Назарбаевтардың «базары» қашан тарайды?

Биліктегі текетірес күн сайын тереңдеп бара жатқан сияқты. Қайрат Сатыбалдының компаниясы «Қазақтелекомның» 28,8 пайыз акциясын мемлекетке қайтарды.
Барахолкадағы «Кенжехан» базары Әнипа Назарбаеваға тиесілі екендігі ашық айтылып жатыр. «Алтын орда» базары Болат Назарбаевтың жекеменшігі екені жыл басында белгілі болған. Одан бөлек, Бөкеңнің кәсіпкерлерден тартып алған бизнестері туралы да жария болуда.
Бұған дейін мұның бәрін жұрт пыш-пыш әңгіме арасында ғана айтатын, қазір ашыққа шықты. Осының өзі Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың биліктегі ықпалының шынымен азайып, тақтан түсіп бара жатқанын көрсетсе керек.
Бірақ қазақ «Жыланды үш кессең де кесірткелік әлі бар», дейді. Ағасы Ақордадан кеткенімен, Назарбаевтар әулетінен билік тізгіні әлі толық кете қоймаған сияқты. Өйткені бұл әулеттің 30 жыл сайран салғаны, бесіктегі баласынан бастап бас-басына сарайлары мен шетелдерде виллаларының болғаны ешкімге құпия емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында, жақындары отыз жыл жұмақта өмір сүрді. Не ішемін, не жеймін деген жоқ. Аяғы жеткен жерге дейін барды. Қолы жеткенді алды. Көңілі жеткенді көрді. Бірақ мәңгілік ешнәрсе жоқ екен. Билік те, байлық та су сияқты. Бір күн бетін көрсетіп, екінші күні қолдан сусып кетеді. Мұны қазақ «дүние – кезек» деген.
«Дүние – кезек» екені рас. Кеше ғана Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарып тұрғанда, бұл әулеттің қолында бәрі болды ғой. Енді соның бәрі шетінен алақаннан сусып жатыр. Осыған төзген, көре тұра көрмеген болып шыдаған, шексіз билікке бас шұлғып көнген қазақтай, көнбіс халық жоқ шығар әлемде?
Әңгіме басында «Кенжехан» базары Әнипа Назарбаеваға тиесілі екенін айттық қой. Егер Google-ға «Алматыдағы барахолкалардың иесі» деп терсеңіз, электронды іздеу жүйесі «Әнипа Назарбаеваның балалары», «Әнипа Назарбаеваның отбасы» және «Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасына қатысты» деген сияқты сұрауларды шығарып береді екен.
«Кенжехан-2» көтерме сауда базарына иелік ететін «Сандель-Сауда» ЖШС-ның 5 құрылтайшысы болса, оның бірі – Әнипа Әбішқызы. Соңғы уақытқа дейін бұрынғы президенттің қарындасы «Кенжехан» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және басшысы болып келген. 4 сәуірде компания қайта тіркеуден өтіп, құрылтайшылары ауыстырылыпты. Қазір Әнипа Назарбаевамен бірге «Кенжехан» ЖШС-ын: «Митра» ЖШС және Елена Михайловна деген адам басқаратын көрінеді. Бұл жұрт назарын бөлу үшін жалған меншік иесін көрсету ме, әлде тұңғыш президенттің қарындасы базарды сатып жіберді ме? Ол жағы белгісіз.
Қаржы мониторингі агенттігі Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастапты. Ол құрылтайшысы болып табылатын TDA Companies Group ЖШС Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. Уәкілетті органға белгілі болғандай, заңсыз тасымалданған тауарлардың жалпы құны 585 миллион теңгеден астам болса, оның 125 миллион теңгесі салық. kaz.orda.kz-тің мәліметіне қарағанда, Әнипа ханымның логистикалық бизнестегі серіктесі Әли Қылышпаев сот санкциясымен қамауға алынған. Оған «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша айып тағылыпты.
Осының өзі көңілге жұбаныш. «Кенжехан» мен «Алтын орданы» қайдам, Назарбаевтардың «базары» қашан тарайды?