Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

Назарбаевтың Үшқоңыр резиденциясы жиені Нұрәлі Әлиевке өтті

Нұрәли Әлиев
Фото: Жас алаш коллаж

Алматы облысындағы Ушқоңыр платосында орналасқан, ел ішінде «Назарбаевтың сарайы» атанып кеткен сән-салтанатты резиденцияның меншік иесі тағы да ауысты. Алайда бұл жолғы өзгеріс әулет шеңберінен шыққан жоқ. Бұрын экс-президентке жақын қорлар мен туыстардың атына рәсімделіп келген жылжымайтын мүлік енді оның немересі – Нұрәлі Әлиев бақылауындағы компанияға өтті.

Бұл туралы Азаттық Радиосы жариялаған зерттеуде айтылған.

Мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының дерегіне сәйкес, резиденцияның қазіргі иесі – Service Engineering Group атты компания. Құжат жүзінде бұл фирма автоматтандырылған басқару жүйелерімен айналысатын технологиялық ұйым ретінде тіркелген. Алайда қала сыртындағы, ұлттық паркке іргелес жатқан алып сарайдың мұндай компанияға не үшін қажет екені ашық айтылмайды.

Резиденция 2014 жылы салынған, ал 2016 жылы ресми түрде тіркелген. Сол кезеңде оған асфальт жол тартылып, газ бен электр желісі жеткізілген. Алғашқы жылдары нысан Қайрат Сатыбалдыға жазылған. Кейін, 2022 жылы, Сатыбалды қамауда отырған тұста бұл мүлік ағасына – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарайтын қорға сыйға тартылған.

2023 жылдың сәуірінде резиденция «Елбасы» қорының меншігіне өтті. Бұл кезеңде Сатыбалдыға қатысты бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатқан болатын. Дегенмен, антикоррупциялық органдар сол кезде мүліктің берілу заңдылығына қатысты нақты жауап берген жоқ. Кейінірек сарай Назарбаевқа жақын өзге де қорлардың балансына көшкен.

Жиен иелігіндегі компания

2024-2025 жылдары меншік құрылымы тағы өзгеріп, резиденция Нұрәлі Әлиев бақылауындағы Service Engineering Group-тың атына рәсімделді. Бұған дейін компанияның құрылтайшылары қатарында офшорлық және холдингтік құрылымдар болған. Олардың ішінде Нидерландта тіркелген Greatex Capital Holding B.V. де аталады. Forbes Kazakhstan дерегінше, Нұрәлі Әлиев Қазақстандағы активтерін дәл осы холдингтер арқылы басқарып келген.

Нұрәлі Әлиев – Дариха Назарбаеваның ұлы, марқұм Рахат Әлиевтің баласы. Ол әр жылдары «Транстелеком» мен «Нұрбанк» басшылығында қызмет атқарды, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары болған. 2025 жылы Forbes рейтингі бойынша оның байлығы 289 млн доллар деп бағаланып, елдегі ең ауқатты адамдардың алғашқы қырықтығына енген.

Жер мәселесі және қайтарылған активтер

Резиденция орналасқан Ушқоңыр платосы да дау-дамайдан тыс қалған жоқ. Бұған дейін бұл аумақтағы мыңдаған гектар жер Назарбаев әулетіне жақын тұлғалардың иелігінде болған. 2024-2025 жылдары сол аумақтың бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылып, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» балансына берілді. Алайда резиденцияның өзі мен оған тікелей іргелес нысандар әлі де жекеменшік статусын сақтап отыр.