдары қайта жаңғырып, тойлана бастады. Бүгінде наурызды 21-22 наурызда ғана емес, бірнеше күн қатарынан тойлау дәстүрі қалыптасуда. Мәселен, биыл халықаралық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өтеді. Еске сала кетейік, наурыз мейрамын тойлаудың мұндай жаңа форматы 2024 жылы енгізілген болатын.
Онкүндіктің әр күні халқымыздың мәдени байлығын паш етуге бағытталған белгілі бір тақырыпқа немесе құндылыққа арналады. Мәселен, алғашқы күні – Көрісу күні – Амал мерекесі. 14 наурыз сәлем беріп, амандық-саулық сұрасу, жаңа жаспен құттықтап, ізгі тілектер айтылады. Ал 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – отбасы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған Шаңырақ күні. Ары қарайғы да әр күндердің өз атауы мен мән-мағынасы бар. 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Қазақстан халқының бейбітшілігі мен бірлігін бейнелейтін Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы.
Осы жаңа формат пен Наурыз мейрамы туралы тарихшы Роза Бахова айтып берді:
Тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге, тіпті одан да ұзаққа жалғасқан. Оны Наурызнама деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылады.
Әрі бұл тек қазақтың ғана емес, түркі халықтары мен басқа да бірнеше елдің мейрамы. Тарихы тереңде жатқан жыл басын тойлау дәстүрі біраз мемлекетте қазірге дейін жақсы сақталған. ЮНЕСКО бұл мейрамды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде қорғауға алған.
21 наурызда күн мен түн теңеліп, жаңа кезең басталады. Ол табиғаттың да, адамзаттың да, еңбектің де түлеуін білдіретін символика. Тойлаудың ұзаққа созылуы да осыдан. Ал қазіргі онкүндік пен мейрамдауға келсек, ол көнерген дәстүр мен салтты, мәдени мұра мен материалдық құндылықтарды қайта жаңғыртудың жақсы жолы. Әрине, тек наурызда емес, әрдайым ұлттық құндылықтар мен код назарда болуы тиіс. Десек те, оған жеке-дара назар салынатын, ресурс берілетін, акцент қойылатын осындай күндердің болғаны да керек. Олардың оң әсері байқалып жатыр.
Мәселен, жастар арасында ежелгі ою-өрнектермен әсемделген, қазақы нақыштағы әшекей-бұйымдар, соның ішінде дүкен сөрелерінен жоғалып кеткен шашбаулар мен шолпылар танымалдылыққа ие бола бастады. Тағы ұлттық «исі» аңқып тұрған күртешелер мен заманауи шапандар, қыз балаларға арналған «корсеттер», белдіктер мен сағаттар бренд болып қалыптасып қалды. Он жыл бұрынғымен салыстырғанда күнделікті өмірде қазақша ою-өрнек пен ұлттық нақыштағы киімдер, тақиялар саны артқан. Оны киетіндерді бұрынғыдан қарағанда жиірек ұшырастырамыз. Демек, жылына бір рет, бір күн демей, соған барымызды салсақ, оның тікелей де, жанама да әсері көп күттірмейді. Насихат пен жаңғыртудың бұдан артық қандай мысалы болуы мүмкін?».
Иә, қазір ұлттық киімдермен қатар ұлттық ойындарды, ұлттық спорт түрлерін дамытуға да көптеп көңіл бөлінуде. Олар спорт пен дене шынықтырудың ажырамас бөлігі ретінде дамып келеді. Бөлініп жатқан бюджет те артып жатыр. Тəуелсіздіктен бері елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ұлттық ат жарысы түрлерімен айналысатындар саны артты. Нәтиже де жаман емес. Оны дүниежүзілік көшпенділер ойыны көрсетті.
Балауса ДІЛДӘБЕК