Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:47, 28 Қаңтар 2025

Назарбаев та қол созған КРИПТОВАЛЮТА және Трамп

Назарбаев пен Трамп
Назарбаев пен Трамп. Фото: ашық дереккөз

Әлем нарығында криптовалюта қымбаттап жатыр. Бұған АҚШ билігінің басына Трамптың келуі себеп болып отыр.

 Ол билік басына келместен бұрын цифрлы валютаға байланысты біраз уәде беріп, өз атынан мемкоин ашты. Қазір Трамп ашқан мемкоинның бағасы қымбаттап, оның капиталы бірнеше есе артты. Бұдан бөлек, АҚШ президенті крипто саласында көш бастайтын мемлекетке айналамыз деді. 

Әрине, әлемдегі тенденция Қазақстанға да әсер етіп жатыр. Бірақ қай жағынан дегенде тосылып қалатынымыз анық. 2022 жылы елімізде криптовалютаға қатысты шу болып, оның әлемдік нарыққа да әсер еткені бар. Сондықтан өткендегі қателіктен сабақ алып, бұл салада үйренеріміз әлі көп. Jas Alash сөйлескен сарапшылар да криптоиндустрия саласында әлі реттейтін, жөнге салатын дүниелер көп екенін айтты.

криптовалюта
Трамп Фото: ашық дереккөз

Трамптың билікке келуі криптовалютаға қалай әсер етті?

2024-тің қарашасында 1 биткоин бағасы тарихында алғаш рет 90 мың доллардан асты. Жалпы, басқа да цифрлы ақшалар қымбаттап жатыр. Оған Дональд Трамптың президент сайлауындағы жеңісі себеп болды. Ол билікке келгелі бері «цифрлы алтынның» бағасы 30 пайызға өсті. Бұған Трамптың сайлауалды сөзінде крипто бизнесін қолдауы да айтарлықтай әсер етті. Мысалы, мамыр айында Трамп командасы өзінің сайлауалды науқаны үшін ресми түрде криптовалюта арқылы қаржы қабылдауды бастады. Биткоин да Трамптың жарнамалық науқанының бір бөлігіне айналды. Қыркүйек айында саясаткер биткоинмен Нью-Йорктегі барда гамбургерлер сатып алды. Ол Нью-Йорк әлемнің «крипто астанасына» айналуы керек екенін бірнеше рет айтты. Билік басына келгесін компаниялар мен инвесторларға қолайлы криптовалюта нарығын одан әрі реттеуге уәде берді. Осыдан кейін дүниежүзі экономикасындағы тұрақсыздық пен инфляцияға байланысты инвесторлар биткоинді капиталды қорғау үшін алтын сияқты дәстүрлі активтерге балама ретінде қарастыра бастады. Әсіресе Трамптың жеңісі қаржы нарығында тұрақсыздық тудырды. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) банктерге криптовалюталарды сақтауға тыйым салатын даулы SAB 121 ережесін ресми түрде алып тастады. Енді банктер сіздің цифрлы ақшаңызды сақтай береді және осы ақша түрімен несие де бере алады. Нәтижесінде ірі қорлар мен компаниялар криптовалюта нарығына шықты.

криптовалюта
Фото: roskomsvoboda

Қазақстан қалай криптодержаваға айналды?

Бір кездері еліміз криптовалюта бойынша әлем нарығында үшінші орынға шықты. Майнинг өндірушілердің арманы Қазақстанға келу болды. Оған себеп – арзан электр энергиясы, «сұр майнинг» өндірудің оңайлығы болды. Тағы бір себебі – 2019 жылы Қытай майнинг өндіруге заңмен шектеу қойды. Сол жылдары Қытай үлесінде майнинг өндірудің 70 пайызы бар еді. Шектеу қойғасын 30 пайызға құлады. Қытай инвесторлары миллиондаған қаржысын салған құрылғылар тоқтап қалды. Сондықтан Қытайдың майнинг өндірушілерінің таңдауы Қазақстан мен Ресейге түсті. Еліміз осылайша, криптоиндустрия саласында Қытай және АҚШ-тан кейінгі үшінші елге айналды. Бұған қоса елімізде майнингті көлеңкелі жолмен өндіру басталып кетті. Алғашында Қазақстанда 136 майнинг фирмасы тіркелсе, кейіннен оның саны 200-ге жуықтады. 2022 жылы қаңтарда әлемдегі Bloomberg, CNBC, The New York Times сынды басылымдар «Қазақстанда тәртіпсіздік салдарынан майнинг фермалары тоқтап қалды» деген атаумен хабар тарата бастады. Бұдан кейін 25 қаңтарда Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстан мен Қырғызстан аумағында электр қуатының кенеттен өшіп қалуы да ақпараттық шуды күшейтіп жіберді. Еліміз үкіметі бұған майнинг өндіретін фермалар кінәлі екенін бірден айтты. Оның үстіне апаттан төрт күн бұрын Қазақстанның энергетикалық желілерді басқару компаниясы KEGOC республика бойынша майнинг өнеркәсібінде жұмыс істейтін 196 ұйымға қаңтар айының соңына дейін электр қуатының өшуі туралы ескерту хат жолдаған. Бірақ бұған келіспеген майнинг өндірушілер Қазақстаннан кететінін және ел крипто держава мәртебесінен айырылатынын мәлімдеді. Екі күннен кейін ғана KEGOC бұған майнинг фермалардың қатысы жоқ екенін, Өзбекстандағы Сырдария жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталуы себеп болғанын хабарлады.

Бірақ көп өтпей елдегі ірі майнинг өндірушілер бірінен кейін бірі ұстала бастады. Себебі орталық жүйеге бағынбайтын крипто нарығында кімнің қанша майнинг өндіргенін анықтау мүмкін болмады. Соның салдарынан табысын жасыратындар көбейді. Оның басында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев, QazaqGaz басқармасының Ақтөбе облысындағы бұрынғы төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен Қарағанды ​​облысындағы белгілі кәсіпкерлердің бірі Ерлан Нығматулин тұрды. 2022 жылы наурызда аты аталған адамдардың майнинг фермалары жабылды. 55 майнинг өндіруші кәсіпорынның жұмысы тоқтады.

Бұдан бөлек, елдегі заңсыз майнингпен айналысатындар көбейді. Соның салдарынан электр қуаты жетіспей жатты. Әр аймақта жарық өшіп қала бергесін халық наразылығы күшейді. Елдегі ақ майнерлерден (заңды майнинг өндірушілер) сұр майнерлердің (заңсыз майнингпен айналысатындар) саны әлдеқайда басым болды. Бұл майнинг саласындағы осындай рейдтердің жүруіне тағы бір себеп болған болуы мүмкін. Мұның салдарынан Қазақстан криптоиндустрияда держава болудан қалды. 2023 жылы майнингті реттейтін цифрлық активтер туралы заң қабылданды. Қазір де сұр майнерлер тоқтап қалған жоқ. Мысалы, Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері елде шамамен 36 миллиард теңгеге (72,6 миллион доллар) криптовалюталарды заңсыз өндіруге қатысты 18 қылмыс анықталған. Былтыр елімізде цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты тоғыз үкім шығарылды. Төрт адам 2 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Майнерлерден 1,2 миллиард теңгеден асатын қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленген. Бірақ криптоны заңды жолмен өндіретін фермалар да бар. Олар жыл сайын есеп беріп тұрады. Мысалы, былтыр 3 ферма 19 млрд теңгеге жуық майнинг өндіргендерін ресми түрде хабарлаған. Қазақстанда Binance, Bybit, ATAIX Eurasia, Biteeu, CaspianEx, BigOne, Delta DA және Xignal&MT сынды ресми криптобиржалар бар. Бұл платформалардағы сауда көлемі 240 млн доллар, тіркелген пайдаланушыларының саны 50 мыңнан асады.

криптовалюта
Фото: kapital

Қазақстанда криптовалюта саудасына рұқсат беріле ме?

Былтыр қарашада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов еркін криптовалюта саудасы мен крипто айырбастау пункттеріне рұқсат беру керек дегенді айтып қалды. Оның айтуынша, қазақстандықтардың криптовалюталарға еркін инвестиция салуына жағдай жасайтын кез жеткен. Елімізде қазір ақ майнерлер де, сұр майнерлер де бар екенін жоғарыда жаздық. Енді Сүлейменов қазақстандықтар түрлі криптоларға әртүрлі жолмен инвестиция салып отырғандықтан оларды заңды айналымға енгізуді ұсынады. Өз сөзінде Сүлейменов Өзбекстан мен Қырғызстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елдерде крипто саудасы арнайы алаңда емес, жалпы заңнама негізінде реттеліп, ел аумағында сатыла береді. Соның арқасында криптовалюта саудасы Қазақстаннан бірнеше есе асып кеткен. Демек, алдағы уақытта криптовалюта саласында үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ криптосарапшы Өмірұзақ Кенжебек еліміздегі цифрлы ақшаға байланысты кейбір науқандарға аса сене бермеу керек деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай науқандар бұдан бұрын да болған. Бірақ Қазақстанда криптоиндустрия саласында реттейтін мәселе әлі де шаш-етектен.

Өмірұзақ Кенжебек
Өмірұзақ Кенжебек

Өмірұзақ Кенжебек, криптосарапшы: Қазақстан заңы әлі де тұрақсыз

– Трамп президент болып сайланарда цифрлық ақшаға байланысты бірнеше уәде берді. Әлемдегі әр мемлекеттің алтын қоры болады ғой. Сол сияқты АҚШ-та криптоқорын жасау үшін он штат заң жобасын дайындап қойды. Трамп өзінің, тіпті әйелінің атынан да криптовалюта шығарды. Бірақ оның да заң жағынан қалай болатыны әлі белгісіз. Соған қарамай АҚШ президенті криптоны мықтап қолға алмақшы. Біздің елде криптовалюта науқаны болып тұрады. Сондай кезде елімізде цифрлы ақшаға қатысты бір керемет дүние жасалып жатқандай көрінеді. Бірақ олай емес, бізде заң жағы әлі реттелмеген. 2017 жылдары криптоның танымалдығы артып жатқанда еліміздегі ірі құрылыс компаниялары пәтерлерін цифрлы ақшаға сатамыз деді. Кейін оны алып тастады. Себебі заң әлі тұрақсыз. Салық мамандарының өзі мұның қалай болатынын әлі түсінбей жатқан сыңайлы. Трамптың билікке келуі криптоға өзгерістер әкелді. Бұл Қазақстанға әсер етеді. АҚШ криптовалюта қорын құрса, мұның елімізге ғана емес, әлемге де әсері бар. Себебі алтын жинаған сияқты, мемлекеттер крипто жинай бастайды. Цифрлық ақшаның құны енді қымбаттай беруі мүмкін. Қазір оның нарықтағы капитализациясы әлемде 3,5 трлн, күнделікті айналым 100 млрд доллар. Бұдан бұрын криптовалютаның елімізде қаншалықты дамығанын білесіздер. Бірақ үкімет майнинг өндіруді қолға алып, «қара майнингті» жапқасын, елімізден цифрлы ақша өндірушілердің бір қатары кетті. Бірақ қазір де бұрынғыдай болмаса да бар. Мысалы, әлем нарығында бірінші жағдай жасалады. Дубай үлкен алаң ашып, майнинг өндірушілерді тартып жатыр. Салықты алып тастады. Егер ойыншыларды тартып, салықты тиімсіз етіп қойсаң олар келмейді. Трамп билікке келе сала криптовалютада көш бастаймыз деді. Қазір сол жолда жұмыс істеліп жатыр. Міне, бізде осындай жағдай жасалмағасын майнинг өндірушілер кетіп қалды. Уақыт өте келе майнингпен тек алпауыт компаниялар ғана айналысады. Өйткені бұл кішігірім компанияларға тиімсіз. Қазір технология жылдам дамып, жаңарып жатыр.

Цифрлы ақшаның тууына да технологияның жылдам дамуы себеп болып отыр. Біз жасайтын аударымдар қазіргі технологияның жылдамдығына сай емес. Сондықтан 2025 жылдың қарашасынан бастап әлемдегі қаржы институттары жаңа форматқа көшеді. Бұрынғыдай аударымды үш жұмыс күні күту деген болмайды. Трансшекаралық аударымдар дәл сол уақытта жасалатын болады. Криптовалюта дегеніміз – осы. Қысқаша айтқанда, алтынды тасымалдау қиын, қағаз ақша да солай қолайсыздық тудырады. Криптоны комиссиясыз кез келген сомада бір демде аударып жібере аласыз. Еш қиындық тудырмайды.

P.S. Кейінгі жылдары криптовалюта әлемдегі қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды, ал Қазақстан одан тыс қала алмайды. Күн сайын еліміз азаматтары да цифрлы валюталарға қызығушылық танытып, оларды инвестиция, капиталды сақтау ретінде қарастыра бастады. 4 жыл бұрын Қазақстан бұл нарықта үшінші орында болса, былтырғы дерек бойынша он тоғызыншы орынға шыққан. Қазір әлем бойынша криптовалютаға иелік ететіндер саны 700 млн-ға жуықтады. 60 млн-ға жуық адам оны күнделікті қолданады. Демек, бұдан былай цифрлы қаржыға деген сұраныс арта беретіні анық. 

Тұрсынбек БАШАР