Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 20 Ақпан 2024

Навальныйдың өлімін саяси қастандық деуге келмейді

Пердехан Шәмшиев
Фото: из открытых источников

Алексей Навальныйдың өлімі тосын оқиға болды деп айтпас едім. Путиннің оппозиционері түрмеге тоғытылған соң денсаулығының нашарлай бастағаны бәрімізге белгілі.

Десек те нақты қашан қайтыс болатыны белгісіз еді. Мәселен, осыдан бірер айлар бұрын мұндай оқиға болады деп ешкім күтпеді. Сондықтан бұл өлім тосын дүние болды деуге де келеді.

Қазіргі таңда оның өліміне қатысты әртүрлі нұсқалар айтылып жатыр. Сөзсіз, бұл күмән тудырады. Бірақ нақты бір саяси астар байқалмайды. Өйткені жаңа айтқанымдай, оның денсаулығы күннен күнге нашарлап жатқаны белгілі еді. Бір жағынан мұны табиғи немесе биологиялық себеп деп айтуға да болады. Қалай десек те қастандық болды деп айтпас едім. Сайлау алдында, соғыс кезінде Кремль мұндай қадамға бармас еді. Себебі Мәскеуге осындай маңызды саяси науқанның алдында халық наразылығы тіпті де керек емес. Иә, саяси-технологиялық тұрғыдан халықты қорқытып, үркіту үшін қолданылуы мүмкін еді. Бірақ жеке менің пікірім олай болуы мүмкін емес. Мұны саяси қастандық деуге келмейтін секілді. Сондай-ақ бұл Путиннің саяси қарсыластарының әдейі істеп отырған қитұрқылығы деген нұсқа да айтылып жатыр. Бірақ мен бұл нұсқаның шынайылығына күмәнмен қараймын, аса сенбеймін, мұның ықтималдылығы төмен версия деп есептеймін. Әлбетте, саяси-технологиялық тұрғыдан қарағанда бұл Путиннің қарсыластары үшін тиімді болар еді. Бірақ бірінші нұсқа сенімдірек.

Ал осы өлімге қатысты қазақ қоғамының ойы туралы айтсақ, оны екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, орыс тілді аудитория. Олар аса таңырқай қоймады. Алайда либералды ойланатын аудитория, әсіресе алматылықтар аталмыш оқиғаны «Ресейдегі демократияның өлімі» деп қабылдаған секілді. Ауқымды наразылық акциясы болмаса да, гүл қою рәсімі өтті. Ал екінші топ – қазақ тілді аудитория. Негізінен олар фейсбук әлеуметтік желісінде талдаумен ғана шектелген секілді. Бірақ осы екі жақ та Алексей Навальныйдың өлімін өкінішпен қарсы алды. Біздің қоғам осы оқиғаға дейін де Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділовтің өлімін көп талқылайтын. Навальный өлімі қоғам осындай өлімдерді қайтадан бір ой елегінен өткізуіне түрткі болуы мүмкін. Бірақ ол ешқандай да іс-әрекетке әкеледі деп күте алмаймыз.

Бір жағынан Навальныйдан сондай бір идеал жасап немесе керемет саяси образ көрудің де қажеті жоқ секілді. Өйткені көпшілік арасында ол билікке келсе де екінші Путинге айналар еді деген пікір көптеп таралған. Әрі оның кезінде айтқан шовинистік пікірлері тағы бар. Путин кеткен күнде де ол қаншама жылдан бері құрған билік бар. Саяси режим кетпейді. Демократияға қанша жерден либералмын деп келсе де, кез келген басшы осы режимге бетпе-бет келеді. Иә, кейбір позициясы қалуы мүмкін, бірақ сонша жылдан бері қалыптасқан режимді өзгерте алмайды. Навальный келсе де, басқа келсе де жағдай сол. Тек кейбір өзгерістерді жасай алуы мүмкін. Ал түбірімен режимді өзгерту үшін әлі біраз уақыт керек.

Пердехан Шәмшиев, саясаттанушы