Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 12 Наурыз 2024

Назарбаеваның есігі ашылмайды, Жұмағалидың беті бүлк етпейді

Назарбаева
Фото: из открытых источников

Жаңа Қазақстан Әлия Назарбаеваның әлегінен әлі құтыла алмай жүр. Өткен аптада «кенже қызға» қатысты тағы екі дау туды. Біріншісінде – Нұрлан Бимурзин есімді кәсіпкер Назарбаева ірі бизнесін тартып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы біз де жаздық. Бірақ қоғам талқысына түскен дауға мемлекеттік органдар да, Әлияның өзі де үн қатқан жоқ.

Ал екінші даудың түбін қусаңыз, бұрынғы «ӨКМ операторының» төбесі қылтияды. Иә, үкімет «ӨКМ операторының» жұмысын тоқтатып, барлық басшысын соттаған (Назарбаевадан басқа), компанияның 100% акциясы «Жасыл даму» АҚ-ға өтті. Бірақ мемлекет тек «кіші қыз» үшін ойлап тапқандай көрінетін утилизация бағдарламасының екі функциясы болған. Шетелден әкелінген автомобильден утиль алымын жинау және ескі көліктерді утилизацияға алу. Құстың қос қанатындай осы екі қызмет те Назарбаеваның монополиясында болды.

Утиль алымын жинауға «ӨКМ операторы» жауапты болса, ескі көлікті утилизацияға өткізумен Қарағандыдағы RecyclingCompany ЖШС айналысты. Ең қызығы, утилизация бағдарламасы 2016 жылы қабылданып, 2017 жылы іске қосылды. Ал біз атаған екі компания 2015 және 2017 жылы құрылып, бірден «дайын асқа тік қасық» бола кетті. Яғни жаңа мемлекеттік бағдарламаны жүргізетін екі компания тез арада жаңадан құрылған әрі екеуінің де Әлия Назарбаеваға қатысы бар. Біз «бұл бағдарламаны Назарбаева үшін ойлап тапқандай» дегенде осыны меңзеп отырмыз.

Кім өтірік айтты?

Сонымен, «ӨКМ операторы» жабылды. Дегенмен оның орнына келген «Жасыл дамудың» жұмысы да жұрт көңілінен шықпай тұр, мамандар бұл мекеме «ӨКМ операторының» ізімен кеткенін айтады. Бірақ бұл басқа мақалаға жүк болатын тақырып, оны кейінге қалдырамыз. Ал Қарағандыдағы RecyclingCompany ЖШС 2023 жылы шілдедегі сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне өтуі тиіс болған. Сот орындаушылары оны алуға биыл ақпанда шындап кірісті. Бірақ бәрі ойдағыдай болған жоқ...

Биыл 29 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали президенттің қабылдауына кіріп, былтыр атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Сонда ол «ӨКМ операторы» ЖШС-ға қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облысындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өтті» деп мәлімдеді.

Бірақ антикор басшысы президент қабылдауында отырғанда Қарағанды ​​облысы Доскей ауылындағы зауытқа барған сот орындаушыларының тұмсығы тасқа тиіп қайтқан. Әлия Назарбаеваға қатысы бар делінетін зауыттың күзетшілері келген «қонаққа» жылы қабақ танытпай, есік сыртынан қайтарыпты. Тауаны шағылған сот орындаушылар Қарағандыға қайтып, прокуратураға шағым түсірген.

Заңгер Жарқын Күреңтаевтың айтуынша, прокуратура өкілі шағымды қарап шығып, зауытқа келер жолы тағы кіргізбесе, СОБР сарбаздарын ертіп баруға ықпал етуге уәде берген.

«Алдымен Теміртаудан мемлекеттік сот орындаушысы барды, ол қыз бала болатын, оны зауытқа кіргізбеді. Содан кейін ол құжаттарды Астанаға жіберді. 29 ақпанда астаналық сот орындаушылары мүлікті түгендеу және сот үкімінде көзделген басқа да қажетті қызметті жүзеге асыру үшін зауытқа қайта барып, тағы кіре алмаған. Келушілердің заңды талаптарына қарамастан, күзетшілер оларды ішке кіргізбей қойған. Осыдан кейін сот орындаушылары прокуратурамен алдағы іс-әрекеттерін ақылдасу үшін Қарағандыға қайта оралды. Прокуратура мәселені шешуге уәде берді.

Келесі күні сот орындаушылары қайта барды. Бұл жолы ол өзі ішке кірмей, бақылаушыны жіберді, ол кіріп, мүлікке бағалау жүргізуі керек болған. Олар бағалау жүргізіп болғанша, 4 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты RecyclingCompany ЖШС-ын мемлекеттік мүлік комитетіне беру жөнінде үкім шығарды.

Заң шешімі шыққан, үкіметтің зауытына үкіметтің адамдары кіре алмай жүр. Билік екі ай бойы өз затын өзі ала алмай жүр. Мұны қалай түсінуге болады?» – дейді Күреңтаев.

Бұл мәселе туралы антикорға сауал жолдадық. Олар «Қостанай және Қарағанды облысындағы жалпы құны 20 млрд теңгеге жуық 2 зауыт мемлекет меншігіне берілді. Үкімге сәйкес зауыттар тәркіленді. Ешқандай кедергі жоқ. Құжаттарды рәсімдеу бойынша техникалық мәселелер ғана қалды. Ресми және тексерілген дереккөзге ғана жүгіну қажет», – деп қысқа қайырды.

Бірақ біз айтып отырған Астана қаласының әділет департаменті Есіл ауданы аумақтық бөлімі филиалының сот орындаушысы 29 ақпанда зауытқа кіре алмай кеткенін RecyclingСompany ЖШС басқарма төрағасы Елена Кантер-Скрипкина да растап отыр. Бірақ ол астаналық сот орындаушының тиісті құжаты толық болмады дейді. Сот орындаушысына кедергі жасау үшін Бұқар жырау ауданының кезекші прокуроры мен учаскелік полиция инспекторын шақырғанын айтады.

Демек, антикор басшысы ерте алақайлап қойған. Егер агенттіктің баспасөз қызметі айтқандай ешқандай кедергі болмаса, астаналық сот орындаушылар неге Қарағандыға қайта-қайта барып жүр. Әу баста антикор мен сот шешімі арасында қайшылық болған сияқты. Агенттік зауытты бірден қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өткізуді ойласа, сот «ӨКМ операторының» сотталған топ-менеджерлерінің қарызы ретінде тәркілеуді көздеген.

Құлдыраған зауыт құны

Асхат Жұмағали президентке Қостанай мен Қарағандыдағы 2 зауыттың жалпы құны 20 миллиард теңге екенін айтты. Ол әр зауыттың құны жеке-жеке қанша екенін нақтылаған жоқ. Агенттік басшысы да, баспасөз қызметі де зауыт бағасын қалай есептегенін түсіндірмеді. Өйткені RecyclingCompany ЖШС-ның мүлкін түгендеп, бағалау жасайтын сот орындаушысы 29 ақпанға дейін зауытқа кіре алмай жүргенін жоғарыда жаздық.

Оның үстіне 2022 жылы 11 мамырда «РЦПО» ЖШС зауытты 61 625 613 000 теңгеге бағалапты. Біздің қолымызға бағалаушы компанияның ресми құжаты түсті. Онда RecyclingCompany ЖШС-ның нарықтағы құны тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. Ендеше, екі жылға жетпейтін уақытта зауыт құны неге мұнша құлдырап кеткен? Антикор айтып отырған 20 млрд 2 зауыттың бағасы екенін ескерсек, ортада өте үлкен парық шығып тұр.

Заңгер Жарқын Күреңтаев шенділер бағаны әдейі төмен көрсетіп отыр ма деген күдігін айтты.

«Антикор басшысы президентке барғанда зауыт бағасын бұрынғы құнынан көп төмен көрсетті. Оны енді 2 миллиард теңгеге түсіргелі жатыр деген ақпарат естідім, бірақ бұл жөнінде нақты дәлелім жоқ. Мемлекеттік мүлік комитеті зауытты «Жасыл дамуға» береді. Олар не істейді, өздері пайдалана ма, әлде жалға бере ме, әлі белгісіз. Оны болашақта білеміз. Менің ойымша, осы тұста бір қауіп бар. Зауыт бағасын тағы төмен түсіріп, аукцион арқылы жеке қолға сатып жібере ме деп күдіктеніп отырмын. Мұны жоққа шығаруға болмайды, өйткені әу баста 61 млрд болған зауытты қазір қаншаға бағалағанын көріп отырмыз. Сол үшін қоғам жағдайды жіті бақылауда ұстауы қажет», – дейді ол.

RecyclingCompany ЖШС – ескі техниканы жинап, өңдейтін Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Оның экология мен экономикаға тигізер пайдасы аз емес. Сондықтан зауыт интриганың құрбаны болмай, мемлекет меншігіне өтіп, қалыпты қызмет көрсетсе дейміз. Жабайы жекешелендірудің зардабын әбден тартқан ел ретінде мұндай өндіріс орнының белгісіз қолға өтіп кеткені мемлекет үшін тиімсіз екенін түсінген жөн.

Былтыр қыркүйекте ҚР Жоғары аудиторлық палатасы арнайы тексеріс жүргізіп, утилизация бағдарламасы сәтсіз болғанын растады. Яғни алғаш бағдарлама қабылданарда шенділер уәде еткен тапсырмалардың ешбірі орындалмаған. Халық шетелден кіргізген әр автомобиль үшін миллиондап ақы төлейді, ал оның көбі Әлия Назарбаева сынды жеке адамдардың қалтасында кеткен. Ескі көлік мініп, еңсесі түскен жұрт утиль алымын жоюды сұрап жүр. Наразы топ биыл жыл басынан бері бірнеше өңірде наразылық шарасын өткізді. 4 мамырда олар Астанаға барып, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерімен кездескен. Бірақ Қанат Шарлапаев басқаратын министрлік утиль алымы арзандамайтынын кесіп айтты. Соған қарағанда, бағдарлама «кіші қыздан» құтылғанымен, күшінде қала беретін сияқты.

Қуаныш Қаппас