Назарбаевтың бажасы «Принц Дастан» және оның бизнестері
Алматыда экс-шенеуніктер, депутат пен кәсіпкерлер, жерді бағалаушыларға қатысты алаяқтық жасады, билігін асыра пайдаланды деген айыппен сотталып жатыр.
Күдіктілер арасында Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов, Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов, қалалық жер қатынастары басқармасының жерді резервке қою бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов, BAB Assessment ЖШС бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бакиров, т.б депутаттар мен кәсіпкерлер бар. Бұл сот отырысында Алматы қаласы мәслихатының депутаты Дастан Жантелиевтің де аты аталды.
Өз меншігіндегі жерді мемлекетке қымбатқа сатқан
2021 жылы Алматы билігі қаланы абаттандыру үшін орталықтағы 8 жер телімін қала меншігіне сатып алуға шешім қабылдайды. Соның бірі – Медеу ауданындағы Дастан Жантелиев пен оның жұбайы Ақтоты Есполоваға тиесілі Қазыбек би көшесінде орналасқан 0,1578 га жер телімі болған. Хабарларға қарағанда, Алматы қаласы мәслихатының депутаты қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ардақ Самамбетовпен таныс болғандықтан, жерінің құнын төмендетпей алуды сұраған. Ол келіскен. Бағалаушы Алмазхан Бәкіров шенеуніктердің өтініші бойынша депутаттың жер телімін 2021 жылдың қазан айында 473 миллион теңгеге бағалаған. Ал негізінде бұл жердің сол кездегі нарықтық құны 379 млн теңге еді. Осылайша, қала билігі халық қалаулысына 93 млн теңге артық төлеген. Тергеу Алматы қаласының депутаты Дастан Жантелиев қалалық жер қатынастары бөліміндегі таныстары арқылы мемлекетке өз меншігіндегі жерді анағұрлым жоғары бағаға сатқан деп есептейді.
Экс-шенеуніктер өздеріне тағылған кінәні, атап айтқанда, 93 миллион теңге жымқырды деген айыпты мойындамады. Бағалаушы Алмазхан Бәкіров болса тергеушілерге жер телімдерінің құнын көтерудің схемасын әшкерелеп, кінәсін мойындаған.
3,5 млрд-тың базарын 150 млн теңгеге сатып алған
Дастан Жантелиевтің басы дауға қалып тұрған бұл бір жағдай емес. Оны аты Барахолкадағы «Еуразия» базарына қатысты да айтылады. «Еуразия» сауда үйінің бұрынғы басшысы Игорь Овсянников 67 саудагерден 4,5 миллион доллар жинап, базарды 2022 жылдың 5 қазанында Just oil ЖШС-на сатып жіберген. Сол жылдың желтоқсан айында базарды аталған компания Дастан Жантелиевке 150 млн теңгеге сатқан. Ал 14 желтоқсанда Жантелиев базар мен жер телімінің құқығын Eurasian LTD компаниясына өткізген. Келісім бойынша базар ғимараты 3,5 миллиард теңгеге бағаланған, бұл сатып алу бағасынан бірнеше есе көп. Содан кейін «Еуразия» сауда орталығының алданған кәсіпкерлері барлық сатып алу-сатуды жарамсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген. Себебі олардың сөзінше, базарды сату мен сатып алуда алаяқтық схемасы жасалған. Бір қызығы, Eurasian LTD компаниясы базар құқығын оның меншігіне өткізерден бір күн бұрын, яғни сол жылдың 13 желтоқсанында құрылған. Ол кезде компания құрылтайшысы тек Дастан Жантелиев болған. Кейіннен құрылтай құрамынан шығып, оның орнына қайтадан үш адам кірген. Оның бірі – БАҚ-тағы хабарларға қарағанда Жантелиевтің досы Досбол Жылқыбаев. Ол да кәсіпкер. Жылқыбаев Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болған. AMANAT партиясының мүшесі. Бірнеше компаниясы бар. Қазіргі күнде бұл компанияның құрылтай құрамында Досбол Жылқыбаев жоқ, басқа мүшелері де шығып кеткен. Дастан Жантелиев қайта өзі мүше болған.
Компанияның қаржы айналымы, төлеген салығы туралы мәліметтер кездеспейді. Қазіргі күнде базарға қатысты дау бітпеген. Биыл шілде айында да «Еуразия» сауда үйінің саудагерлері наразылық білдірді. Базар иесі саудагерлердің сауда орнын жауып, жарығын үзіп тастаған. Базар заңгері Жантелиевтің бұл жерді заңды түрде сатып алғанын айтқан. Ал Игорь Овсянниковтің қайда екені белгісіз, оған халықаралық іздеу жарияланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА ҚЫЗДЫҢ ӘЛЕГІ
Қысқасын айтқанда, бұл базар да Назарбаевтарға қатысы бар адамның қолында болып тұр. Бұған дейін Барахолкадағы «Кенжехан» сауда үйінің Назарбаевтарға тиесілі екенін жазған едік. Базардағы даудан кейін Әнипа Назарбаеваның одан қалай ресми бас тартқанын, бірақ базарды бәрібір тасадан басқарып отырғанын саудагерлер «Жас Алаш» тілшісіне айтып берген еді. «Еуразия» базарының да жағдайы дәл солай. Себебі жоғарыда жазғанымыздай, Назарбаевтың бажасы – Дастан Жантелиев.
«Принц Дастан» деген кім?
Иә, сіз қате оқыған жоқсыз. Жантелиев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған бажасы. Ол экс-президенттің тоқалы Әсел Исабаеваның сіңлісіне үйленген. Соның арқасында ма, басқа себебі бар ма, әйтеуір Дастан Жантелиевтің «узкий кругта» «Принц Дастан» деген де лақап аты бар. Депутат былтыр Әсел Исабаева шынымен де әйелінің сіңлісі екенін, бірақ өмірінде көрмегенін айтқан. Оның айтуынша, бизнестегі табысты жолында қайын әпкесінің көмегі болмаған.
Жантелиев қазіргі күнде Алматы қаласы мәслихатының депутаты. Швейцарияда «Бизнес-әкімшілендіру» мамандығы бойынша білім алған. 2009 жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарында Алматы, Алматы облысы, Астанада басшылық қызметтер атқарған. 2021-2022 жылдары «Қазавтожол» ЖШС бас директоры болған. AMANAT партиясының мүшесі.
Дастан Жантелиевтің компаниялары
Енді Жантелиевтің бизнестеріне тоқталып өтейік. Алматы қаласы депутатының атында ресми 9 компания тіркелген. Олардың қандай компания, қаржы айналымы, төлеген салығы, мемлекеттен алған тендерлері туралы кеңінен баяндап берейік.
Dial Edinburgh ЖШС
Алматы қаласында 2023 жылы, 22 маусымда тіркелген. Директоры – Тұрсынәлі Байжұма. Құрылтайшылары – Дастан Жантелиев, Юй Кунь, Нұржан Әсен, Олжас Сәрсен. Мекенжайы – Алматы қаласы, Наурызбай батыр көшесі, 3.
Компания жеке қызмет көрсету түрімен айналысады. Кәсіпорын ашылғанына бір жылдан енді асса да табысты қызмет көрсетіп келеді. Былтырғы қаржы айналымы – 1 202 368 421 теңге. Төлеген салығы – 23 млн-ға жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.
Bastau Development ЖШС
Алматы қаласында 2016 жылы, 28 желтоқсанда тіркелген. Директоры – Батырбек Ермекбаев. Құрылтай мүшесі – Дастан Жантелиев.
Бұл компанияның кейінгі жылдардағы қаржы айналымы туралы мәлімет жоқ. Тек 2020 жылы қаржысы 69 598 473 теңге болған, сол жылы 1,5 млн-ға жуық салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары да кездеспейді. Мекенжайы – Алматы, Керуентау көшесі, 11.
BREY ЖШС
Алматы қаласында 2020 жылы, 27 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Шериязданов Шыңғыс. Құрылтай мүшесі екеу, оның бірі – Дастан Жантелиев. Компания негізінен шаштараз және сұлулық салондарында қызмет көрсетумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы 43 млн теңгеге жуық, төлеген салығы 877 мың теңге. Мекенжайы – Алматы, Луганский көшесі, 19.
Almaty Qaz Agro ЖШС
Алматы қаласында 2019 жылы, 1 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Олжас Ысқақов. Құрылтайшылары – Олжас Ысқақов пен Дастан Жантелиев. Бұл компанияның кейінгі жылдардағы қаржы айналымы мардымсыз. Былтырғы қаржысы 101 577 теңге деп көрсетілген. Мекенжайы – Алматы облысы, Алатау қаласы, Жампеисов көшесі, 204.
Бұдан бөлек, Жантелиев 2024 жылы құрылған DIVI ЖШС, бөлшек саудамен айналысатын QazaqStroyProduction, бағалы және сирек металдарды өндіретін ArSher дейтін компаниялардың құрылтай мүшесі. Бұл кәсіпорындардың барлығы 2022-2024 жылдар аралығында құрылған. Ешқайсысының қаржы айналымына қатысты мәлімет жоқ.
Сонымен бірге Дастан Жантелиев америкалық жазушы Герберттің шығармасындағы планетамен аттас ARRAKIS деп аталатын компанияның да құрылтай мүшесі. Оның немен айналысатыны туралы нақты мәлімет жоқ, бұл ЖШС-ның да қаржы айналымы, төлеген салығы туралы мәлімет кездеспейді.
Депутаттың тағы да қандай компанияларға қатысы бар?
Депутаттың былтырдан бастап «Жеті мұра» ЖШС директоры екені белгілі. Бірақ қазір аталған компанияның директоры Дастан Жантелиевтің ағасы Қалдыбек Жантелиев. Құрылтай мүшелері депутаттың әйелі мен ағасы.
Компания 2011 жылы 14 қаңтарда Алматыда тіркеуден өткен. Мүліктерді жалға алып пайдалану, жалға беру қызмет түрімен айналысады. Мекенжайы – Алматы қаласы, Хан шатыр көшесі, 287.
Кәсіпорынның 2023 жылғы қаржы айналымы 486 млн теңгеге жуық. Былтырғы төлеген салығы 9 млн-нан асады. Компания мемлекеттен тендерлер алып тұрады. 2017 жылдан бері ғылым және жоғары білім министрлігінен 6 келісімшарт орындаған. Оның жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуықтайды.
Депутаттың ағасы Қалдыбек Жантелиевтің атында ресми 5 компания тіркелген. Олар:
1. KTD Group ЖШС;
2. «Жеті Мұра» ЖШС;
3. «Asa-Sapa» ЖШС;
4. MKB group ЖШС;
5. TTC group ЖШС.
Бұл компаниялар ішінде «Жеті Мұрадан» бөлек, тек KTD Group пен MKB group кәсіпорындарының қаржы айналымдары жарты млрд-қа жуық.
P.S. Елімізде шенділердің өзі басқарып отырған салада бизнесі болатыны жасырын емес. Мысалы, қазіргі туризм министрі әйелінің Бурабайда қонақ үйлер желісі бар. Сол сияқты жаңадан облыс орталығы құрылса, оған сайланған әкімнің туыстары бірнеше құрылыс компаниясын ашып алады. «Түйенің танитыны жантақ» демекші, Дастан Жантелиевтің бизнестері де жерге қатысты болып тұр. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, ол бірнеше жыл жерге қатысты комитетте лауазымды қызметтер атқарған. «Жас Алаш» тілшісі депутаттың өзіне жер сату мәселесі бойынша хабарласты. Бірақ оның орнына аты-жөнін айтпаған көмекшісі сөйлесті. Ол бізге қайта хабарласып, бір жауабын айтамын деген еді, кейіннен хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтермеді. Қазір бұл сот отырысы аяқталмады. Негізгі сот отырысы 4 қыркүйекте өтеді. Өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып жатқан бір Алмасхан Ахмеджановтың өзі мемлекет бюджетіне 500 млн теңге шығын келтіргені айтылып жатыр.
Тұрсынбек БАШАР