Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:16

Назарбаевтың 9 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды

1
Фото: Азаттық Радиосы

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Байтау» қорына тиесілі Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіндегі кемінде тоғыз мың гектар жері мемлекет меншігіне өтті.

Бұл ақпарат Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында көрсетілген, - деп жазады Азаттық Радиосы.

2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа қаржы жымқырды деген айыппен тергеуге алынған немере інісі Қайрат Сатыбалды тапсырған сарайдың қасында үш жер телімі бар. Олар әкімшілік жағынан Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылына қарайды (кадастрлық нөмірлері 03047152017, 03047542042, 03047542029). Бұл қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың (экс-президенттің інісі) жеке компаниялары арқылы меншігінде болған Үшқоңыр үстіртіндегі жер.

2022 жылы жер телімдері Болат Назарбаевтың «Прайм Капитал» холдингінің құрамына кіретін компанияларға тиесілі болды. Холдингті қазір Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев басқарады.

Жер телімдерінің қашан мемлекетке қайтарылғаны белгісіз. Бұл туралы көпшілікке жария етілмеді. Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания Азаттыққа берген жауабында қайтарылған жерлердің бұрынғы иесі туралы ақпарат «құпия» сақталатынын айтты.

«Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға және Қаржы министрлігінің активтерді басқару қағидаларына сәйкес компания қайтарылған мүлік иесінің жеке деректерінің құпиялығын сақтайды», - делінген жазбаша жауапта.

Шамалған ауылдық округімен шектесетін Үшқоңыр үстіртінде Назарбаевтар отбасының жеке меншігіндегі және уақытша пайдалануындағы басқа да шағын жер телімдері болды. Кадастрлық мәліметтер базасына сәйкес, бұл жылжымайтын мүлік нысандары да мемлекет меншігіне жартылай өткен. Олардың ең ірісін (кадастрлық нөмірі: 030471635684) «Өнеркәсіптік активтерді басқару компаниясы» 20 ақпанда 127 миллион теңгеге саудаға шығарды. Учаскенің ауданы 142 гектардан асады.

Сарай мен басқа да ғимараттар орналасқан Үшқоңыр үстіртіндегі шағын аумақ бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігінде қалды. Бұрынғы президент бұл мүлікке өзінің «Байтау» қорына кіретін «Smart Investments» ЖШС арқылы иелік етеді.

Тегтер: