Назарбаев Мәсімовке Чубарыдағы үйді сыйға берген – БАҚ
Бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаев сыйға тартқан үйде тұрған.
Бұл туралы UlysMedia-ға берген сұхбатында Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласы Азамат Капенов айтты.
Капеновтың сөзінше, бұл үй Астанадағы Чубары ауданында орналасқан шағын кірпіш үй. Ғимарат бір жарым қабатты, мансардасы бар.
«1997 жылы ол үйде Назарбаевтың өзі тұрған. Ал Мәсімовке, шамасы, 2001-2002 жылдары сыйға берілген. Мәсімов ол үйді ешқашан ауыстырған емес, үнемі сонда тұрды. Назарбаевтың сыйын қалай сатсын? Сондықтан сол жерде өмір сүрді. Ал БАҚ-та көрсетілетін басқа үй қонақтарға арналған. Ол жерде шағын құрамдағы кездесулер өткен. Мен ол үйде бірде-бір рет болған емеспін. Әрине, ол жерде Қазақстанның бүкіл элитасы, оның ішінде Назарбаевтың өзі де жиналған болуы мүмкін», - деді Капенов.
Капенов «элита жиналатын» деп сипаттаған бұл ерекше нысанды Қаңтар оқиғаларынан кейін ерекше қажеттіліктері бар балаларға беру туралы шешім қабылданған. Формалды түрде, аталған мүлік Мәсімовқа қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген.
Сонымен бірге, бұған дейін анықталғандай, Мәсімовқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша Кеңес Рақышевке тиесілі жеке меншіктегі жер телімі де бұғатталған. Учаске Қараөткел шағын ауданында, Ерейментау көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан. Бұл мекенжай Капенов сөз еткен ерекше сарайдың орналасқан жерімен сәйкес келеді.