Назарбаев пен Путин не үшін кездесті?

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей астанасына сапары әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды.
Бұл жағдайға байланысты оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай пікір білдіріп, Назарбаевтың Мәскеуге бару себебін түсіндірді.
— БАҚ сұраныстарына байланысты мынаны хабарлаймын.Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта өтті. Оны Ресей президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына тәуелді емес, – деді Үкібай.
Айдос Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев түрлі мемлекеттердің басшыларымен тұрақты түрде байланыста болады — ол кейде телефон арқылы сөйлесіп, кейде хат алмасып немесе жеке кездесулер өткізіп тұрады. Бұл елдердің қатарында Ресейден бөлек, Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттер бар.
— Мұндай қарым-қатынас форматы – халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Бұл – Назарбаевтың мемлекет басқарған жылдары орнаған жеке байланыстардың жалғасы, — деді баспасөз хатшысы.
Айдос Үкібай Ресейдегі сапар аясында өткен кездесудің мән-жайына да тоқталды. Оның айтуынша, Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акие Абэмен де жеке жүздесу өткізген.
— Белгілі бір лауазым иесі болмаса да, беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер – қалыпты дипломатиялық тәжірибе, - деді Үкібай.
Сондай-ақ Айдос Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге 80 жылдық Жеңіс мерейтойына арналған іс-шараларға шақырылған. Алайда белгілі себептерге байланысты ол ресми мерекелік шараларға қатыса алмаған.
— Сол себепті ол Ресей астанасына кейінірек, жеке сапармен барды, - деді ол.
Сөзінің қорытындысында Айдос Үкібай тұңғыш президенттің Қазақстанда тұрақты тұратынын ерекше атап өтті.
— Назарбаевтың елден кеткені туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, 29 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге арнайы сапармен барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл кездесудің бейнежазбасын Кремльдің баспасөз қызметі жариялаған болатын.