Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:52, 22 Наурыз 2023

Наурыз тойы: Кімнің жарлығы, Кімнің бұйрығы?

None
None

Тұмағаңша бастасақ, «көктемді қондырып қанатына» Әз Наурыз келді. Күн мен түннің теңеліп, жер ана бусанған табиғаттың ерекше шағы.

Наурыздың пайда болуы мен «наурыз» сөзінің этимологиясына тоқталмаймыз. Біз наурыз тойына мемлекеттік мереке статусы қашан, қалай берілгеніне және тәуелсіздіктен кейін наурыз мерекесі қалай тойлана бастады, халық қалай қарсы алды деген сұрақтарға жауап іздедік.

Наурызға қатысты архив құжаттарын қарап отырсаңыз, осы уақытқа дейін өзіміз тарихи құжат ретінде сеніп келген кейбір деректердің шала екенін байқауға болады. Мысалы, біз наурызды тәуелсіздік қарсаңында Назарбаевтың жарлығымен тойлана бастады деп жүрміз ғой. Ал тарихи материалдарда наурыз мерекесі 1920 жылы наурыздың 20-сы күні жарияланған Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрықтың негізінде тойланыпты ең алғаш рет. Демек, Назарбаевтың жарлығы емес, Рысқұловтың бұйрығынан кейін бұл күн мереке ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтетін болған.

Құжат Жамбыл облыстық архивте әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Бұл туралы осыдан он шақты жыл бұрын марқұм Мақұлбек Рысдәулет айтып, облыстық газетте мақала жариялаған-ды. Рысқұловтың бұйрығы туралы тұрартанушы Ордалы Қоңыратбаев та жазған. Оның айтуынша, ең алғаш бұл құжатты Ташкент архивінен кездестіріпті, өзіне бір данасын көшіріп алған.

Газет тігінділерінен Ордалы Қоңыратбаевтың «Наурызды діни мереке санап, қарсы шыққандарға Рысқұлов уәжін ақыры өткізген. «Наурыз – көктем мерекесі, халық өзі бәрібір тойлайды. Біз ресми ұйымдастырсақ, халық та жылы қабылдайды» деп түсіндіреді. Сөйтіп, Мәскеумен келіспестен бұйрық шығарған. Осыдан соң Орталық Азияда алғаш рет 1920 жылғы наурыздың 22-сінде наурыз мемлекеттік мереке ретінде жергілікті биліктің ұйымдастыруымен аталып өткен» деп жазады. Халықтық мереке 1932 жылғы аштыққа дейін тұрақты түрде өтіп тұрған. Кейінгі аласапыран уақытта мереке атаусыз қалады. Ашаршылық, репрессия өтіп, қазақ жеріне жылымық ене басталған шақта оңтүстік аймақтарда «Көп көже» деген атпен ауылдарда наурыз көже беріле бастағаны туралы тарихи құжаттардан кездестіруге болады.

Қазір наурыз мерекесін тойлау туралы бастама көтерген саяси тұлғалар туралы таласты пікір көп. Соның ішінде 1988 жылы ақпанның 9-ында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы болып сайланған Өзбекәлі Жәнібековтің аты-жөні бөлек аталады. Ал халық арасында Мұхтар Шахановтың есім-сойы да жиі ауызға алынады. Газет тігінділерінен сол кездегі өзіміздің басылым «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан былай түсіндіріпті: «Наурыз» мерекесінің қайта оралуын «Газет бетінде оқырмандармен «Тікелей телефон» арқылы сұхбат жүргізу дәстүрі бар еді. Соған Мұхтар Шахановты шақырдық. Сонда осы мәселені көтерді. Газетке «Наурыз» мерекесінің қажеттілігі жайында арнайы материал бердік. Көп ұзамай Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Материалдарымды жинап алып барсам да сескендім, бірақ ол кісі қолдады. Сөйтіп, өзі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинге кірді. Содан кейін Колбин Наурыз мерекесін атап өту туралы хат жазған Мұхтар Шахановты қабылдады», – дейді.

Жазушы Ғаббас Қабышев өзінің естелігінде Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз мерекесі жайлы сол кездегі баспасөзде жиі жарияланған зерттеулер мен публицистикалық материалдармен таныс болды деп жазады. Кейін бұл бастама Қазақстан компартиясы орталық комитетіндегі талқылаулар кезінде Өзбекәлі Жәнібековтің ұйымдастыруымен қолдау тапқанын айтады.

Өзбекәлі Жәнібековтің 2011 жылы шыққан таңдамалы шығармалар жинағында да бар, онда «Наурыз» мерекесі осылайша 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданында үлкен халықтық мейрам ретінде өткізілді» деп жазады. Біз қазақтың екі азаматын салыстырып, бірінен-бірінің бәсін арттырып немесе төмендетіп отырған жоқпыз. Біреуі мерекенің өтуіне ықпал етсе, екіншісі – себепкер болды, бары сол ғана.

Тәуелсіздіктің тұсындағы оқиғалардың өзі тарихи қазір. Архив материалдарын қарап отырсаңыз, 1988-89 жылдардан бастап «Наурыз» Қазақстанның барлық облыстарында жаппай атала бастағанын байқауға болады. 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шықса, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланады. Әлгі Жарлықта: «Халық депутаттарының жергілікті советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып, халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын; республика жұртшылығының 1991 жылы наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі инициативасы қолдау тапсын» деп көрсетілген.

«Жас Алаш» газетінің атын қайтарған, басылымның сол кездегі редакторы Уәлихан Қалижан: «Бұрын совет тұсында Сейдахмет Бердіқұлов бас редактор болып тұрған кезде Наурыз мерекесі қарсаңында газет нөмірі көгілдір түспен шығатын. Оны «көктем нөмірі» деп атағанымен, астарында Наурыз тұратын еді», – деп еске алады...

Сонымен, тәуелсіздік қарсаңында, яғни Назарбаевтың жарлығынан кейін наурыз мерекесі қалай аталып өте бастады? Газет-журнал тігінділерін қарап отырсаңыз, 1988 жылғы наурыз тойы республикалық деңгейде тойланғанын байқауға болады. Алғаш Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл, Нарынқол аудандарында аталып өткен. Қаланың басты көшелерінде, Абай даңғылының бойына киіз үйлер тігіліп, жүк көліктерінің үстіне шатыр құрылып, онда концерттер қойылған, жол бойына шағын көрмелер ұйымдастырылыпты. Ұлттық мерекеге шөлдеп қалған халық иығына камзол, шапандарын іліп, барын киіп, бақанын қолына алып, мерекені тойлағанын көруге болады.

Фотомұрағаттардан сол алғашқы наурыз тойында әжелердің қазан-қазан көже қайнатып, астау-астау ет тартып, жастардың алтыбақан теуіп, әншілердің көлік бортында концерт беріп тұрғанын байқаймыз. Қыстан ғана емес, сол кездегі Кеңес саясатынан қысылған халықтың еркіндікке, тәуелсіздікті аңсаған азат көңілін де аңғаруға болады. Қазіргідей емес, таршылық уақыт болса да, жұрттың көзінде қуаныш, көңілінде шуақ бар. Егемендікпен тұспа-тұс өткен наурыз тойын көзімен көрген азаматтардың бәрі бар қазір. Қайсысынан сұрасаңыз да, сол кездегі наурыз салтанатының ерекше өткенін еске алады. Тіпті қазірдің өзінде мерекені жұрт ондай көңіл күймен қарсы алмайды дегенді айтып жүр.

1989 жылы Алматы облысының Жамбыл және Нарынқол аудандарында өткен наурыз мерекесінде ат спортынан әртүрлі жарыстар ұйымдастырған. Аламан бәйге, теңге ілу, аударыспақ сияқты ұлттық ойындар наурыз тойын өзгеше түрлендіргенін байқайсыз. Үміттің үзіліп барып жалғанған шағы еді.

Наурыз мерекесі қазақ жерінде ғана емес, қандастарымыз жиі қоныстанған көрші мемлекеттерде де аталып өткен. Мәселен, қиыр жайлап, шет қонған Моңғолияның Баянөлкесі мен Қытайдың Іле, Алтай, Тарбағатай өңіріндегі ағайындар ұлыстың ұлы күнін бүгінге дейін атап өтеді. Бірақ қай деңгейде, қалай қарсы алады деген заңды сауалдың туатыны құпия емес.

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ,

әдебиеттанушы-ғалым:

«ТІЛЕУ КӨЖЕ» ДЕП АТАЙТЫН

Моңғолиядағы қазақ қауымы «Наурыз мейрамы» деп, әбден мұнда Қазақстан тәуелсіздік алып, ел аралас-құралас болғаннан кейін ғана, сондай атауды айта бастады. Социализм заманында ұлттық мейрамға қатаң тыйым салынған болатын. Моңғолдар өздерінің жаңа жылы саналатын «Цагаан сар» (Ақ ай) мейрамын «Малчдын баяр» (Малшылар тойы) деп, атауға мәжбүр болса, қазақтар ежелден «Тілеу көже» деп, өз-өз ауыл арасында ғана айтшылап тойлайтын-ды.

Ол кезде қазіргідей календарлық ай бойынша «Наурыздың 22-күні» деген түсінік болмаған. Көпті көрген ауыл ақсақалдары аспандағы ай есебін қалт жібермей қадағалап, солардың айтқан уақытымен бірінен-бірі хабардар болып, әр ауылда «Тілеу көже» басталатын. Әрбір отбасы «ыстық үй» деп аталатын қыстық тоқал тамдарының топ ортасындағы дөңгелек темір пештеріне қара қазандарын асып, сүрлене бастаған соғым етінің ең дәмдісін пісіріп, сорпасына ақтаған арпадан көже жасайды. Ағаш келілерінде майлы қызыл құрттарын келсаппен езіп, дәмді қатық дайындайды. Үй-үйдің есігі ашылғанда көженің иісі кеңсірік жарып, кәрі-жас түгел тойдың қуанышын ең әуелі танауымен сезгендей қызық болатын. Алдымен ауылдың үлкен ақсақалының үйіне топырлай кіріп, бата-тілек айтылған соң көже ішу басталады. Содан, алыс-жақын ауылдардың арасында аттылы-жаяулы адамдар әлденеше күн, таңнан кешке дейін айтшылау қызығы қыза түседі. Қыстай жолықпаған үлкендер бірін-бірі көріп бір қуанса, арасында айтыс сөз, әңгіме-дүкен өрбіп, бала-шаға қызара бөртіп, әлі ери қоймаған мұз үстінде асықтың неше түрімен бәсекелесіп, сақа атып, мәре-сәре боп бір желпінетін-ді.

Тоқсаныншы жыл келіп, ел еркіндік алған соң Моңғолия үкіметі қазақтардың төл мерекесі «Наурызды» ресми той ретінде танып, оны ел бойынша тойлауға жол ашты. Қазір, баяғыдай үй-үйге айтшылап көже ішумен ғана шектелмей, көшеде сән-салтанатты мейрам ретінде атап өтетін үрдіс әлдеқашан қалыптасып та қойды.

Мәселен, ел астанасы Ұланбатыр қаласының орталық алаңында Наурыз күні қаланың байырғы қазақ тұрғындары мен баянөлгейлік қазақ студенттер түгелдей қазақша киімдерін киіп, ұлттық құнды дүние-мүліктерінен көрме ашып, домбыра оркестрі күйлерін күмбірлетіп думанды мереке болады. Дәл осы күні үлкендігі циркке таяу қазақ киіз үйі тігіліп, елдің премьер-министрі қаланың беделді зиялы қауымына той дастарқанын жайып, осы күнге орай көптеген адамдарға мемлекеттік атақ беріп, сый-сияпат көрсетеді.

Ал ел президенті Баян-Өлгей аймағына ұшақпен арнайы келіп, аймақ жұртын Наурыз мейрамымен құттықтайды, бір таңғаларлығы – қай президент болсын, құттықтау сөзін қазақша айтуды әдет еткені, өз халқын құрметтеудің үлгісі десе болады.

Бұл күндері Баян-Өлгей аймағының сұмын деп аталатын 12 ауданы және Өлгей қаласы «Наурыз керуен» атты тамаша карнавал өткізетіні қазір дүние елінің назарына іліккен нағыз ұлттық нақыштағы мереке саналуда. Орталық көшелерде түске қарай қазақша түрлене киінген адамдар ілегі молайып, жүйрік-жорға мінген қыз-жігіттер ән салып думандатса, жүк мәшиналардың үстіне киіз үйдің ішіне қоятын небір ою-өрнектермен сәнделген жабдықтар, сырмақ, түскиіз, сандық- кебеже қойылып, дастарқан басында құрметті қариялар отырады. Бұндай көріністер бейнероликтерге түсіріліп, ел көлеміне тарайтындықтан сұмындар жыл сайын бірінен-бірі асатындай қызықтарды молайтуда.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын:

«Жер жарылып көк шық,

желін жарылып сүт шық»!

Басын ашып айтатын бір мәселе, Наурыз мейрамы діни мереке емес. Ол есте жоқ ескі замандардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық мейрам. Ежелгі көшпенді өмірімізден қалған дәстүр. Ата-бабаларымыз алты ай қыста малдың қамымен қиыр жайлап, шет қонып, алыс түкпірлерде, таудың қуысында, Алланың уысында тіршілік етеді. Малдың азығын, өрістің сонысын, жердің жайлысын таңдаған көшпенділер қыстың аязында, ақ қар көк мұздың құрсауында өзімен-өзі болып бейнетпен өтеді. Содан қыс аяғына жетіп, қар еріп, мұздың көбесі сөгілген кезде қара жердің бараны көрініп, бәйшешек қар астынан қылтиып шығып, гүл ашады. Осылайша, Наурызек гүлі қырлардан басын қылтитады. Сол кезде арқабасы кеңіп, етек-жеңі шешіліп, халық оң-солына қарай бастайды. «Жер жарылып шөп шығады, желін жарылып сүт шығады». Қырлардың тасасында, ақ қардың астында жатқан жұрт ашыққа шығып, бір-бірін іздей бастайды. Атізін салып, барыс-келіс орнатып, қауқылдасып хабар табады. Міне, осы кезде қазақтың ескі жыл санауы бойынша жаңа жыл келеді. Қыстан қалған қаптың түбін қағып, сақтаған сүрісін қазанға салады. Бидайы мен тарысын келіге салып түйіп, қауызынан арылтып, қазанға салып бықтырып, бөрттіреді. Қолында бар жеті дәмін салып әспеттеп қайнатады. «Халық бақытты болсын, наурыз ақты болсын» деп, сақтаған құрты мен қатығын шығарып, астауға езіп көжеге қатады. Соғымның соңы, абдыраның түбіндегі кәрі жілікті шығарып, тайқазанға толтыра тамақ жасайды. Сол қазан толы тамақты «Наурыз көже» дейміз. Осылайша жұрт қыстан аман шыққанын, мал-басымен тағы бір жылдан аттағанын салтанат етіп той жасайды. «Жасыңа жас қосылсын, басыңа бас қосылсын» деп ақ бата береді. Осылайша көктем мерекесі атап өтіледі. Бірін-бірі шақырып мәре-сәре болып, майрағайда-тайрағай қуанышты күй кешеді. Мейрамның басты тамағы «наурыз көже» көпке беріледі.

Қазақ ежелден бір халық болғанымен, соңғы үш ғасырда жердің бетін шекаралар шимайлап, тұтас жатқан қазақ даласын тілкімдеп бөліп, әр елге қаратып қойды. Шығыста қытай, шығыс солтүстікте моңғол, солтүстікте орыс, оңтүстікте өзбек елдерінің құрамында қалған қазақтардың наурыз мейрамында әртүрлі болып қалыптасты. Біреулері орналасқан өңірдің табиғатына бейімделсе, енді біреулері олардың мемлекеттік жүйесіне ыңғайланды. Айталық, қытайдағы қазақтар қытайдың ескі жыл санауы бойынша жаңа жыл туған соң «шаған» деп аталатын ұлттық мейрамының қарсаңында, яғни шағанның 11-жұлдызы, қазақтың ескі жыл санауы бойынша жаңа жыл наурыздың басы деп көже береді. Нақтылап айтар болсақ, 2023 жылы 22 қаңтар қытайдың «шағаны» басталады. Содан 11 күн өткен соң 3-ақпаннан бастап ондағы қазақтар наурыз көже бере бастайды. Демек, Қазақстаннан бір ай бұрын атап өтеді. Бұл баяғыдан бері солай жалғасып келе жатыр.

Өткен ғасырдың 1966-1976 жылдардағы «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде «төрт көненің» бірі деп тыйым салынды, шектелді. Ұлттық тамырымызға балта шауып, жоғалтуды көздеді. 1977-2017 жылдары 40 жылдың бедеріндегі «жылымықта» қайта түлеп, наурыз мейрамы аталып, тойланып келді. Әр отбасынан тартып, мекемелерге дейін топ-топ болып атап өтетін дәрежеге жеткен еді. 2017-2023 жылдары тағы да тыйым салынып, бес жыл бойы құрсауланып, шеттетілді. Осы кездегі саяси науқанға қосылып, «Ковид-19-дың» таралуы себеп болды да, барлық мереке мейрамдарды тоқтатты. Сол тұста жығылғанға жұдырық деп, саяси шектеулер мен карантин қосылып, наурыз мейрамы да тұмшаланды. Сөйтсе де, ондағы қазақ етін асып, бір қазан көжесін беруді еш тоқтатқан емес.

Тегтер: