«Назарбаев университетіне» не дауа?!
Жақында Назарбаев университеті қызметкерінің өз кеңсесінің сыртына «Zа наших» деп жазып, іліп қоюы қоғамымызда біраз шу болған еді.
Бұл мәселеге орай, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Назарбаев университеті автономдық статусқа ие. Олардың жеке заңы бар, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына кірмейді. Ұстаздарға келетін болсақ, педагогтарға арналған кодекс бар, онда барлығы анық жазылған. Олар сабақ өткізу кезінде оқу бағдарламасынан бөлек, насихатқа жол бермеуі және өздерінің саяси көзқарасын «тықпаламауы» керек», – деп аталмыш университеттің оқытушысына «тісі» батпайтынын жеткізді.
Дербес мәртебесі, жеке заңы бар, Білім және ғылым министрлігіне есеп бермейтін, білім беру қызметкерлерінің Әдеп кодексі бұл ЖОО қызметкерлеріне жүрмейтін оқу орны, мемлекетті мойындай қоймаса да, мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қаржыландырылғанда да мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінетін көрінеді. Жақында әлеуметтік желіде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ҰҒО-ның әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалым Байтұқ «Қазақстандық білім берудің флагманы Назарбаев Университеті – мүлде крейсер, не, тіпті, қайық емес, үрлемелі резеңке қайық. Миллиардтаған бюджеттік және демеушілік ақшаны жеп жатқан бұл жеке дүкен ешбір әлемдік университеттер рейтингіне кірмейді. Бұл, тіпті, CWUR рейтингінде әлемдегі ең жақсы 1000 университет қатарына кірмейді! Бұл түсінікті, өйткені сарапшылар үшін ашуды талап ететін көптеген критерийлер бар және бұл НУ басшылығы үшін тиімсіз», деп жазба қалдырған болатын. Бір жыл бұрын өзінің телеграм-арнасында саясаттанушы Марат Шибұтов та «Назарбаев Университетінің» шексіз шығынын тілге тиек еткен еді.
Яғни мемлекетті менсінбейді, алайда сол мемлекетті «сауын сиырға» айналдырып отырған оқу орны әлі күнге халықаралық беделге ие болып, көшбасшы оқу орнына да айнала алмай отырғанын ескерсек, мұндай оқу орны жалпы қоғамымызға керек пе деген ой туады. Білім және ғылым министрлігіне бағынбайтын, әрі оған есеп бермейтін автономды оқу орны бола тұра білім беру жүйесіне бөлінген қаражаттың жартысы осы оқу орнына аударылады екен. Ulysmedia.kz порталының келтірген мәліметіне сенсек, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 2022 жылы қазынадан 16,5 млрд теңге бөлінетін көрінеді. Яғни Назарбаев университеті де, Назарбаев зияткерлік мектептері де мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Өкінішке қарай, Назарбаев университетін бітіріп, мемлекеттің дамуына үлес қосып, «мынандай салада істеп жатыр», деп мақтанып көрсететіндей, маманымыз жоқ екен. Сонда бюджеттен миллиардтар бөліп, бұл оқу орнын не үшін ұстап отырмыз?! Еліміздің Бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов, бәлкім, осы мәселені биік мінберден көтеріп, бір жағына шығарар?!.