Назарбаеваның экс-күйеу баласына қатысты іс қайта қаралатын болды
Алматы қалалық соты Қазақстанның экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның бұрынғы жұбайы Данияр Хасеновке қатысты банкроттық ісін қайта қарауға жолдады.
Бұған дейін Бостандық аудандық соты Хасеновті банкрот деп танудан бас тартқан еді, алайда бұл шешіммен жоғарғы сот келіспеген.
Қалалық соттың қаулысында былай делінген:
«Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2025 жылғы 6 қазандағы ұйғарымы күшін жойсын. Данияр Хасеновтің өзін банкрот деп тану туралы өтініші бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын».
Аудандық сот өз шешімінде талапкердің қарызды реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын дәлелдей алмағанын негізге алған. Алайда қалалық сот бұл уәжбен келіспей, істің мән-жайына өзгеше құқықтық баға берді.
Сот алқасының пікірінше, Хасенов несие берушімен келісімшартты 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасаған, ал мерзімі өткен берешек пайда болғанына 12 айдан астам уақыт өткен. Осыған байланысты қарызды реттеу әрекеттерін растау жөніндегі қосымша құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
Сонымен қатар, Данияр Хасенов өз өтінішінде ешқандай мүлкі жоқ екенін көрсеткен. Сондай-ақ, сотқа жүгінгенге дейінгі соңғы үш жыл ішінде ол кредиторлардың мүддесіне зиян келтіретіндей активтерді азайтуға бағытталған мәмілелер немесе өзге де әрекеттер жасамағанын мәлімдеген.
Айта кетейік, Қазақстанның бұрынғы президентінің кенже қызының бұрынғы күйеуі әрі кәсіпкер Данияр Хасенов 23,8 млрд теңгеден астам қарызынан құтылуға тырысқан.
Сотта ол өзін мүлкі, табысы және зейнетақы аударымдары жоқ, банкротқа ұшыраған кәсіпкер ретінде таныстырды. Алайда Мемлекеттік кірістер департаменті Хасеновтің бірнеше белсенді компанияларда үлесі бар екенін дәлелдеген.
Атап айтқанда, ол Petroleum Invest Corporation (65%), «Корпорация Империал Инвест» (90%), «Біріккен технологиялар және қаржы» (50%) және «Мегаспорт» футбол клубы (50%) сияқты заңды тұлғаларда үлеске ие. Бұл компаниялар бұрын да төлемдер жүргізген, ал қазір де ресми түрде белсенді.
Нәтижесінде, сот Хасеновтің қарызын өтеу мүмкін еместігін дәлелдей алмағанын атап өтіп, сот банкроттығы рәсімін қолдану критерийлеріне сай келмейді деген шешім шығарған. Оның өтініші қанағаттандырылмаған.
Енді іс бірінші сатыдағы сотта қайта қаралып, Хасеновтің банкроттыққа қатысты талаптары заң аясында тағы бір мәрте бағаланатын болады.