Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 10 Қыркүйек 2023

Назарбаев мектептері қара уылдырық, Ауыл баласы қара нан жей ме?

None
None

Биылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына мектепте тегін тамақ берілетін болды

Биылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына мектепте тегін тамақ берілетін болды. Бұған дейін Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ғана 1-4 сынып оқушылары бір уақ аспен қамтамасыз етіліп келген-ді.

Қазақта «Арзанның жілігі татымайды» деген сөз бар. Бұл сөзді тегін тамаққа да қаратып айтуға болатын сияқты. Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін мегаполистерде беріліп келген тегін тамақтың «жыры» біраз әңгімеге арқау болған. Бұзылған ет, шикі нан, күйген ботқа, уақыты өткен тағамдардан уланған, ұшынған оқушылардың дауын ұмыта қойған жоқпыз.

Бүгінгі мәселе тамақтың сапасы туралы емес. Тегін берілетін ыстық астың бағасы хақында. Сонымен, ата-ана үшін тамақтың бағасы да, сапасы да қызық емес қазір. Тегін берілсе болғаны. Бірақ сол тегін асыңыздың бағасы әр өңірде әртүрлі екен. Айырмашылық 100-200 теңге болса, «бас жарылып, көз шықпас» еді. Бұл жердегі нарықтың парқы 2 000 теңгеге дейін шарықтаған. Бұл туралы әуелі мәжілісте де мәселе көтерілді.

Депутат Мұрат Әбенов жуырда «Бір ауылда бір балаға күніне тамақ ішуге 200 теңге, енді бір ауылда 400 теңге қарастырылған. Астана мен Алматыда 800 теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 2 000 теңге», деп таңданыс білдірді. Бұл жердегі айырмашылық – жер мен көктей, оған нарықты кінәлаудың қажеті жоқ. Оқу-ағарту министрлігі тамақ бағасына ешқандай стандарт белгілемеген. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқушылардың 2 000 теңгеге құнарлы тағамдармен ауқаттанатыны белгілі. Ал 200 теңгеге ауыл баласы не жейді? Осы сұрақты біз әлеуметтік желіге жазып, сауалнама ұйымдастырдық. Пікір көп.

Кентауда тұратын Айгерім Оқасова есімді желі қолданушы бізге былай депті: «Кентауда мектеп асханасының тар болуына байланысты оқушыларға ыстық тағам берілмейді, пірәндік, алма сияқты талғау етерлік құрғақ тағам түрлері қарастырылып отыр». 200 теңгелік мәзірдің кентаулық нұсқасы. Алматы қаласында 800 теңге дегенді айттық қой. Ал қала іргесіндегі Бесағаш, Тұздыбастау ауылдарының мектептеріне хабарластық. Баға бірден құлапты: 400 теңге! Бұл ақшаға қандай ыстық тағам беруге болады? Бағасы орташа асханалардың өзінде бір адамға арналған ас мәзірі кемінде 1 500 теңгеден басталады. Ең арзан ботқаның өзі 500 теңге. Ал 400 теңгеге қала іргесіндегі мектеп оқушылары не жейді? Талғар ауданының Тұздыбастау ауылындағы №13 пен №31 мектептің асханасын мойнына алған кәсіпкердің телефон нөмірлерін тауып хабарластық. Тендерден ұтып алған азамат өзінің аты-жөнін айтудан бас тартты.

– 400 теңгеге қандай тамақ бересіздер? – деп сұрадық.

Кәсіпкер баланың аш қалмайтынын айтып, жауаптан сырғақтап бақсын. Біз де тықақтап қоймадық. «Аспазбен сөйлесейін, әр күнгі ас мәзірі әртүрлі болады» деп жауаптан жалтарғысы келді. Сұрағымызды қайта қойдық. Құтылмасын білді ме, айласы таусылғанда «400 теңгеге 1 шөміш ботқа мен 1 стақан жеміс шырынын береміз» деп, сөзін түйіндеді.

Кәсіпкердің айтуынша, асханадағы тағам мәзірі өзгеріп тұрады екен. Бірақ белгіленген 400 теңгеден асып кетпейді. Тұздыбастаудағы екі мектепте де білім алушылар үш ауысыммен оқитынын, 1-сыныптың өзінен 11-12 сынып барын ескерсек, аспаздар үшін жұмыс жүктемесі жеңіл болмайтыны белгілі. Қандай шебер аспаз болса да, бір уақытта бірнеше жүз оқушыға қандай тамақ дайындап береді? Көпшілікке жасалған тағамның бағасын қайдам, сапасы туралы да әлдене дей қою қиын.

Мұндағы негізгі әңгіме ауыл мектебіндегі оқушыға 200 теңге бөлініп, Назарбаев мектебіндегі балаға 2000 мың теңге бөлінетін алақұла саясатқа келіп тіреледі. Айырмашылық 10 есе! Оның үстіне, Назарбаев мектебіндегі оқушыға ай сайын ата-аналары былтыр 9 мың теңгеден төлеп отырған, биыл бұл сома көбеюі мүмкін. Сонда Назарбаев мектебіндегі оқушы қара уылдырық жеп, ауыл баласы 200 теңгеге қара нан қажауы керек пе? 2000 теңгеге ыстық тамақ ішіп оқыған бала мен 200 теңгеге ботқа жеген оқушының болашағын салыстыруға бола ма? Бұл да салмақты сұрақ. Осы сұрақты оқушы дастарқанына қатысты мәселе көтерген мәжілісменнің өзіне қойдық. Айтатын сөзімді тиісті адамдарға жеткіздім, әлеуметтік желіде көтердім деген Әбенов біздің сұрағымызға қатысты ойын қысқа қайырды:

 «Мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Сондықтан біз парламент қабырғасында бұл мәселе бойынша тиісті министрліктерге стандарттар енгізу жөнінде ұсыныс беретін боламыз!»

Ортақ стандарт болмаса, мектептің асхана мәзірі парақорлардың «дастарқаны» болып кетуі де мүмкін екен. Мектеп асханасының тендеріне қатысып, ұта алмаған Қанатбек Әкімбековті тауып, әңгіме тарттық.

«Бұл жердегі сыбайластық тереңдеп кеткен. Мен де бірнеше рет бағымды сынап көрдім. Тендерді ұту үшін беретін жеріне бересің. Ал ұтып алған соң мектеп басшысымен ауыз жаласасың. Мектеп директорының көңілін таппасаңыз, тендерді ұтып тұрсаң да шөміштен қағыласың. Анаған-мынаған беріп-беріп, қалған ақшаны баланың дастарқанына саласыз. 200 теңге деген ең төменгі сома. Қазіргі қымбатшылық кезінде 400 теңгеге де құнарлы тағам бере алмайсыз» – деді.

Ал оқу-ағарту министрлігі бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен жарылқап тастадық деп жарты әлемге жар салып отыр.  

Тегтер: