Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Назарбаевтың банкі бір жылда 59 млрд теңге пайда тапты

Назарбаев
Фото: ztb.kz

2021 жылы Назарбаев қорының бақылауына өткен Ресейдің Азия-Тынық мұхиты банкі (AТБ) былтырғы қаржылық нәтижелері туралы есеп берді.

 Ресей Орталық банкінің сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, АТБ өткен жылы 11,3 миллиард рубльден астам таза пайда тапқан. Қазіргі бағаммен еліміздің валютасына айырбастасақ, бұл сома 59,2 млрд теңгеден асады. 

Аталған банкті Ресей Орталық банкі 2021 жылы аукционға қойды. Сол кезде АТБ-ны Назарбаев 14 млрд теңгеге сатып алды. Сатып алушы Назарбаев қорына және Қазақстан Республикасының бұрынғы президентіне қатысы бар басқа құрылымдарға тиесілі Pioneer Capital Invest ЖШС болды. АТБ банкінің негізгі табысы берілген несиелер бойынша сыйақы есептеулерінен тұрады. Пайыздық кірістің жалпы сомасы 31,2 млрд рубльге (162,8 млрд теңге) жетті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында банк 4,8 миллиард рубль (25 миллиард теңге) таза пайда тапқан, бұл көрсеткішін жыл соңына дейін 11,38 миллиард рубльге дейін өсірген. 2023 жылдың жазында АТБ банкінің басқарма төрағасы ауысты. Қазақстандық банкир Мұрат Жәукеновтің орнына қаржыгер Мигель Маркарянц тағайындалды. Жәукенов тұсында банк өзінің пайдасын едәуір арттырды, Маркарянц бұл үрдісті жалғастырып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Азия-Тынық мұхиты банкін сатып алған ақшасын толығымен қайтарды. Оны жылдарға бөліп жазатын болсақ – 2022 жылы банк 325,3 миллион рубль, 2023 жылы – 8,18 млрд рубль, 2024 жылы – 11,38 млрд рубль пайда тапқан. Жалпы сома 19,88 миллиард рубльді құрайды. Осылайша, Назарбаев үш жылда салған ақшасын қайтарып қана қоймай, 5,88 миллиард рубль (шамамен 30 миллиард теңге) таза пайдаға қол жеткізді. Демек, Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльдегі әрбір кездесуінде саяси ғана емес, іскерлік астар да бар сияқты.

Енді АТБ-ға иелік ететін Pioneer Capital Invest компаниясына келейік. Аталған компания 2017 жылы тіркелген. Қаржы және сақтандыру ісімен айналысады. Оның құрылтайшылары, ашық дереккөздердің мәліметтері бойынша, Даму қоры және Әлеуметтік даму қоры (Қазақстанның мемлекеттік аппараты бақылайды) және Назарбаев қоры. Былтырғы қаржысы 5 млрд теңгеден, төлеген салығы 100 млн теңгеден асады. Алайда компанияның қаржысы 2021 жылдары 28 млрд теңгеге дейін жеткен. Осы уақытқа дейін аталған компания мемлекет қазынасына 2 млрд теңгеден аса қаржы аударған.

Назарбаевтың басқа да банктерге иелік ететіні туралы БАҚ беттерінде жазылып жүр. Мысалы, бұған дейін Pioneer Capital Invest Jusan банкіне иелік еткен, қазір ол кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Дегенмен 2020 жылы банктың 70 пайыздан астам акциясын британдық Jusan Technologies компаниясы сатып алды. 2023 жылдың басында Алматы прокуратурасы Jusan Technologies компаниясының үстінен қаладағы аудандық соттардың біріне шағым түсірген. Онда қадағалау органы «Жусан» тобының активтерін бақылауды, Қазақстанның құзырына қайтаруды талап еткен. 2023 жылдың жазында осылайша Есенов Jusan банкының негізгі иесі атанды. Ал 2023 жылдың ортасына дейін Jusan Bank-тың 78,7 пайыз акциясына ие болған британдық Jusan Technologies Қазақстандағы активтерін иелену құқығынан бас тартқаны үшін 127 миллион доллар алды.

Назарбаев қоры бұдан бөлек бірнеше қор мен компанияларға, Kazakhstan Today агенттігіне иелік етеді. Қордың жалғыз құрылтайшысы экс-президенттің өзі саналады. Қаржысы 2020 жылдары 675 млрд теңгеден асқан. Бірақ арадан бір жыл өткесін 56 млрд теңгеге дейін азайып қалған. Былтырғы қаржысы 42 млрд теңгеге жуық. 2024 жылы 800 млн теңгеге жуық салық төлеген.

Айымгүл Мақсұтқызы