Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:12, 12 Наурыз 2024

Наурызнама – ұлысты ұйыстырған мереке

Наурыз
Фото: Halyk uni

Наурыз, яғни жаңа күн мерекесінің тарихы ежелгі дəуірден бастау алады. Тарихи мəліметтерге сүйенсек, Наурыз жер жаһандағы көне мейрамдардың бірі саналады.

Парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіретін мереке 5 мың жылдан бері тойланып келеді. Қазіргі таңда Əзербайжанда, Қырғызстанда, Тəжікстанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Түркияда жəне Иранда аталып өтеді. Мейрам туралы деректер Омар Хаямның «Наурызнама» еңбегінде кездеседі. «…Үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінен) ширегінен тұратын ұлы дəуірді «Ұлы жыл» деп атады да, оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен Наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рəсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, əрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері лазым. Кімде-кім Наурызды мейрамдап жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді» деп жазады Омар Хаям. Қазіргі таңда шығыс шайырының еңбегі Германияның Берлин мемлекеттік кітапханасында жəне Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған. Хəкім Абай «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген əңгімесінде «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп сипаттайды.

Қазақтың жалғыз мерекесі

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурызнама» жинағына сүйенсек, Ұлы далада наурызды сегіз күн тойлаған. «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама…» деген ғұлама шежіреші Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болғанын алға тартады. «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп əлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп. Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы» деп жазады Мəжһүр Жүсіп. Алаш зиялылары да Наурыз мейрамы туралы аз жазған жоқ. Мысалы, Мағжан Жұмабаев «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Наурыз» жазбасында: «Жаңа жыл күні қазақ əдетінше əр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді... Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы 2алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу» деп түсіндірген. Əлихан Бөкейханұлы «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді... Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9 март болады» деп жазыпты. Міржақып Дулатұлы Наурызды – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы екеніне назар аударып, оны күн шығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұқар, Кавказ, Түркістандықтар мерекелейтінін сөз етеді. «Бірақ бұлардың бəрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дəлелді...ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз» дейді М.Дулатұлы.

UNESCO-ның мəдени мұрасы

1926 жылы Кеңес өкіметінің басшылары Қазақстанда наурызды тойлауға тыйым салды. Тек 1988 жылы ғана Ұлыстың ұлы күнін қайта тойлауға рұқсат берді. Осы уақыт аралығында мейрамның ерекшеліктері ұмыт қалып, салтдəстүріміз жарым-жартылай ғана қалпына келді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда көпшілік Наурыз мейрамы дегенде киіз үй, ұлттық киімдер мен наурыз көжені ғана біледі. Алайда Ұлыстың ұлы күніне қатысты жоралғылар қаншама?! Тəуелсіздік алған тұста Əз-Наурызға мемлекеттік мереке мəртебесі берілді. Ал 2009 жылдан бастап оны 21-23 наурыз күндері тойлап келеміз. UNESCOұйымы 2009 жылғы 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мəдени мұралар тізіміне енгізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-қарарына сəйкес, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» ретінде аталып келеді. «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда жəне Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр» делінген БҰҰ-ның Бас ассамблеясының мəлімдемесінде.

Жаңа жылды жаңаша тойлау

Наурызды қайтару бір іс те, оны жетілдіру, яғни бастапқы қайнарына қайтару тоқтаусыз жүруі керек. Биылдан бастап бұл мерекені 10 күн бойы тойлаймыз. Енді жаңа тұжырымдамаға сəйкес, мейрам 14 наурыздан басталып, 23 наурызда аяқталады. Бірақ бұл құр əшейін даурығып тойлай беру болмауы керек. Əр күнге ерекше мəн берілуге тиіс. Арнайы бағдарламасы болуы қажет. Тұжырымдамада мерекенің бастауы ретінде 14 наурызды таңдап алыпты. Бұл күн – Көрісу күні, яғни Амал мерекесі. Еліміздің батыс өңірлерінде кең таралған бұл мейрам кейінгі жылдары Қазақстанның басқа да аймақтарына тарала бастады. 3Шығыс күнтізбесіне сəйкес, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көріседі. Амал мерекесін сондықтан Наурыздың алғашқы жаршысы деп атасақ, қателеспейміз. Енді бағдарламаға бір шолу жасап шығайық.

Ынтымақ түбі – береке

«Наурызнама» тұжырымдамасына сəйкес, 15 наурыз қайырымдылық жасауға, мейірімділік пен татулықты насихаттауға арналған. Қазақта «асар жасау» дəстүрі ықылым заманнан бері келе жатыр. «Көп түкірсе – көл» деген мəтелді бетке ұстаған халқымыз бір-біріне көмектесіп, қайырымдылық жасап отырған. Күйбең тіршіліктен қолы босамайтын ағайындар асарда кезігіп, мəре-сəре болады. Кейінгі жылдары бұл дəстүр ұмыт қалып барады. Қайырымдылық акциясы соны қайта жаңғыртуға қомақты үлес қосатыны анық. Ұмыт қалған дəстүрдің тағы бірі – жылу жинау. Яғни қиындыққа тап келген отбасыға жабылып көмектесу бұрыннан бар. Соңғы кезде əлеуметтік желінің таралуы арқасында тағдыр тəлкегіне түскен отандастарымызға көмек қолын созатын жандардың саны артып келе жатқаны қуантады. Мысалы, Арыстағы жарылыс кезінде, Екібастұзда қыста жылу желілерінің істен шығуы секілді төтенше апаттар кезінде халқымыз ауызбіршілік танытып, мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсете білді. Енді, осындай қайырымдылық əрекетін мемлекеттік деңгейде атап өту оның деңгейін арттыратыны айтпаса да түсінікті.

