Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:39, 07 Қазан 2022

Назарбаев көшесін қимай отыр ма?

None
None

Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Назарбаев көшесінің атауын өзгерткісі келмей отырған билікке талап қойған.

Алайда оның талабын билік естігісі келмейді.

Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Қарағанды билігінен кезінде бір күннің ішінде Назарбаев болып ауысып кеткен Бейбітшілік бульвары даңғылының атауын кері қайтаруды талап етіп жүр. Қарағандылық белсенді билікке деген осындай талабымен наразылық пикетін жасамақ болған. Осы мақсатпен Айтқожа Фазылов Қарағанды әкімшілігінен 16 рет пикетке шығуға рұқсат сұраған. Алайда қала билігі түрлі сылтаулармен 16 мәрте тыйым салып, келіспей қойған. Бір жолы сауда үйінің алдында өткізуге болмайды, жекеменшіктің аумағы деген себеп келтірген екен. Тіпті митинг өткізуге арналған жерде де мұндай шараны жасатпай қойыпты.

Айта кету керек, кезінде Назарбаев билікте отырғанда оның жұмысына разы болған Қарағанды билігі мен қалалық мәслихат депутаттары қысқа мерзімде Қарағанды қаласындағы Бейбітшілік бульвары даңғылын Назарбаев қылып өзгерте салған еді. Әшейінде орысша атаулары бар қала көшелерін қазақшаға ауыстыратын тұста дүйім жұртты жинап, қоғамдық пікір өткізгенді жақсы көретін шенеуніктер Назарбаев аты иеленген көшеге келгенде ширақ қимылдады. Қоғамдық тыңдалым бұл кезде керек болмай қалып, халық пікірі ескерілмеді.

Айтқожа Фазылов қазіргі уақытта көшенің бұрынғы атауын қайтаруға қатысты қол жинап жүр.

«Қарағанды билігі пикет жасауыма рұқсат етпей осымен16 рет бас тартып отыр. Халық пікірімен билік санасуы тиіс. Көшенің бұрынғы атауы кері қайтарылуы тиіс деп ойлаймын. Менде екі мақсат бар, біріншісі – Назарбаев елесінен мына елдің құтылуы, онсыз даму, тұрақтылық деген болмайды. Менің түсінгенім – Тоқаев пен Назарбаевқа қарсы сынайтын шара болса, жергілікті билік оған рұқсат етпейді. Бұл жерде билік Тоқаевтың митинг туралы айтқан сөзіне қарсы шығып отыр, ол бізде митингке шығу үшін рұқсат сұрап керек емес, тек билікке ескертсе болды деді ғой. Облыстық биліктің өзі Назарбаевқа жақын адам, сол себепті ешқандай рұқсат бермейді. Өтірік сылтау айтады, тіпті қисынсыз. Мен тіпті оларға осы ғасырдың соңғы күніне және келесі ғасырда бір күнді белгілеп, пикет өткіземін деп сұрадым. Күлкілі, олар тіпті ашып қарамаған, рұқсат етпей лақтыра береді. 16 рет әртүрлі жерді, әртүрлі уақытты көрсеттім, бәрібір рұқсат етпеді», – деп мәлімдеді «Жас Алаш» газеті тілшісіне Айтқожа Фазылов.

Тегтер: