Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 30 Тамыз 2022

Назарбаев үшін бес рет өзгертілді

None
None

Жарты жылдан бері «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы Заңды конституциядан сызып тастай алмаған мәжіліске демократияны тұншықтыратын тағы бір заң жобасы келіп түсіпті.

Бірақ бұл жолы халықтың салығын сауып, айлық алып отырған мәжілісмендер әлгі заңға құлшына кірісіп кеткен көрінеді. Сонымен мәжіліске түскен заңға қол қойылса, бұдан былай елімізде өтетін әртүрлі сайлауларға «сырттан араласуға» заңмен тыйым салынатын болады.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, «Сайлау туралы заңның» 3-бабы «Сайлауға дайындық кезінде және өткізген кезде сырттан араласуға жол берілмейді» деген 3-1 пунктімен толықтырылмақ. Ал осы уақытқа дейін 20-1 бап «Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйым бақылаушылары» деп аталып келсе, енді өзгерістерден кейін ол тіркеске «аккредитациядан өткен» деген сөз қосылатын болады. Демек, Қазақстандағы барлық сайлауға шетелден бақылаушы қатыса алмайды. Ал өз еліміздегі тәуелсіз бақылаушылар да аккредитациядан өтпесе, бақылаушы ретінде араласа алмайтын болады. Аккредитациядан кімді өткізу, кімді өткізбеу – Ақорданың шаруасы.  

Қазақстан конституциясына енгізілгелі жатқан бұл өзгертулер мен толықтырулар сайлаудағы заңсыздықтар мен бассыздықтарды көбейтіп, демократияны тұншықтырмаса, әділ сайлау өткізуге ешқандай үлес қоспайды.

Қарапайым халық көп жағдайда қазақтың құқығы тапталып, бостандығы шектелген кезде «Билік неге қазақтың мысын баса береді?» деп өре түрегеледі. Заңда қазақтың құқығы, қазақтың бостандығы, қазақтың жері, қазақтың мемлекеті туралы нақты сөз жоқ. Қазақстан халқы, қазақстандықтар деген жалпылама атау. Бұл жер иесі, ел иесі қазақ дегенді білдірмейді. Керісінше, қазақтың құқығын төмендетіп, Қазақстанды құраған 130 этностың біріне теңеу. Бары сол ғана.  

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын конституциямыздың бірінші сөйлемінің өзінен-ақ қазақтың ел иесі, жер иесі, мемлекет қожасы екеніне күмәнданасыз.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған болатын. Одан кейінгі Конституция 1995 жылдың 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Алайда қабылданғанына 28 жыл толған осы екінші Конституцияға күні бүгінге дейін қанша рет өзгерту енгізілді, қанша рет толықтырулар жасалды? Мұны санап жатқан ешкім жоқ. Бір қызығы, бұған дейінгі Қазақстан заңдарына жасалған өзгертулер мен толықтырулар ең алдымен Назарбаевтар әулетінің билігін нығайту, байлығын арттыру үшін жасалатынын ешкім жоққа шығармайды. Сырттай қараған кісіге жасалып жатқан өзгертулер мен толықтырулар заңға сай, ешқандай бұрмалаусыз, мүлтіксіз орындалғандай көрінуі мүмкін. Алайда астарында бір әулеттің, бір топтың мүддесі ғана жатты.

1993 жылғы Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы Қазақстанды «өз мәртебесін өзі айқындаған қазақ мемлекеттілігінің формасы» деп таныса, 1995 жылы қабылданған жаңа Конституцияда «тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқына» айналып шыға келді. Күллі қазақтың тағдыры осы екі сөйлеммен түйінделді. Күні бүгінге дейін қазақтың есесі кетіп, дауысы жағасынан шықпай жүргенінің бір себебі осы.

«Қазақстан конституциясы коммерсанттың қарыз дәптері емес» дегенді де біз жазғанбыз өткен сандардың бірінде. 1995 жылдан бері Ата заңға бес рет өзгеріс енгізіліпті, өзгертулер мен толықтырулардың дені президенттің өкілеттігіне қатысты жасалған.   

Мысалы, Конституцияға 1998 жылы 7 қазанда алғаш рет өзгерістер енгізілген. Бұл жолғысы президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс болатын. Ал президент болатын үміткердің жасы 40 жасқа толған болуы керек деп жазылып, 65 жастан аспау керек деген талап алынып тасталған. Ол кезде Назарбаев 58 жаста еді. Бұрынғы редакцияда мәжілістің 67 депутаттан тұратыны жазылса, жаңа редакцияда 77 депутатқа көбейіп шыға келді.

2007 жылы Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. Президент енді жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды. Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды. Бірақ жаңа редакцияда бұл шектеу тұңғыш президентке қолданылмайтыны айқын жазылған. «Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады» деген тармақ бұл жолы алынып тасталды. Жаңа редакцияда президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындай алатыны, премьер-министрдің актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұратыны жазылған.

2011 жылы тағы да өзгертулер енгізілді. Бұл жолғы өзгертулер бойынша президент кезектен тыс сайлауды тағайындай алатын болды. Президент сайлауына қатысты 41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.

Одан кейінгі өзгертулер мен толықтырулар 2017 жылы енгізілді. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы болып енгізілді. 2019 жылғы өзгертулерде Астана қаласының аты Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Міне, қарап тұрсаңыз Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың дені тұңғыш президенттің өкілеттігі мен қызметіне қатысты жасалып отырған. Ал өзге елдерде, оның ішінде демократиялық елдерде заң мемлекет мүддесіне сай жасалып отырады. Дамыған елдерде конституцияға өзгертулер мен түзетулер жасала бермейді. Ал біздің конституция әрбір президенттің ығына жығыла беретін солқылдақ құжатқа айналғаны ешкімге құпия емес.

Тегтер: