Навальныйды жоқтау, Путинді даттау. «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» қалай өтті?
Германияда жаһанның қауіпсіздігін талқылайтын «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» 60 жылдығын атап өтті.
Сөйлегендердің көбі Ресейден төнетін қауіптің уақыт өткен сайын артып келе жатқанын айтты. Батыс саясаткерлері Украинаға көмек мәселесінде бірін-бірі батыл болуға үгіттеді. Үш күнге жоспарланған жиын ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың қазасы туралы қаралы хабармен ашылды.
Навальный
«Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» – 1963 жылдан бері келе жатқан әлемдегі ең беделді жиынның бірі. Негізгі тақырыбы – сыртқы саясат, қауіпсіздік пен қорғаныс. Биыл өткен 60-конференцияда да басымдық былтырғыдай Ресейдің агрессиясына берілді. 16-18 ақпан, үш күнге жоспарлаған жиынның алғашқы күнінде бәрі күтпеген жаңалыққа тап келіп, одан ешкім аттап өте алмады. Сол күні Ресей түрмесінде өлген саясаткер Алексей Навальный бас тақырыпқа айналды деуге де болады. АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис бастап, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг қостап бәрі Владимир Путинді айыптады. Конференцияда Навальныйдың әйелі Юлия да жүрген екен. Қаралы хабарды Мюнхенде естігенін айтқан ол көпшілік алдына шығып арнайы мәлімдеме жасады. Күйеуінің ісі ары қарай жалғаса беретінін, тоқтамайтынын Батыс әлеміне жеткізді және Путинді қалай да амалын тауып тоқтатуға, жауапқа тартуға шақырды. Навальный көзі тірісінде әйелінің өзінен де батыл екенін, кейде оны радикал әрекеттерден өзі сақтандырып отыратынын айтып, қалжыңдағаны бар. Мюнхен конференциясындағы сөзіне, күйеуінің қазасын ести тұра эмоциясын ақылына жеңдірген ұстамды тұрысына қарағанда саясаткердің қалжыңында әлдебір шындық бар сияқты сезілді.
Алексей Навальный 16 ақпан күні 47 жасында түрмеде көз жұмды. Түрме әкімшілігі оның денесін алуға барған анасы Людмилаға «ұлыңыз кенет қайтыс болды» деп қана жауап берген. Бірақ тұтас әлем оны «қастандық құрбаны» деп танып, тікелей президент Путинді кінәлады. Мәселен, Батыс мемлекеттері басшыларының алғашқы реакциясы мынадай:
«Навальныйдың қазасына Путин жауапты». АҚШ президенті Джо Байден.
«Навальныйдың өлімі Ресейдің қалай өзгергеніне дәлел». Германия канцлері Олаф Шольц.
«Ресей демократиясының табанды қорғаушысы болған Навальный осы жолда ұзақ жыл ерлік көрсетті». Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
«Қазіргі Ресейде рухы азат адамдарды ГУЛАГ түрмесіне тығады немесе өлім жазасына кеседі». Франция президенті Эммануэль Макрон.
«Навальный түрмеде көз жұмған жоқ. Оны қатыгез Кремль өлтірді». Литва президенті Гитанас Науседа.
«Бұл қазіргі Ресей билігі жүйесінің болмысын көрсететін факт». Латвия президенті Эдгар Ринкевич.
«Путин жүйесі дәл Лукашенко жүйесі іспетті билігін сақтап қалу үшін қарсыластарынан қандай жолмен болса да құтылады». Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская.
Путин
Путин бұлардың бәрін естіп, көріп-біліп отырса да жұмған аузын ашқан жоқ. Навальный деген адам өмірде болмағандай кейіп танытып, сайлауалды үгіт-насихатын жалғастырып жатыр. Айта кететін бір деталь – Путин осы күнге дейін бірде-бір рет Навальныйдың есімін атамаған. Ол туралы қойылған сансыз сұрақтардың бәріне де Ресей президенті «сіз атаған адам», «әлгі персонаж», «ана кісі» деп қана жауап беретін.
Жұмада Юлия Навальная сөйлеген мінберге 2007 жылы Ресей президенті Владимир Путин де шыққан. Шыққан да қатысушылардың денесін түршіктіретін мәлімдеме жасаған. Тарихта ол «Путиннің Мюнхендегі сөзі» деген атпен белгілі. 2000 жылдардың басында Батыспен жылы қарым-қатынаста, достық рәуіште болудың маңызды екенін үнемі қайталап келген Путинді сол сәттен бастап Еуропа мен АҚШ басқа қырынан көрген. Сарапшылар оның АҚШ гегемониясын айыптап, бірполярлы жүйе адамзатқа аса қауіпті деген мағынадағы баяндамасынан соң тағы бір «Қырғи-қабақ соғыс басталды» дескен. Жаңылмапты. «Тентек шоқпар жинайды» дегендей, содан бері Путин елдің экономикасымен жөндеумен емес, алысқа ұшатын зымыран өндірумен айналысты. 2014 жылы Қырымға басып кіріп, әлеуетін бір сынап көрген. Үлкен соғысқа әлі дайын емесін ұқты ма екен, ол жолы Киевке шабуыл жасаған жоқ. Бірақ ақшасын аямай, бес қаруын сайлап, күндіз-түні пропагандасын сарнатып, халқын көрші, бауырлас Украинаға өшпенділік рухта әбден дайындап алды. Сөйтті де 2022 жылдың 24 ақпанында қазіргі соғысты бастап берген.
Зеленский
Навальный өлімінің ертеңінде конференцияға келген 50-ден астам елдің басшылары Украина президенті Владимир Зеленскийді тыңдады. Зеленский бұдан бір күн бұрын ғана Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен жеке кездесіп, Германия-Украина арасында екіжақты әскери серіктестік туралы келісім жасасқан. Дәл сондай құжатын көтеріп, іле-шала Парижге ұшқан. Онда да Франция президенті Эммануэль Макрон екеуі қорғаныс саласында ынтымақтастыққа уағдаласқан. Парижде түн асырған ол ақпанның 17-сі күні таң ата Мюнхенге жетіпті.
Зеленскийге «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» бейтаныс, бөтен жер емес. Оның 2022 жылы соғыс басталардан бір апта бұрын ғана осы мінберде тұрып айтқан «кім өтірікші?» деген әйгілі сұрағы елдің есінде. «Украина бейбітшілікті жақтайды. Еуропа да тыныштықты қолдайды. Ресей де тату-тәтті өмірді қалайды. Демек, біреу өтірік айтады» деп еді ол Путин сарбаздарына шабуылға шығуға бұйрық берерге сегіз күн қалғанда. Бұл конференцияға Зеленский былтыр онлайн қатысқан. Ол кезде Батыстағы әріптестері ақшаны да, қару-жарақ, оқ-дәріні де үздіксіз беріп, қолдауын сөзбен де, іспен де дәлелдеп тұрған. Алайда жыл соңына қарай көңіл күй өзгеріп, әсіресе АҚШ қоғамында Украинаға беріліп жатқан көмекті «бекер ақша шашу» деп есептейтіндердің үні өктем шыға бастады да, жәрдем жарым-жартылай халге түскен. Ал осы олқылықтың орнын толтыруға септігі тиетін, сөзіңді естіп, үніңе құлақ түретін бірден-бір таптырмайтын орта – «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы».
Зеленский залға кіргенде отырғандардың бәрі орындарынан тұрып, көпке дейін ду қол шапалақтап, ілтипат көрсетті. Шамамен 40 минут сөйлеген Украина президенті тыңдаушыларын Ресейдің, Путиннің араны тым қатты ашылып бара жатқанына, Киевті құлатса, келесі қадамы Берлин мен Парижге қарай бағытталатынына сендіріп бақты. «Ресейдің қазіргі соғыста Еуропадан бір ғана артықшылығы бар. Ол – адамның құнсыздығы. Путин майданға «шикі еттерін» (сарбаздарын – ред.) бірінің үстіне бірін жөнелте беруден тартынбайды және олар әзір таусылмайды» деген Зеленский Еуропаны қалғымауға, сергек болуға шақырды. Сондай-ақ Навальныйдың өлімі тікелей Кремльдің қылмысы екенін айта келе, алдағы сайлаудан кейін Путиннің инаугурациясына бармауға үндеді. «Путинде қазір екі-ақ жол қалды» – деді Зеленский: «Біріншісі – Гаага халықаралық сотына тартылу, екіншісі – қазір ол үшін адам өлтіріп жатқандардың қолынан қаза табу. Түптің түбінде жеңілу – оның маңдайына жазылған тағдыры». Сөзінің соңын Украина президенті «Менен, Украинада «соғыс қашан аяқталады» деп сұрамаңыздар. Одан да өздеріңізден «Путин неге әлі оны жалғастырып келе жатыр» деп сұраңыздар», деп аяқтады.
Украинаның бүгіні, Ресейдің болашағы
Конференцияда сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған тағы бір талқы – «Ресейдің болашағы» деп аталды. Оған 2015 жылы Кремль түбінде қастандықтан қаза тапқан саясаткер Борис Немцовтың қызы, әкесінің атындағы халықаралық қордың төрағасы Жанна Немцова, саясаттанушы Екатерина Шульман және тарихшы, «Мемориал» қауымдастығының жетекшісі Ирина Щербакова қатысты. Ресейден лауазымы жоғары ресми өкілдер шақырылмаған. Аталған үш адам да орыс халқының, тіпті шетелде бас сауғалап жүрген ат төбеліндей оппозициясының арнайы өкілдері емес. Ары кеткенде әлеуметтік желіде оқырманы көп, ықпалы қатардағы көп блогермен шамалас адамдар ғана. Олардың қазіргі жұмысы – Путинді сынау және оның әрбір әрекетін әлемге қаралап көрсету. Анығында, Батыс Кремльден Путин кетсе де орыс шовинизмі ғайып болмайтынын жақсы біледі. Сондықтан да Еуропа Ресейден келетін қауіпті жалғыз Путинмен ғана байланыстырмайды. «Орыстың бәрі қатер» деуге, әрине, көбіне қарапайым дипломатия тәртібі рұқсат етпейді. Алайда тұтас орыс халқы империалистік көзқарастан жерінбей қашан да көршілеріне қауіп екенін Батыс та, Шығыс та айтқызбай-ақ түсінеді. Дегенмен Ресей ашқан соғысқа екі тараптың көзқарасы, ұстанымы бірдей емес. Орыстың қаруы тура өзіне қарай кезеніп, оқ-зымырандары дәл табалдырығына түсіп жатқандықтан Еуропада алаңдаушылық басым. Ашық айыптап, батыл сөйлейтіндері де содан. Ал мылтықтың оғы дүмінен шықпайтындықтан Украинадағы соғысқа Пекин «біржақты қарамайды». Кейде Мәскеудің қолтығынан демеп, қажет кезде арқасынан қағып қояды. Вашингтонды ең басты, негізгі бақталасы көретін Пекиннің бүйрегі Мәскеуге қарай бұрып тұратыны ешкімге жасырын емес. Онысын Си Цзиньпин соғыс басталғалы Владимир Зеленскиймен бір рет те кездеспей, әлемге ашық көрсетіп отыр. Конференцияның екінші күні сөйлеген Қытай сыртқы істер министрі Ван И «бұл дағдарыстың саяси шешімін табу мақсатында Қытай дамылсыз жұмыс істеп келеді» деді. Оның сөзінше, «қауіпсіздік жөніндегі келісім екі елдің де (Украина мен Ресей) мүддесіне сай болуға тиіс».
Батыс Украинаны қолдай отырып Еуропаны қорғау туралы айтқанда НАТО-ның Ресеймен тікелей соғысқысы келмейтініне, арнайы әскер жібермейтініне міндетті түрде басымдық береді. Бұл ең алдымен ішкі аудиторияның наразылығын басуға арналған сөз. Батыстың украин сарбазы қолына салмағы жеңіл қару ұстатып, қалтасына санаулы оқ салып беріп, «бізді қорға» деген ұстанымы қазір Кремльдің де қолайына жағады. Париж бен Берлин батылырақ әрекет ете бастаса, Мәскеу ядролық соғыспен қорқытып қояды. Оны Германия канцлері Олаф Шольц те өз баяндамасында атап өтті. Ресеймен неміс сарбаздары бетпе-бет шайқасқа жіберілмейтінін тағы бір мәрте нақтылаған ол Украинаның жеңілісі ұзақ болашақта орыс танкілерінің Германия жерін тағы да таптауына жол ашуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сол себепті де Еуропа Одағындағы әріптестерін бірлікке, талмауға, қажымауға шақырады. Шольцтен гөрі Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясатына жауапты жоғары өкіл Жозеп Боррель әлдеқайда батылырақ сөйледі. Ол Ресейдің қаһарынан қорқып Батыс саясаткерлерінің қуатты қаруды Украинаға беру керек пе, жоқ па деген ұзақ пікірталасы, су жүрек, қорқақ саясаты күніне мыңдаған адамның өмірін жалмап жатқанын Еуропа жетекшілерінің бетіне басты. Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Боррель мырзамен пікірлес көрінді. «Еуропадағы қару-жарақ қоймаларда қажетті оқ-дәрі, зымыран жеткілікті» деген ол оларды тез арада Украинаға жөнелтуге үндеді.
Үш күнге созылған конференция жексенбі кешке аяқталды. Украинадан бөлек саясаткерлер Таяу Шығыста болып жатқан қан-қасапты да талқылады. Тайван аралы үшін АҚШ пен Қытайдың қақтығысқа түсуі мүмкін екенін де болжады. Жаһанды жалпағынан басуды көздейтін амбициясы жоғары елдер өзара татулықтан айырылса, кішкентай мемлекеттер қосақ арасында кететінін де сөз етті.
Дүниежүзінің салмақты, салиқалы саясаткерлері, сарапшылары бас қосатын дәстүрлі конференцияға Қазақстан атынан кім барғаны белгісіз. Астана жоғары лауазымды ешкімді жібермеген сияқты. Өйткені мінберден сөйлеп, көзге түскені жоқ. Соңғы рет 2020 жылы өткен 56-конференцияға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан. Ол Қытай мен Ресейдің ортасында отырып көпвекторлы саясат ұстанудың қандай болатыны туралы сұрақтарға жауап берген. Ол талқыда Тоқаевтың жанында Ауғанстанның сол кездегі президенті, кейін АҚШ әскерін әкеткенде бас сауғалап шетелге қашып кеткен Ашраф Ғани отырды. Ұйымдастырушылар екі елдің атауындағы «стан» жалғауына бола қосты ма, басқа да себебі болды ма, әйтеуір екеуін мінберге қатар шығарып, «Орталық Азияның жаңаруы» тақырыбы төңірегінде талқы жасаған. Сондағы модератор АҚШ-тың халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің президенті Ричард Хаас еді. Ол әуелі Қазақстан президентіне бұрылып, қулана қарап алып «Қытай мен Ресейдің ортасында отыру жақсы нәрсе ме, жаман нәрсе ме әлде жай нәрсе ме?» деп, қалжыңға ұқсас, бірақ салмағы зіл батпан сұрақ қойған. Отырғандар ду күлген. Астындағы жұқа, қатты орындығынан ақырын ғана қозғалыңқыраған Тоқаев кәстөмінің түймесін ағытты да, езуін әнтек жымиты: «Жақсы ма, жаман ба, маңызды емес. Анығы – бұл шындық» деп жауап қайтарып, залдағыларды тағы да күлкіге қарық қылған.
Айгүл Баба