Назарбаев – майшелпек
Отыз жылдан кейін тұңғыш рет туған күнін елеусіз атап өткен экс-елбасы қайбір жылы кілең кәсіпкерлермен кездескен кезінде: «Мен кез келгеніңді қолыңнан жетектеп апарып қамата аламын» деген еді.
Ол кезде ешкім Назарбаев сөзінің төркініне үңілген жоқ. Керісінше, оны қаһарман санап, әділ, шыншыл тұлға ретінде көрді. Тілеуханов пен Сұлтанов сияқты еміреніп, елжіреп кеткендер де болған. «Ойпырмай, президентіміз қандай асыл адам еді? Мына байлардың бәрінің қылмысын біліп тұрса да, кешіріммен қарап отыр. Пейілі не деген кең жан еді» десті жұрт. Сөйтсек, мұның астарында бөлек сыр бар екен.
Назарбаевтың «Кез келгеніңді қолыңнан жетектеп апарып қамата аламын» деген сөзін қалай тәпсірлеуге болады? Егер ол әлгі жиында отырған бизнесмендердің ұрлығын білмесе, жасаған заңсыз бизнестерінен хабары болмаса, онда қалай сенімді түрде қаматамын десін? Олар Назарбаевқа, Назарбаев оларға кіріптар болмаса, көпшілік алдында кім күшенсін? Демек, Назарбаев дәуірінде шексіз байлық жиған кәсіпкерлердің ешқайсысы «сау сиырдың жапасы» емес. Бәрі байлықты заңсыз жолмен жиып, ұрлық-қарлықпен байығандар. Назарбавтың соны біле тұра көз жұмғанына қарағанда, олардың сондай жолмен баюына рұқсат берді деген сөз. Неге рұқсат берді? Неге олардың ұрлықпен тапқан байлығына көз жұма қарады? Мәселе сонда. «Жаңа Қазақстанның» бір миссиясы осы болуы керек. Өйткені байлық халыққа тән...
Арғы-бергі қазақ тарихында әлем байларының санатына кірген ауқатты адамдар болды ма, болмады ма? Тарихқа барып келген ешкім жоқ. Бірақ 18-19 ғасырларда 5-10 мың жылқы біткен байлар туралы әңгіме көп. Қазіргі байлықпен есептесек, әлгі 10 мың жылқысы бар адамның байлығы 5 млрд теңгеден аспайды екен. Ал қазіргі байлар ше? Назарбаевтың кезінде ұрлық-қарлықпен мал жиған байшыкештердің дүниесін теңгемен емес, доллармен ғана есептей аламыз. Теңге көтермейді. Қазіргі байлардың қасында баяғының байлары әңгіме қылуға тұрмас. 5-10 мың жылқы не тәйірі қазір?
Кез келген мемлекетте байлардың, қалталы азаматтардың көп болғаны жақсы-ақ! Кедей болып үкіметке ауыз ашқанша, бермесе де, бай болғанға не жетсін? Отыз жылдық дара билікте – Назарбаев жалғыз өзі ғана байыған жоқ. Айналысындағы ат төбеліндей тобырға да шексіз мүмкіндік берді. Жалғыз өзі ғана ауқатты болу оның биліктегі ғұмырын ұзартпас еді. Сондықтан Әбішұлы алдымен қыздары мен бауырларын, содан кейін құда-жекжаттарының аузынан ақ май ағызсын. Олардан асып бара жатқан соң Машкеевич сияқты келімсектердің қолымен «алтын» күреді. Шетелден келгендердің қолына қамбаның кілтін беру – Назарбаевтың байлық жинаудағы ең тапқыр амалы. Өйткені Қызылқұмдағы қарапайым қазақ қаңғып келген машкеевичтерден ақшаның есебін сұрай алмайды. «Шетелден әкелдім» десе де, үндемес еді. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев бір жағынан өзі байып, екінші жағынан әлгі қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын келімсектерді байытты.
Тұңғыш президенттің әлгі жиында тепсініп тұрып «Бәріңді қаматамын» деген сөзі бір жағы қызғаныштан да айтылса керек. Өйткені тәуелсіздікті енді ғана алған кезде Назарбаевтың қолында биліктен басқа ешнәрсе жоқ еді. Сол тоқсаныншы жылдары қоң жиған Өтемұратов, Әбілов, Әбілязовтар кейін бизнесте, сауда-саттықта қатты күшейіп, «шалмен» терезесі тең тұрып сөйлесе бастады. Ондай адамның Назарбаевқа ұнамасы анық. Экс-президент соларды жұрт алдында бір тұқыртып, қалай байып жатқандарын естеріне бір салып алғысы келген болуы керек. Бірақ олардың көбі Нұрсұлтан Назарбаевпен бір уақытта байып, байлықты бір мезгілде жинағандар. Сондықтан «иттің сыры иесіне мәлім».
Нұрсұлтанның жылымығын пайдаланып, дүние жиғандардың қарасы қалың қазір. Мәселен, біз айтып отырған Өтемұратов, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, атақты Ким мен Цой, Терещенко, Мәсімов, Есімов, Байбектердің бәрі байлықты Қаскелеңнен көтеріп барған жоқ астанаға. Бұлар Назарбаевтың арқасында ауқатты адамдардың санатына қосылды.
Қазақстандағы миллионерлер мен миллиардерлердің байлық жинау технологиясы ешбір елде кездеспейді. Біздің мемлекетте бірде-бір өндіріс, зауыт-фабрика жоқ. Ешбір олигарх алақаны ойылып, еңбектеніп ақша таппайды. Біздегі бай болудың жолы – Назарбаевқа биологиялық туыс болу немесе амалын тауып «шалдың» көңіліне жағу. Сол ғана. Осы екі жолдың біріне қолыңыз жетсе, аяқ астынан байып шыға келесіз. «Жаңа Қазақстанға» дейін біздегі миллиардерлік жүйе солай болатын. Шетелдің бай-бағландары әрбір тиынның қадірін біледі. Себебі, олар 1 тиынның өзін тиынды «табан ет, маңдай термен» табады. «Еңбекпен тапқан нанның тәтті» болатыны сол. Ал Қазақстанның байлары ақшаның қайдан, қалай келгенін білмейді. Жеңіл жолмен келген дүниеде береке болсын ба? Назарбаев құрған ұрлықпен мал табу технологиясы тұтас қоғамға жұққан дерт сияқты. Жасыратыны жоқ, жемейтін бастық аз қазір. Орайы туып қалса, бәрі жеуге әзір. Бірақ бәріне бірдей майшелпек – Назарбаев жоқ.