Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 05 Қыркүйек 2023

Назарбаев стратегиясының ақыры

None
None

Бірінші қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады.

 

Жалпы, жолдауды Қазақстан халқы асыға күтеді дей алмаймыз. Бірақ елеусіз қалмайтыны да анық. Өйткені жолдауда ел билігінің ендігі жоспары белгілі болады. Президент биыл да үкіметке үйіп-төгіп тапсырмалар берді. Оның қаншасы, қай деңгейде орындалатыны тағы белгісіз, бір анығы, саяси оқиғалар тағайындаулармен және түрлі деңгейдегі жиындармен өлшенетін елімізде бұл жолдаудың қызуы көпке дейін басылмайды...

Сонымен… Биылғы жолдау негізінен экономикаға бағытталыпты. Тоқаев саяси мәселелерден гөрі экономикаға өзгеріс енгізу, өндірісті өркендету туралы көбірек айтты. Осыған қарап бір жыл бұрын сынға ұшыраған «алдымен экономика, содан соң саясат» ұстанымынан жақын арада арылып болмайтын сияқтымыз.

Экономикалық саясатта ұзақ мерзімді мақсат қойылмайды

Тоқаев жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайтынын айтты. Демек, президент ұзақ уақытқа арналған стратегиядан бас тартуды ұсынып отыр. Себебі үкіметтің оны орындай алатынына күмән көп. Енді жоспарлау жүйесі өзгереді, бұрынғыдай «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» деген сияқты ертегілік жоспарлар жасалмайтын болды. Өйткені Тоқаев жолдауында айтылған міндеттің бәрін үш жылда орындау керек деп қалды. Осылайша, Назарбаев стратегиясынан бас тартатынын білдіргісі келген сияқты.

Бірақ экономиканы дамытамыз, өндірісті өркендетеміз деп айтып жүргенімізге 30 жыл болды. Әлі шикізат экспорттаудан өзге жетістікке жете алған жоқпыз. Қазба байлықтарымыздың өзін өңдемей, жер ананың құшағынан алған күйде шетелге сатып жатырмыз. Ел экономикасындағы осындай сүреңсіз жағдайды бірер жолдаумен оңдау мүмкін емес. Экономист Сапарбай Жұбаев ел экономикасын президент айтқандай дамыту үшін не керек деген сауалымызға:

«Біріншіден, президенттің жолдауында экономиканың шешілмеген бағыттары жайлы ұсыныстар айтылды. Бұл ұсыныстар кейінгі 15-20 жылдан бері белгілі, оны үнемі айтып жүрміз. Бірақ соны орындауға келгенде кей шенділер, олигархтар өз мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойып, оны орындауға кедергі болып келеді. Мысалы, Тоқаев көптеген экономикалық мәселені жергілікті басқару органдары шешу керек екенін айтты. 2012 жылы «жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы» қабылданған, сол құжатта жергілікті билік өз бюджетін түзіп, жергілікті мәселені шешу керек деп жазылған. Бірақ 11 жыл бойы ештеңе өзгерген жоқ. Кейінгі кезде ауыл әкімдерін сайлап жатырмыз, бірақ оларға бюджетті басқару құзыретін беру мәселесі кешеуілдеп тұр. Орталық билік бюджетті жиып алып, аудан-ауыл әкімдерін жалындырып отыр, қаржы бөлмейді. Бізде жергілікті басқару әлі жолға қойылған жоқ, барлық жерде орталықтан басқару орныққан. Мұны тез арада өзгертудің тетігі дайын тұр дей алмаймыз.

Екіншіден, өндіруші экономикадан өңдеуші экономикаға өтуіміз керек. 90-жылдардан бері ештеңе өзгерген жоқ. Бұған да олигархтар, жемқорлар кедергі болып отыр. Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін жалпы ішкі өнімдегі мемлекеттік меншікті 10-15%-ға дейін төмендетіп, жеке кәсіпкерлікті дамытуымыз керек еді. Ал қазір бізде ішкі өнімде мемлекеттің үлесі 60%-ға жетіп отыр. Мысалы, ауылдарда әкімдер жерге орта ғасырдағы хандар сияқты иелік етеді. Сол үшін жерді ауылдағы шаруаларға беру қажет. Сонда ғана олар жерге инвестиция салып, өздерін де, елді де дамытады. Ал жер әкімдікі болса, оны кім дамытады?

Үшіншіден, президент тапсырмасын толық орындау үшін әділ сайланған билік керек. Депутаттарды ғана емес, өзге билік тармақтарындағы барлық басшы әділ сайлануы керек. Ал тағайындалғандар халық алдында емес, билік алдында ғана жауап береді.

Тағы бір маңызды мәселе, ел экономикасын көтеру үшін білікті мамандар қажет. Біздің елде білімді мамандар көп, маман жоқ деген бос сөз. Шетелде оқып келген қаншама жас жүр. Бірақ оларды бұйрық шығаратын, соны орындайтын салаға жақындатпайды. Билікке шеңберден шықпайтын, айтқанды ғана орындайтын қызметкер керек. Өйткені олигархтар мен халықтың мүддесі мүлде бөлек», – деп жауап берді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – су тапшылығы. Тоқаев су ресурсы өте өзекті мәселе екенін айтты. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Сол үшін су шаруашылығы жүйесімен дербес айналысатын Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

«Жас Алаш» газетінің 29 тамыздағы санында Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаевтың «Назарбаев мұнайға сеніп, суды ұмытып кетті» атты сұхбаты шығып, қоғамда қызу талқыланған еді. Сол сұхбатта экс-министр су саласы бөлек отау тігуі керек екенін айтқан. Біз Қыпшақбаевқа қайта хабарласып, жаңа министрлік тиімді жұмыс істеу үшін не қажет екенін сұрадық.

«Президент суға жауапты арнайы министрлік құрды. Енді осы мекеме немен айналысады деген мәселені анықтау керек. Оның міндеті, жауапкершілігі, құқығы деген болу керек. Ол қандай жұмыспен айналысуы керек? Қазақстанның қазіргі су шаруашылығының жағдайы қандай? Суды жоспарлау, суды реттеу, суды жеткізу деген республикалық деңгейдегі мәселе. Мемлекетаралық су қарым-қатынасы, мемлекет ішіндегі су қарым-қатынасы деген бар. Мысалы, Сырдарияның суын Түркістан облысы мен Қызылорда арасында бөлу керек болады, соны қандай тәртіппен жүргізу керек? Екіншіден, Тоқаев су мәселесімен бір-ақ орган айналысуы керек екенін бірнеше рет айтты. Ауыл шаруашылығына, экологияға жауапты министрліктер су ресурстары министрлігінің жобасымен жұмыс істеуі керек, әркім өз бетінше әрекет етпеуі қажет. Сонда ғана жаңа министрлік пайдалы болады», – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Су ресурстары және ирригация министрі қызметіне Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Нұржан Молдиярұлы ұзақ жыл Жамбыл облысында лауазымды қызметтер атқарған. 2022 жылы сәуірден бастап аталған облыстың әкімі болды. Ең қызығы, қазір Жамбыл өңірінде су тапшы болып, 12 мың гектар жер қурап қалу алдында тұр. Сонда су ресурстары министрлігін «сусырап» жатқан облыстан келген адам қалай басқарады? Жұрт арасында «бір өңірдің шөлін баса алмаған Нұржігітов тұтас Қазақстанды қалай сумен қамдайды» деген күмән жүр. Негізгі логикаға салсақ, министр қызметіне сол саланың «жілігін шағып, майын ішкен» маман тағайындалуы керек еді... 

Көлік министрлігі құрылады

Тоқаев алдағы үш жылда көлік-логистика саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесін 9 пайызға жеткізуді тапсырды. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан көлік министрлігін қайта құрды. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын дамыту қызметімен де айналысады.

Ресей Батыс елдерінің санкциясына ұшырап, аймақтағы көлік-логистика саласын қайта реттеуге тура келді. Бұл Қазақстанға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Өнімдерімізді Еуроодақ елдеріне экспорттау үшін Ресей топырағын баспай, транскаспий бағытын дамытсақ болады. Жол ғылымы және өндірістік орталығының директоры Бағдат Телтаев жаңа министрлік құрылғаны дұрыс шешім екенін айтады.

«Өкінішке қарай, бүгінге дейін жол саласы ғылымына көңіл бөлінбей келеді. Қазақстан жол ғылымы институтын 16 жыл басқарған адаммын. Содан бері саладағы инженерлік жұмыстарды өз бетімізше жасап келеміз. Қазір де көлік және жол ғылымына көңіл бөлінбейді. Осының бәрін сарапқа салып, зерттеп, ғылыми негізде жасауға болады. Кезінде бізде көлік және коммуникация министрлігі болған, қазір көлік министрлігі болып жеке бөлініп шығып отыр. Бұған жаңа көзқарас, жаңа күш, жаңа мамандар керек деп санаймын. Бұрынғы әдіспен жұмыс істеуге болмайды. Ғылымға көбірек көңіл бөліну керек, ғылым-білімсіз ештеңе дамымайды. Зерттеу жүргізіп, мамандардың біліктілігін арттырсақ, дамыған көлік-логистикалық орталыққа айнала аламыз. Ескі әдіспен жүрсек, қанша қаржы бөлінсе де құмға сіңген судай жоқ болады. 

Біздің елде өзімізде маман жоқ деп шетелден қызметкер шақыратын жаман әдет қалыптасқан. Осыны қою керек. Тәуір мамандар өзімізде де бар. Шетелден келген маман елді дамыту үшін емес, қалтасын қалыңдату мақсатында келетінін ұмытпаған жөн. Өзіміздің білікті мамандарға сүйеніп, саланы дамытуымыз қажет», – дейді ол.  

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды

Кезінде бөлек министрлік болып, кейін өзге ведомствоға жұтылып кеткен тағы бар сала – құрылыс. Қазақстанда 1995 жылға дейін тұрғын үй құрылысы министрлігі болған. Кейін ол комитетке айналып, ақыры келмеске кетті. Кейінгі кезде елде тұрғын үй тапшылығы, салынған құрылыс нысандарының сапасыздығы сияқты мәселелер ушығып тұр. Ретсіз салынған құрылыстар салдарынан Астана мен Алматы кептелістен көз ашпайды. Су ағары жоқ көшелеріміз жаңбыр жауса көлге айналады. Кемшілік көп, шешетін жол жоқ.

Ал жаңадан құрылған өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы мәселелерді шеше ала ма? Ол үшін жаңа министрлік қалай жұмыс істеу керек? Осы сұрақтарды бұрын тұрғын үй құрылысы министрі болған Амалбек Тшановқа қойдық. Ол саладағы жемқорлықты жоймаса, құрылыс сапасы жақсармайтынын айтады.

«Адам баласы ең алдымен басына баспана салуды ойлайды. Кеңес кезінде құрылысқа өте көп көңіл бөлінді. Тұрғын үй құрылыс министрлігі болған. Кейін оны таратып жіберді. Сөйтіп, құрылыс саласының тамырына балта шабылды. Қазір құрылыс сапасын тексеру мәселесі өте өзекті. Кезінде құрылыс сапасын жіті тексеретін мекеме бар еді. 95 жылдан бері салынған тұрғын үй және өзге де ірі құрылыс нысандарын әркім тексеріп жүр, оларды сапалы деп айта алмаймын. Бұл туралы ойымды бұған дейін де айтқанмын. Құрылыс сапасы деген өте маңызды мәселе. Мысалы, біз Түркия құрылысшыларын өте сапалы жұмыс істейді деп елге шақыратын едік, жақында сол елдің өзінде жер сілкініп, үйлері қирап қалды. Сондай жағдай бізде болса не болады? Ешқандай қадағалау, тексеру жоқ. Тексерушінің қалтасын толтырсаңыз, қандай жарамсыз құрылысқа да қол қойып береді.

Сол үшін құрылысқа жауап беретін министрліктің құрылғанын толық қолдаймын. Бірақ ол қандай құрылымда болатынын білмедім. Кеңес кезіндегідей әр тетікті толық тексеретін жауапты мекеме бола ма, әлде жемқорлық жайлаған өзге министрліктер секілді қағаз жүзінде ғана жұмыс істей ме, оны мен білмеймін. Менің ойымша, құрылысты өндіріспен қосудың қажеті жоқ еді. Өйткені құрылыс деген – мемлекеттің ішіндегі мемлекет іспетті. Мысалы, Алматының инфрақұрылымын қараңыз, тек қана үй салып жатыр. Бір метр жер босаса үй салып тастайды. Сонда көлік қалай жүреді, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Әкімдерде ешқандай жауапкершілік жоқ. Астанада қабырғасы 12 см үйлер салынып жатыр. 40 градус суық қалаға мұндай үйлер жарамайды. Кезінде мұның бәрі арнайы норматив бойынша жасалатын. Қазір әркім өзі білгенін істейді, оған ешкім шектеу қоймайды. Ойына келгенін істеп кетті. Жаңа министрлік осының бәрін қолға алып, ретке келтіруі қажет. Сондай-ақ құрылыс индустриясын дамытпай болмайды», – дейді Тшанов.

Спорт пен туризм мәдениеттен бөлініп шықты

Президент су жаңа екі министрліктен бөлек, бұрын бар екі министрлікке өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, спорт пен туризм енші алып бөлініп шығып, ақпарат пен мәдениеттің басы бірікті. Қоғамда бұл өзгерістерге қатысты көзқарас та әртүрлі. Көпшілігінің пікірі қазақтың «құрттың атын малта қойды» дейтін сөзімен ұштасып жатыр.

Дегенмен спорт пен туризмнің бөлініп, өз алдына министрлік болғаны қолдауға ие болды. Екеуі де елдің сыртқы имиджі үшін қажет сала. Әрине, сыртқы имидж жасаудың түпкі мақсаты ел экономикасына шетелден қаржы тарту. Бірақ Тоқаев елдегі туризм саласының дамуы баяу екенін айтып қалды: «Еліміздің туристік әлеуетін пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді».

Ал грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев спорттың бөлек шаңырақ көтергеніне қуанышты екенін айтты. Қазір мемлекеттік қызметке араласып, жақында аудан әкімі болып тағайындалған спортшы президент жолдауын жылда тыңдайтынын, тыңдаған сайын қуанатынын айта келіп, спорт пен туризмнің өзін екіге бөліп тастаса тіпті жақсы болар еді деп салды.

«Бұрын мәдениет, спорт және туризм бірге болған, қазір олар бөлініп шықты, бұл болашақта әр сала өз бетінше дамитынын білдіреді. Менің ойымша, бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір әлемде туризм жақсы дамып жатыр, ал спорт та елдің атын әлемге танытатын сала. Бұл спорт саласының әрі қарай қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Спорт өз бетінше үлкен сала, өзі жеке шықса тіпті жақсы болар еді. Бірақ қазірше мәдениеттен бөлініп шыққанының өзі жетістік. Елде спорт дамып, спортшыларымыздың халықаралық жарыстарда жүлде алғанының өзі туризмді дамытатын бір фактор деп санауға болады», – дейді балуан.

Президент жыл сайын халыққа арнап жолдау жасайды. Министр, әкімдер де өндіріп жұмыс істейтінін айтып, уәдені үйіп-төгеді. Қоғамда жолдауға қатысты сын-пікірлер бұрын да айтылып жататын, бірақ биылғы жолдауда бұдан былай жолдауда бұрын айтылған тапсырмалар мен бастамалардың қайсысы қай деңгейде орындалғаны туралы есеп берілсе деген ой көп айтылды. Бұл ұсыныстың тағдыры не боларын келесі жолдауда көре жатармыз. Әзірге, ішкі өзгерістер мен құрылымдық қайта құру кезіндегі сапырылыста өсіп кеткендер туралы және түсіп қалғандардың енді қайда баратыны туралы болжамдарға құлақ түрген қызығырақ. 

Қуаныш Қаппас

Тегтер: