Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания мемлекетке 90,3 млрд теңге қарыз
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Group of the Companies TDA компаниясының 1 қазанға дейінгі негізгі қарызы 52,9 млрд теңге, ал қалғаны — өсімпұл.
Бұған дейін аталған компанияны Қытайдан тауарды контрабандалық жолмен алып келді деп айыптаған болатын.
Компания Шамалған ауылында тіркелген. Оның иелері – Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қарындасы Анипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев.
Еске салайық, алғаш рет Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компания заңсыздықпен айналысқаны туралы мәлімет 2022 жылы шықты. 2023 жылы қаржылық мониторинг агенттігі Group of the Companies TDA атты компанияға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі GROUP OF THE COMPANIES TDA Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. 2022 жылы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты прокуратура заң бұзуды анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Соның ішінде осы компанияның жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 млн теңгенің тауары шыққан. Кейіннен заңсыз тауар айналымы 585 млн теңгеге жеткен. Осылайша компания басшысы Әли Қылышбаев тұтқындалған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БОЛҒАН-БОЛМАҒАН БИЗНЕСТЕРІ
Назарбаевтар неге жауапқа тартылмайды?
Бір қызығы, өзіне тиесілі компанияның қызметкерлері мен құрылтай мүшесі сотталып жатқанда экс-президенттің қарындасы жауапқа да тартылмаған, тергеуге де шақырылмаған. Айыптау құжаттарында көрсетілгендей, Group of the Companies TDA директоры Әли Қылышпаев Әнипа Назарбаеваның сенімхаты арқылы «ТДА Плюс К» және «ТДА Транзит Плюс» атты бірнеше фирманы рәсімдеген. Тергеу бұл компаниялардың шын мәнінде жұмыс істемегенін анықтаған: штат та, мүлік те, қойма да болмаған, тауар жеткізілмеген, қызмет көрсетілмеген. Бар қызметі – серіктес кәсіпорындарға жалған шот-фактура жазу болған. Сот үкімінде оның жауап алынған-алынбағаны жайлы еш мәлімет жазылмаған.
Әнипа Назарбаеваның түрлі ірі бизнес нысандарына қатысы бары белгілі. Мәселен, Алматыдағы «Кенжехан» базарының құрылтайшыларының бірі екені, жеке күзет фирмасы, жекеменшік мектебі, т.б. кәсіптері болғаны туралы деректер бар. Бұл Әнипа Назарбаеваға қатысты бірінші рет болып тұрған дау емес. Оның бұған дейін Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір мүліктерінен айырылғаны туралы отандық БАҚ бірнеше рет жазды. Алматыдағы «Кенжехан» базарында саудагерлер мен басшылық арасындағы жанжал бұдан екі жыл бұрын қатты ушықты. Саудагерлердің айтуынша, олар 2015 жылы әр контейнерді 10–12 мың долларға сатып алғанымен, келісімшарттар жыл сайын өзгеріп, орындар жалға берілетін жүйеге айналған. 2022 жылы иесі ауысқан соң, жаңа басшылық (Сергей Ким) әр контейнер үшін 5–7,3 млн теңге қосымша ақы талап еткен, төлемегендердің контейнері жабылып, базардан қуылған. Саудагерлер бұл әрекеттердің артында базардың бұрынғы иесі Әнипа Назарбаева мен оның туыстары тұрғанын мәлімдеді. Базардағы қысым, келісімшартты жиі өзгерту, орындарды қайта сату және жалдау ақысын көтеру фактілері айтылып, саудагерлер парламентке, үкіметке арызданғанымен, нәтиже болмады. Сол кезде де «Жас Алаш» базарға арнайы барып, даудың мән-жайын жазған еді. Бұдан бөлек, саудагерлер айтатын Сергей Кимнің кім екені туралы да көлемді зерттеу жарияладық.