Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Назарбаевтың жиені Аустриядағы Ironman жарысына қатысқаны туралы фильм түсірді

Әлиев
Фото: скриншот

Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев YouTube желісіне Аустриядағы Ironman жарысына қатысқанын баяндайтын деректі фильмін жариялады. 

Фильмде ол дайындық барысын, триатлон қауымдастығының өмірін, жарыстың қалай өткенін әңгімелейді.

Фильм шетелдік топпен түсірілген. Негізгі назар – Нұрәлі Әлиевтің өзінде. Ол 15 жыл бұрын досы сыйлаған велосипедтен бастап, алғашқы жартылай марафондардағы қиындықтары мен триатлонға келу жолын еске алады.

«Триатлон мен үшін рухани тәжірибе іспетті. Сен әлемнен қол үзіп, өз ойыңмен жалғыз қаласың. Сонда дененің – биологиялық машина екенін түсінесің. Мақсат қойсаң, оған жетуге болады», – дейді Назарбаевтың жиені.

Фильмде ол менталды денсаулық, тәжірибелер және өмірдегі басты мақсат – бақыт туралы ой қозғайды. Кадрларда оның ұлы Әнуар да спортпен шұғылданып жүргенін көруге болады. 

Тағы бір айта кетерлігі, Әлиев – өзіндік жолын тапқан «селфмейд» адам, тіпті еуропалық үлгідегі азамат ретінде көрсетілген. Бірақ қоғамда оған деген көзқарас басқаша. «Транстелекомды» сатқаннан кейінгі байлығы $300 млн-нан асқан Әлиев қазір елдегі ең бай 30 адамның қатарында. Активтері Қазақстанда да, шетелде де бар. Ол ұлдарымен Еуропаны аралап, жарыстарға қатысып жүр. Бірақ Нұрәлінің кез келген жария қадамы халық арасында хейтке ұшырайды.