Ұлтты ұйыстыру

«Наурызнама» аясында Мəдениет жəне ұлттық салт-дəстүр күні де аталып өтеді. Талай дəуірде шыңдалған, тағдырдың тезіне төзген ұлттық салт-дəстүр мен мəдениет – біртұтас ұлт идеясының ұстынына айналатыны сөзсіз. Оны ұлықтау өзара сенім мен ынтымақтастықты, бірлік пен татулықты нығайтуға мол үлес қосады. Сондықтан 16 наурызда ата-бабаларымыздың рухани, практикалық жəне мəдени тəжірибесін толықтай сезінуге мүмкіндік аламыз. Жоспар бойынша, осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде мəдени іс-шаралар өтіп, жазушылар, суретшілер, қолөнершілердің көрмелері өтеді. Мейрамның кезекті күні – «Шаңырақ». Өздеріңізге мəлім, қазақ халқы үшін шаңырақ – киелі ұғым. Үлкен үйді «қара шаңырақ» деп атап, оны ерекше құрметтеген. Бүгінде шаңырақ Қазақстанның ұлттық елтаңбасында көрініс тапқан. Халқымыздағы «шаңырақ көтерді» деп жас жұбайларға қатысты, «шаңырағы шайқалды» деп қиын жағдайға байланысты айтуы да бекерден-бекер емес.

Ұлттық киім

Сонымен қатар 18 наурыз – Ұлттық киім күні ретінде белгіленбек. Байкалдан Балқан тауға дейін атпен жеткен бабаларымыз киімге де ерекше мəн берген. Мəселен, əжелеріміздің символы саналатын кимешектің өзіндік ерекшелігі бар. Əдетте оны бала тапқаннан кейін киген. Біріншіден, бұл – əйелдің ана атанғанын білдірсе, екіншіден, бала емізгенде омырауын көлегейлеуге қолданған. Сондай-ақ кимешектің ұзындығы бала санына байланысты болғаны туралы да дерек бар. Жалпы, айта берсеңіз, мұндай мысалдар өте көп. Кейінгі жылдары жастардың ұлттық ерекшелігімізді көрсететін киім үлгілеріне қызығушылығы артқаны анық байқалады. Отандық өнімдерді кигендер көшеде жиі кездеседі. Заманауи үлгідегі тақиялар, бешпенттер мен оюлы киімдер сəнге айналып келеді. Ендеше, ұлттық киімдерді ұлықтау арқылы мəдениетіміз бен ұлттық бірегейлігімізді паш етуге мүмкіндік мол. Кейінгі үрдістерге қарап отырып, мұны уақыт талабы десек те қателеспейтініміз анық.

Соңғы штрих

Бұдан бөлек, 19 наурыз – жаңару, 20 наурыз – ұлттық спорт, 21 наурыз – ынтымақ күні ретінде белгіленеді. Жылқыны алғаш қазақ даласында қолға үйреткен. Сол арқылы Еуропаға жəне əлемнің басқа түкпір-түкпіріне тараған. Ежелгі гректер кентавр туралы аңызды шашасына шаң жұқпас тұлпарларымен атойлаған сақтарды көргенде шығарған деген мəлімет бар. Бəлкім, рас та шығар. Бізге белгілісі – жылқыны қолға үйретіп, оны əлемге танытқан Ұлы даланы мекендеген көшпенділер. Қазақ пен жылқыны бөліп қарауға болмайтын ұғым екені түсінікті. Ұлттық спорт түрлерінің басым бөлігі де Қамбар ата ұрпағымен тікелей қатысы бар. Көкпар, бəйге, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ секілді сайыстардың бəрінде мінген аттың мықтылығына байланысты. Ұлттық спорттарымыз тек жарыс қана емес, көшпелі өмірдің рухын сипаттайды. «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында оны насихаттау шыққан тегімізді еске салып, ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыруға жол ашады. Ұлыстың ұлы күні еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды көлемде аталып өтеді. Этно-ауылдар ашылып, қазынаға бай ұлттық мəдениетімізді сезінуге мүмкіндік береді. Түрлі конкурстар өтеді, жеңімпаздар марапатталады. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп ағайын-жұрт ақжарма тілектерін айтады. Сегіз күнге созылатын мейрам 23 наурызда «Тазару» күнімен аяқталады. Осы күні қоршаған ортаға қамқорлық жасау насихатталады. Саналы жəне экологиялық көзқарасты дамыту, экологиялық мəдениетті қалыптастыру ұғымы түсіндіріледі. Қазіргідей жаһандық жылыну өршіп, мұнар шыңдардағы мұздықтар еріп, адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кезеңде қоршаған ортаны қорғауға ұмтылу заман көшіне ілесуді əрі өскелең ұрпаққа Жер-Ананы қастерлеуді үйрету сіз бен біздің ең басты, ең қастерлі парызымыз болуға тиіс. Түйіндей келгенде, Əз-Наурызды ерекше сипатта өткізу, «Наурызнаманы» қайта жаңғырту – жаңа заманның талабы екенін айтқымыз келеді. Мұны жай ғана 5науқан ретінде ғана өткізе салмай, жыл өткен сайын жаңғыртып отыруға, насихаттауға тиіспіз.

Əлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ

журналист

Фото: Halyk uni

Тегтер: